• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Руханият 11 Маусым, 2020

Асыл адам айнымас

699 рет
көрсетілді

Менің Дидахмет аға туралы естелік жазуға талайға дейін қолым бармады... Өйткені, осынау қызылды-жасылды дүниеден жаны жомарт, айтқан сөзінен айнымас, ұлтына да, ұлына да керек, жазғаны бір бөлек, жалыны бір бөлек, қазанда қайнамайтын жазушының бақилыққа асығыс кете бергеніне көп уақыт көне алмай жүрдім.

Өзім туған Еңбек ауылындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беріп жүргенмін. Бір күні ауылға Алматыдан бір топ ақын-жазушы жұртпен кездесуге келе қалды. Арасында көзіңе оттай басылатын, елден ала сүйкімді көрінетін Дидахмет ағам бар. Менің Алматыдан біреулер келсе, "қылмыс жасағандай" қашып жүретін кезім. Қонақтар тапайдың тал түсінде мектепке жетіп келген соң "ұсталып" қалсам керек, ол кісілермен сыпайы амандасып тұрып қалдым. Мені ауылдан көргеніне таңғалысын жасырмаған Дидағам: "Алматы таныған ақын едің, неге кетіп қалдың?" деді жұлып алғандай. "Жоқ, мені Алматы тани қойған жоқ еді" деп, ақталмақ боп едім: "Сені әдеби орта бағалады, Бақытжан, Алматы таныды деген сол..." деп кесіп айтты. Осы сөз көкейіме ұя салды. Үміт шырпысын жақты. Сол оқиғадан соң мектепте маған  аянышпен қарайтын мұғалімдер пайда болды. Соның бірі – биология пәнінің үздік маманы, менің сол кездегі әріптесім, бұрынғы ұстазым – Қатира Сахариева еді. Ол кісі кәдімгідей уайымдап: "Бақытжан-ау, Дидахметтің өзі саған анадай деп айтып кетті, сен ауылда өшіп қаласың ғой. Бірдеме етіп Алматыға барсаңдаршы!" деді.

Біздің Алматыға кетуіміз белгілі, белгісіз себептермен кешеуілдей берді, кешеуілдей берді. Тек 1997 жылы Өскеменге көшіп келдік.

1999 жылы жазушы, сол кезде Президент аппаратында қызмет істеп жүрген Әлібек Асқаровтың бастамасымен Катонқарағайдан шыққан жеті ақынның жыр топтамасы Астанадан  жарық көрді. Кітаптың аты да ерекше: "Ағажай, Алтайдай жер қайда...". Бұл топтама мен үшін сол кездегі жолы кесіліп, өрісін өрт шалған әдеби өмірімнің кенезе кепкен шөлде қайнар судың бастауын тауып алғандай ересен уақиға болды.

Міне, осы жинаққа Дидахмет Әшімханов салиқалы рецензия жазды. Бұл мақала алдымен республикалық газетте, кейін облыстық "Дидар" газетінде жарияланды. Осы мақаласында жазушы: "Арпа  ішінде бір бидай...", катонқарағайлық жеті ақынның ішінде Бақытжан Раисова өлеңдерінің шоқтығы биік" деген сөздер бар еді. Мақаланың әсері күшті болғаны соншалық, кеш қараңғысында жұмыстан үйге келе жатып, шабыт қысып былай деп күбірлегенім есімде:

Бір жұлдыз маған қарайды көзін алмайды,

Жұлдызға жеткен сезімді сезіне алмайды...

Яғни, сол сәтте менің де бір жұлдызды сәтім қылаң бергенін сезінгенім болар...

Міне, адамның бір-біріне жасаған жақсылығы, тигізген шарапаты осылайша, ешқайда да жоғалып кетпей, құс жолындай тізіліп, тізбектеліп тұра береді екен.

2006 жылы маған сол кездегі  Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы, белгілі жазушы Серік Байхонов екі кітабымның бар екенін, Жазушылар одағына мүшелікке өтініш беруіме болатынын айтты. Ұзамай, ол кісі өтінішті Алматыға алып кетті. Осыдан кейін бірер жыл өтті, Жазушылар одағынан тырс еткен хабар жоқ. Бір күні Байхонов маған телефон соғып, сүйінші сұрады: "Бақытжан, сен өттің одаққа!". Сөйтсек, Серік ағамыздың өзі де алданып қалған екен. "Облыстан бір әйел өтті" дегенге, мен екен деп ойлаған ғой. Одаққа мүше боп сайланған әйел мен емес, Семейдегі бір журналист боп шықты.

Жылдар өтті, менің үшінші, төртінші кітабым жарық көрді. Сол "Ай патшалығы" атты төртінші жыр жинағымды Дидахмет аға "Орхон" баспасынан шығарды. Кітапқа өзі редакторлық етіп, зерделей қараған да өзі болды. Менімен сөйлескенде, "Расында, өлеңдеріңде мін жоқ, талантты ақынсың, Бақытжан, жарайсың. Тек бір өтінішім, сызықшалардың орнына дефистер кетіп қапты, соларды жөндей ғой, айналайын, жарай ма?" дегені есімде.

Осы кітап өндіріс үстінде жатқанда, мен жазушылардың қатарына ендім. Ол да Дидахмет ағамыздың бір ауыз сөзінің арқасында. "Раисова Бақытжан әдебиетке 80 жылдары келген, оны баяғыда-ақ қатарымызға алуымыз керек еді" деген екен комиссия отырысында. Мені отырғандардың бәрі бірауыздан қолдаған екен. Оны Дидағамның өзі айтты. "Енді ше деп ойлаймын мен, менен бір жол өлең оқитын мүмкіндіктері болмаса да, Дидахмет ағаның адалдығы мен  шыншылдығына сенген ғой".

"Ай патшалығына" алғы сөзінде Дидахмет  Әшімханов мынадай пікір-лебізін қалдырған: "Өлең өлкесіне сонау 80 жылдары қанат қаққан Бақытжан Раисова өзінің сыршылдығымен, ойшылдығымен, тек өзіне ғана тән жазу мәнерімен көпке бірден танылған ақын. Бұл жағынан Бақытжан өнердегі балаңдықты, қалам ұштау мен қалыптасуды ұзақ тәжірибе етпеген талант. Бір сөзбен айтқанда, ол үйреніп ақын болмаған, о баста ақын боп туған үлкен дарын иесі. Бұған оның сол баяғы жылдары ақ қағаз бетіне түскен ең алғашқы өлеңдерінің өзі-ақ дәлел".

Кейін Дидахмет ағамызды жоғалтып алған өкінішті кезеңде жарияланым беттерінде  қаптап кеткен естеліктердің бәрінен де жазушының жастарға көп қамқорлық жасап, жақсы сөзімен демеу болғанын оқып отырып, "жақсының аты өлмейтініне" сан мәрте көз жеткізгенмін.   

Өзгенің есіктегі басын төрге оздыратын әулие жан жомарттығы көзге көрініп тұратын Дидахмет аға өзіне келгенде, көп адамнан қарапайым еді.

Ертеректе Катонқарағайда болған бір үлкен жиында мен ол кісінің бір оқыс мінезін байқадым. Үстінде көгілдір кастюмы, қашанғы кербез сәнді қалпында екен. Жұрт жамырасып орнығып жатқан. Дидахмет аға алдыңғы қатарда отырған Алматыдан келген жазушы, журналистерден оқшау, қалың көрерменнің ортасына барып отырып алды. Жүгіріп жүрген ұйымдастырушылар  қайта-қайта жазушының жанына кеп, "өз орнына" баруын сұрап еді,  Дидағам көне қоймады.

Көзінің тірісінде ауылға барып, ат шаптырып, той жасап, "Мен мынадай жазушы едім" деп мерейленбеді. Мұның бәрі елге сыйлы, жазуы ерек қаламгердің өзіне ғана тән көркем мінезінен болатын.

Біз, әдетте, жоғары, көтерме сөздерге кұмармыз. Алайда сол көпірме сөздердің жылдар керуенімен жоғалатыны көп болады. Жазуымен де, жанымен де адамдардың жүрегінде қалу – Дидахмет Әшімханұлының маңдайына жазылса керек. Өз басым Дидағамды басым жерге жеткенше иіліп, құрмет тұтамын.

 

Бақытжан РАИСОВА,

ақын-ұстаз.

ӨСКЕМЕН