Алматыда MTK Global компаниясының ұйымдастыруымен кәсіпқой бокс кеші өтеді деп жоспарлануда. Бұл жарыс ESPN+ және IFL TV арналары арқылы күллі әлемге көрсетіледі, - деп хабарлайды Egemen.kz.
Қазіргі кезде жанкүйерлер Тұрсынбай Құлахмет пен Талғат Шәйкеннің шаршы алаңға шығуын тағатсыздана күтуде. Осыған дейін екеуі де әуесқойлар арасында өздерінің мықтылығын мойындатып үлгерді. 26 жастағы Тұрсынбай былтыр Азия чемпионы атанып, әлем чемпионатында қола медальді иеленді. Оның алдында Сыр бойының сайыпқыраны Дүниежүзілік Универсиадада топ жарды.
Талғат та қара жаяу емес. Жасөспірімдердің Дүниежүзілік ойындарында күміс медальді еншілеп, жастар арасында Азия чемпионы атанған 19 жастағы ақмолалық арлан ересектер дуына да еркін қосылды. Былтыр ол Қазақстан Республикасы Спартакиадасында бас жүлдені олжалап, Нұр-Сұлтанда өткен Президент кубогы жолындағы жарыс пен Будапештегі халықаралық турнирде күміс медальді мойнына ілді. Енді олар кәсіпқой рингтегі өздерінің тұсаукесер кездесулерін өткізбек.
Жоғарыда есімдері аталған қос қыраннан бөлек, Абай Төлеш (5-0, 3 КО), Дәурен Елеусінов (8-0-1, 7 КО), Арман Рысбек (7-0, 6 КО), Берікбай Нұрымбетов (5-0, 1 КО), Нұрдос Төлебай (2-0, 1 КО) және Рай Сейтжанов (2-0) сынды былғары қолғап шеберлері Алматыда өтетін бокс кешінде өнер көрсетеді. Беларусьтің ең үздік бапкері – Андрей Скабелка.