• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Қоғам 11 Маусым, 2020

Алматыда жүрегінде ісігі бар пациентке күрделі ота жасалды

304 рет
көрсетілді

Алматыдағы Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ кардиохирургтары жүрекішілік үлкен ісігі бар жүкті пациентке кесарь тілігі жасалғаннан кейін,  15-ші тәулікте жүректің қатерсіз ісігі – сол жақ жүрекше миксомасын алу отасын сәтті жасап шықты, - деп хабарлайды Egemen.kz.

1992 жылы туған пациент кардиологтың есебінде тұрмаған, ауыратындығы туралы да білмеген. Өз дертін алғаш рет 2020 жылғы мамырда жүктілік кезінде эхокардиография жасалып, сол жақ жүрекшеден сол жақ қарыншаға ауысқан "алып" миксома анықталғанда ғана білген.

Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Жасанды қанайналым зертханасы және операция блогы бар кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Рүстем Төлеутаев консультация бергенде өмірлік көрсеткіштері бойынша кесарь тілігін жасау арқылы мерзімінен бұрын жедел босандырып, әрі қарай оперативтік емдеу ұсынылды. Босанғаннан кейін пациент Кардиология және ішкі аурулар институтына жедел емдеуге жіберілді.

КІА ҒЗИ Басқарма төрайымы Роза Қуанышбекова мен құрамына клиниканың жетекші мамандары кіретін "HEART Team" командасы өмірлік көрсеткіштері бойынша сол жақ жүрекше миксомасын алып тастау мақсатында оперативтік емдеуді жасауды ұсынды.

Митралдық қақпақша мен өкпе тамырларының алып миксомамен, эмбологендік асқынулармен бітелу қаупінен басқа, тромбоэмболия және кесарь тілігінен кейінгі қан кету қаупі болған. Үлкен көлемдегі (6,5х6,0см) миксоманың әдеттен тыс орналасуы ота барысын күрделендіріп жіберді, алайда кардиохирургиялық операция жасау бригадасының шеберлігімен тәжірибесі арқасында операция сәтті аяқталды.

Бүгінгі таңда пациенттің жай-күйі тұрақты, оны стационардан шығару жоспарланып отыр.

Жүректің барлық алғашқы (жүрек тіндерінен туындайтын) ісіктерінің жартысы миксомаларға жатады. Барлық миксомалардың төрттен үш бөлігі өкпеден  оттегімен қаныққан қанды қабылдайтын жүрек камерасында, сол жақ жүрекшеде өршиді. Миксомалар негізінен 40 жастан 60 жасқа дейінгі әйелдерде дамиды. Миксоманың кейбір сирек кездесетін түрлері отбасылық сипатта болады.

Бұл ауру пациенттің өміріне қауіп төндіреді, себебі миксоманың кішкене кесегі немесе оның бетінде жиналатын ұйынды қан бөлініп кетіп (эмболия), қан ағымымен басқа ағзаларға жылжып, сол жерде орналасқан артерияларды бітеуі мүмкін.