• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 12 Маусым, 2020

Елеулі қадамдар жасалған жыл

301 рет
көрсетілді

«Күшті Президент, ықпалды Парламент және есеп беретін Үкімет». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел тізгінін ұстаған бір жыл ішінде бұл мәселені басты бағдар ретінде нысанаға алды. Бұл ретте халық пен биліктің жақын болуы, шенеуніктердің ашықтығы, баспасөзге, шерулерге қатысты түрлі кедергілердің алынып тасталуы секілді бірқатар мәселелерді жекелей атауға болады.

Әділдіктің үстемдік құруы, жем­қорлықты жүгендеу, ысырап­шыл­дыққа бой алдырмау, билік басын­дағы азаматтардың елмен етене жақын болуы Президенттің не­­гізгі принциптеріне айналып отыр. Мемлекет өміріндегі ма­ңыз­ды мәселелерді талқыға салып, стра­те­гиялық жобалар­ды са­ра­лауға, осы­ларға қатысты ұсы­­­ныстар мен ұсы­нымдар әзір­­­леуге бағытталған Ұлт­­тық сенім кеңесі құрылды. Мем­ле­кет тағдырына байланысты айқын­далған міндеттер мен бас­та­ма­лар­дың жүйелі жүзеге асуын нақ осы кеңес шеңберінде дамыту қажеттігі баса негізге алынуда. Кеңестің үш бірдей отырысы өтті. Көкейде жүрген біраз дүние қаузалды. Әу баста қоғамда да, сараптамалық орталарда да күмән-күдік көп болды. Кеңес құрамына мүше болып енген азаматтардың көңі­лін­де де секем болғаны рас. Себебі бұған дейін осыған ұқсас фор­маттағы көптеген жиындар кө­ңіл­ден шықпаған-ды. Басы жап-жақсы басталып, соңы құмға сің­ген судай бос әңгіменің айналасынан ұзай алмаған, талай басы бар, аяғы жоқ басқосулар жұртшылықты күмәнді ойға жетелеген еді. Бұл тұрғыда жер туралы комиссия жұмысын, демократия мәселелері бойынша кеңес секілді діттеген ме­же­­сіне жете алмаған бірқатар жоба­ны мысалға келтірсек жеткілікті.

Қалай дегенде де елімізде саяси транзит басталды. Көп­те­ген оң өзгеріс байқалуда. Олай дейтінім, мемлекеттің сая­си тұрақтылығына нұқсан келтіретіндей шиеленісті жағ­дайлар болған жоқ. Меніңше, мұның ең жағымды тұсы осы. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Прези­дент ретінде жасаған мәлім­де­­мелері көпшіліктің ойында жүр­ген нақты проблемалардың тамы­рын тап басқандай көрінді. Микробизнесті салық пен қи­сын­сыз тексерістен босату, мұға­лім­дердің жалақысын екі есеге дейін ұлғайту сынды әлеу­меттік маңызды мәселелердің қам­тылғаны дұрыс-ақ. Және ең бас­тысы, сөз бен істің арасында сабақтастық бар. Ендігі кезекте демократияға қатысты, би­лік­тің халыққа жақын болуы тұр­­ғысында, сайлаулардың әділ өтуі жөнінде, елдің әлеуметтік жағдайын жақ­сар­ту­дың айна­ла­сын­дағы нақты қолға алынған шаралар нәтижесін берсе игі. Шын мәнінде мемлекеттің алдында үлкен міндеттер тұр. Ше­шімін күткен түйіндер де аз емес. Оны оңтайлы реттеу үшін тың талпыныс қажет. Қуантатын мәсе­ле, қазір қоғам оянып келеді. Бел­сен­ділік арта түсті. Наразы топтар өз ойын ашық білдіре бас­та­ды. Ең бастысы, осы мақсат – бағдарларды мәмілемен еңсеру, өркениетті жолмен өзгерту, тұ­рақ­­­тылыққа нұқсан келтірмей алға басу қағи­да­сы көзде­ліп отыр.

Халық пен билік арасындағы мәселелерді жолға қоюға тиіс Қо­ғам­дық кеңес, тәуелсіз баспасөз, тә­уелсіз сот сынды институттарға ха­лықтың сенімін күшейте түсуі қажет. Халық пен билік арасына дәнекер бола алатын, шын мәнінде нақты көпір қызметін атқара алатын тірек керек. Осыны жіті түсінген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жұрт көңіліндегі сенімді қайтаратын алаң ретінде Ұлттық сенім кеңесін құру қадамына барғанын білеміз. Түйіндеп айтқанда Кеңестің мақ­са­ты – қордаланған мәселелерді оң­тай­лы, бейбіт жолмен шешу, жұрт­­шылықты татулық пен ынты­маққа ұйыстыру. Менің баға­лауым­да, Президенттің командасы Ұлттық кеңесті жай популизм үшін немесе әйтеуір жағдайды уақытша қалыпта ұстай тұрайық деген оймен емес, ел дамуына бастайтын нақты стратегиялық қадам ретінде ұстанып отыр.

Байкот жариялап, шет қал­ған­­мен мәселе шешілмейді. «Еш­қан­­дай сенім жоқ, бәрі бекер, тек қана көшеге шығып митинг ар­қы­лы мәселені шешеміз» деу бола­шағы бұлыңғыр қате ұғым. Олай жалғаса берсе, мұның арты жақ­сы­лыққа апармайды. Бүкіл­әлемдік тәжірибеге шолу жаса­сақ, қантөгіс пен революция еш­кім­ді ұшпаққа шығарған жоқ. Аран­датушылар бар, айдап салушылар бар, осылардың сойылын соғып барымыздан айырылып қалмауымыз қажет. Дәл осы ұста­нымдарды назарға ала отырып Кеңес құрамына мүшелікке ендік. Кеңеске кірген өзім секілді аза­маттардың мақсаты да осы. Мей­лін­ше осы Кеңестің құрамында жүріп ел тағдырына қатысты мәселелерге тит­тей де болса өз септігімізді ти­гі­зу. Негізгі ұс­та­ным – «жоқтан бар жақ­сы». Билік елдегі проблема­лард­ы өркениетті жолмен шешуге мүмкіндік тудыратын осындай алаң ұсынар болса, неге оны тиімді пайдаланбасқа. Биылғы 27 мамыр күні Кеңестің үшінші оты­рысы өтті. Ашық әңгіме, жақсы тал­қы болды. Мейлінше ма­ңызды мә­селелер көтеріліп, ұсы­ныс­тар ай­тылды. Әрине Ұлттық сенім ке­ңесі Парламент сияқты заң қа­был­­дайтын, иә болмаса Үкі­мет мү­шелерін шақырып алып сұ­­рақ қоятын өкілеттілікке ие емес. Дегенмен Мемлекет басшы­сы бастап, қалың жұртшылық қос­­тап отырған құрылымның бола­ша­ғынан мол үміт күтуге болады деп сенемін.

Қоғам дамуын қалыптастыру, яғни әлі де ақсап жатқан сала­лар­ды аяққа тұрғызу үшін Президент кейбір салаларға түбегейлі реформа қажеттігін, бұл ретте аза­мат­тық қоғам­ның пікір-тілегі, ұсы­ны­сы мін­детті түрде ескерілуі кере­к­тігін айтып жүр.

Қай саланы алып қарасақ та шешімін күткен мәселе табылады. Ауыл шаруашылығы, өндіріс, әл­еуметтік, бюджеттік, мәдениет, бі­лім беру, денсаулық сақтау сынды негізгі салалардың бәріне тың сер­пі­ліс қажет. Тұрақтылықтың азаюы, наразылықтың көбеюі, шы­­ғынға бату, кәсіпорындардың жа­­былуы, қылмыс деңгейінің артуы қоғам дамуын тежейді. Со­лар­дың ішіндегі ең келелісі саяси реформа. Нағыз реформа жасайтын, қоғамды алға жетелейтін, өмірді өзгертетін ол – жастар. Бұл табиғаттың заңдылығы. Көп­теген ел жастардың осы қа­сие­тін жақсы бағалап, олардың әле­уе­тін ел дамуына тиімді пайдаланады. Әлемдік тәжірибеде өзінің жастарына жағдай жасаған мемлекеттер түбі кемелденеді. Жастарына білім беретін, бәсекелестікке жете­лей­тін, жұ­мыс орнымен қамтитын елдер тарихта кейін қалып көрген емес. Мемлекет басшысының баста­­ма­сымен жүзеге асқан Прези­дент­­тік жас­тар кадрлық резерві жас­та­ры­мыз­дың өз әлеуетін көр­сет­уі үшін зор мүмкіндік тудырып отыр. Ең алдымен жастарға әлеу­меттік жағдай жасалуы керек. Статистикаға үңілсек, өзінің болашағын шет мемлекеттермен байланыстыратын жастардың дені артқан. Олардың басым көпшілігі қатарынан дараланып шыққан ең білікті жастар. Мәселен, Пар­ла­­ментті, министрлер корпусын алып қарасақ, ондағы жастардың үлес салмағы аз. Қабілетті, ақылды, тәжірибелі жастар жетерлік. Оларға сенім арту керек. Меніңше, біз сөз еткен «Президенттік жастар кадр­лық резерві» жобасы осы олқы­лық­тың орнын толтыруға бағыт­тал­ған.

Бүкіл әлемді әбігерге салған коронавирус пандемиясы бізді де айналып өткен жоқ. Аты жаман кеселдің, әсіресе ел экономи­ка­сы­на тигізген соққысы жойқын. Дер кезінде жасалған оңтайлы ше­шімдер бізді індеттің бұдан да қатты қарқын алуынан құт­қар­ды. Әлем экономикасын үлкен дағдарыстар күтіп тұрғаны бар­шаға аян. Президентіміздің осы бағыттағы ұстанымдарын қолдап, бірлік танытсақ, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарсақ» бұл қиындықтарды да еңсерерміз. Мемлекеттің жарқын болашағы әр кеудені маздатқан алаулы арман. Сол арманды іске асыру – баршаға ортақ міндет. Игі бетбұрыстар аз емес. Соның бәрі жүйелі жүзеге асса деп тілейміз.

 

Расул ЖҰМАЛЫ,

қоғам қайраткері, саясаттанушы