• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Маусым, 2020

Жамбыл облысында еңбек қатынастары қалай қалыптасқан?

556 рет
көрсетілді

Жамбыл облысының әкімдігінде бүгінде өңірдегі еңбек қатынастарының қалай қалыптасып отырғандығы жөнінде мәселе қаралды. Облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Қайрат Досаевтың айтуынша, осы кезеңде 3262 жұмыскер ақысыз, 10904 жұмыскер ақылы еңбек демалысына жіберілген екен. Өңірдегі эпидемиологиялық жағдай әлі толық тұрақтанбағандықтан, 10904 адам қашықтықтан, 4109 адам толық емес жұмыс режімінде еңбек етуге мәжбүр болып отыр. Бұл ретте Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев дәл қазіргі шақта еңбеккер құқығының қорғалуы қатаң қадағалауда болуы тиіс екенін айтты, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Қайрат Досаевтың айтуынша, бүгінде облыста еңбеккерлердің жұмыстан қысқартылуына, құқықтарының бұзылуына жол бермеу үшін әкімдіктер мен кәсіпорындар арасында өндірістік процестерді тұрақтандыру мәселелері бойынша 8274 меморандум қабылданған екен. Бұл көрсеткіш тіркеліп, жұмысын жүргізіп жатқан заңды тұлғалардың 90,1 процентін құрайды. Бұл ретте Бердібек Сапарбаев кәсіпорындар мен мекемелерде ұжымдық шарттар мен үшжақты меморандумдардың жасалуына және оның орындалуына баса мән беріп отыр. Бүгінде бұл бағытта жұмыстар жанданып, электронды еңбек шарттарын жасауға көшу туралы талаптар да қойылып отыр. "Ұжымдық шарт – жұмысшылардың құқығын қорғайтын бірден-бір құжат. Сондықтан еңбек қатынастарын реттейтін үшжақты комиссия, кәсіподақ ұйымы өңірдегі әрбір мекемеде осы шарттың жасалуын қадағалап, соған ықпал етуі тиіс. Біз кәсіпорындарды аралап, басшылардың өз жұмыскерлерінің алдында ұжымдық шарттың орындалуы туралы есебін тыңдау үрдісін тәжірибеге енгізуіміз керек. Міне, сонда еңбеккер өзінің құқығы туралы, ал басшылық тарап ұжыммен жасасқан шарттарды орындау керек екенін білетін болады", деді Бердібек Сапарбаев.

Мәселен, өткен 5 айда облыстағы еңбек ұжымдарында 44 ұжымдық шарт жасалып, оның барлығы да еңбек инспекциясының мониторингінен өткен. Басқарма басшысының айтуынша, өңірімізде тіркеліп, жұмысын жүргізіп жатқан 9252 ұйымның 55,4 пайызында басты еңбек шарты қолданыста екен.

Алайда облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Төлепберген өңірдегі ең ірі өндіріс орны Мойынқұм ауданындағы "Ақбақай" кен орнының осы талапты орындамай отырғанын айтты. Ал, Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев облыс орталығындағы мейрамханаларда негізінен кәсіпкерлік нысанның иесі, администратор және есепшілер ғана жұмысшы ретінде тіркелгендіктен, оны орындату оңайға соқпай тұрғанын жеткізді. Дегенмен, бұл бағытта жұмыстар жалғаса береді.  Мойынқұм ауданының әкімі Мәден Мұсаев аталған кен орнының Алматы облысында тіркелген кәсіпорын екенін, ол өңірде жұмыс істеп тұрған өндіріс орны болғандықтан, салық түсімі облыс қазынасына түсуі үшін бірқатар жұмыстар жүргізілгенін айттты. Алайда аудан әкімі олардың ұжымдық шарт жасау туралы талапты ескермей отырғанына тоқталды. Бердібек Сапарбаев Мойынқұм ауданына келесі жолғы іссапарында аталған кен орнының басшыларымен арнайы кездесетінін жеткізді. Сонымен қатар, облыс аумағында жұмыс істейтін кез-келген өндіріс орны, кәсіпкерлік нысан жергілікті атқарушы органдардың талаптарын орындауы тиіс екенін ескертті.

 

Жамбыл облысы