Биылғы маусым айының соңында АҚШ-та өтуі жоспарланған «Үлкен жетілік» (G7) мемлекеттері басшыларының кезекті басқосуы президент Д.Трамптың ұсынысымен коронавирус індетіне байланысты қыркүйек айына дейін шегерілгені белгілі. Коронавирустың кесірінен халықаралық деңгейдегі жиындар мен түрлі шаралар жоспар бойынша жүзеге аспай жатқаны түсінікті жағдай.
Посткоронавирус кезеңі үшін ең маңызды жоғары деңгейдегі басқосу болады деп күтіліп отырған аталған саммитке президент Трамптың әдеттегі дамыған жеті елдің басшысын ғана емес, Аустралия, Үндістан, Оңтүстік Корея және Ресейдің басшыларын да шақырайық деген тосыннан айтылған ұсынысы халықаралық қоғамдастықтың назарын ерекше аудартты. ҚХР-ды қоршап жатқан елдердің басшыларын АҚШ-қа шақырып, халықаралық саяси-дипломатиялық және сауда-экономикалық қарым-қатынастарды қайта қалпына келтіру мәселелерін бірге талқылайық деп отырған Трамптың бұл ұсынысы кімге қарсы бағытталған қадам екені айдай анық. АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы мен коронавируске қатысты сөз салғыласу саяси салқындыққа ұласқаны соншама, тіпті АҚШ әкімшілігі бүгінге дейін әлемдегі ең бірінші саяси қарсыласы болып келген Ресейдің өзін дамыған елдер қатарына қосып, айтпағын тыңдап, ақылдасуға ниет білдіріп отыр. Бірақ батыстық демократиялық әмбебап құндылықтарды бөлісетін басқа елдердің басшыларымен қоса Трамптың Ресей басшысы В.Путинді алдағы саммитке шақыруға қатысты ұсынысына оның басқа әріптестері қарсылық білдірді.
АҚШ президентінің осы ұсынысына байланысты 31 мамырда CNN ақпараттық агенттігі Ресейді саммитке шақыруы Қытайға қарсы саясат аясындағы шара екені, осы арқылы Трамп басқа елдердің басшыларынан қолдау тапқысы келіп отырғаны туралы жариялады. Сол күні New York Times газеті саммитті ұйымдастырушы тарап ретінде АҚШ президенті қай елдің басшысы болсын шақыруға құқылы екенін, ал Ресей ресми түрде қатыспаса да, халықаралық шараға шақырылған мейман мемлекет ретінде бақылаушы болып қатыса алатыны жайында ақпарат таратты.
Алайда қараша айында АҚШ-та өтетін президенттік сайлауға екі ай қалғанда Ресей президенті Путин Вашингтонға сапар жасап жатса, ондай жағдай қайта сайлануға үміттеніп отырған Трамп үшін қаншалықты ұтымды қадам болмақ? Бұл да бір маңызды саяси сұрақ болып отыр. Не дегенмен, алдыңғы сайлауда Трамптың жеңуіне ресейліктер ықпал етті деген әңгіме әлі де жұрттың жадында екені белгілі және сайлау мезгілі жақындаған сайын ондай әңгіменің қайта өршуі, оған Трамптың өзі май құйып алуы әбден мүмкін.
Президент Трамп бүгінгі таңдағы әлемдік деңгейдегі өзекті мәселелердің көбісі дерлік Ресейге келіп тіреліп отырғанын алға тартып, олардың шешу жолдарын осы елмен бірлесе қарастырудың жөн екенін айтып отыр. Бірақ сөз бостандығы мен адам құқығы, заң үстемдігі мен нарықтық экономикалық байланыстар сияқты құндылықтарды бөлісетін демократиялық мемлекеттердің басшылары саммитіне Ресей президентін шақыруға қарсылық білдіріп жатқан елдер де бар. Мәселен, Ұлыбритания мен Канаданың премьер-министрлері ондай ойды қолдамайтындарын әлден-ақ ашық айтып үлгерді.
Аустралия, Үндістан, Оңтүстік Корея басшылары әлемдік элитарлық топтың ортасынан табылу үшін мұндай мүмкіндікті пайдаланып қалуға барын салатыны белгілі. Ал Мәскеу үшін бұл шақыруды қабыл алу оңайға түспей отыр. 2014 жылы халықаралық қоғамдастықтың қарсылығына қарамай Қырымды қосып алғаннан кейін «Үлкен сегіздік» (G8) қатарынан шығып қалған ел үшін алдағы саммитке қатысу әлемнің озық елдерімен қатынастарды қайта жандандыруға мүмкіндік берер болса, В.Путиннің өзі соңғы кезде қоғамдағы төмендеп кеткен рейтингісін қайта көтеру үшін қолайлы жағдай ретінде пайдаланып қалғысы келетін болар. Бірақ Кремльдің бұл шақыруға біржақты қарай алмасы тағы анық. Себебі Қытай деген үлкен фактор бар. Батыстың санкцияларымен алысқан, коронавируспен әлек болған, мұнай бағасы күрт төмендеп есін шығарған Ресей қазіргі таңда қасындағы Қытайдың көңіліне қарауға қатты мәжбүр. Ресей үшін дәл қазір алып елдердің арасында Қытайдан асқан сауда-экономикалық әріптес жоқтың қасы. КХР Сыртқы істер министрлігінің сайтындағы ақпаратқа сүйеніп айтар болсақ, коронавирусқа байланысты карантин басталған қантар айынан мамыр айының аяғына дейін Қытай басшысы Си Цзиньпин телефон арқылы қырық рет шетелдік әріптестерімен сөйлескен. Солардың ішінде Ресей президенті В.Путинмен үш рет сөйлескен екен. Барлық келіссөздер барысында В.Путин АҚШ пен ҚХР арасындағы текетіресте Бейжіңнің позициясын қолдайтынын айтқан. Саяси саладағы келіссөздердің осындай жиі әрі жағымды болуының астарында, әрине, екі ел арасындағы сауда-экономикалық саладағы оңды өзгерістер жатқаны туралы айтып өткеніміз жөн. Мәселен, коронавирустың салдарынан ҚХР-дың осы жылдың қаңтары мен наурыз айлары арасындағы сыртқы сауда көлемі мен шет елдермен тауар айналымы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,4 пайызға азайса, Ресеймен сауда және тауар айналымы керісінше 3,4 пайызға көбейіп отыр. Ресей үшін Еуропалық одақ елдеріне сатып келген мұнай экспортының көлемі кеміп отырған тұста Қытай басты сатып алушыға айналып отырғаны ең маңызды факторлардың бірі. Жалпы, Қытай шетелдерден сатып алып отырған мұнай өнімдері көлемінің 20 пайызы Ресейден келсе, осы жылдың наурыз айында ресейлік мұнай импорты өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 31 пайызға ұлғайған. Ресей экономикасына салынып отырған қытайлық инвестиция көлемі де артып келеді. Елде жаңа стандарттағы 5G интернет желісін қосуға қажетті инфрақұрылымды енгізу үшін қытайлық «Хуавей» компаниясының таңдалғаны екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынастар дәстүрлі шикізат саласы ғана емес, жаңа технологиялар саласында да дамып келе жатқанын білдіреді. Жалпы, Ресей экономикасының Қытайға тәуелділігі осылай жалғаса берсе, соның әсерінен саяси тұрғыдан да Бейжіңнің Мәскеуге ықпалы артатыны сөзсіз.
Ал Еуразия құрлығындағы басты геосаяси күштің Қытай болып отырғаны Батысты алаңдатпай қоймайды. Франция президенті Э.Макронның Еуропа елдері басшыларына Ресейді Қытайдың ықпалында қалдырмау үшін қол ұшын созайық деп үндеу тастағаны бекер болмаса, жыл басынан бері АҚШ президенті Д.Трамптың Ресей басшысы В.Путинмен алты рет телефонмен сөйлескені де көп мәселені аңғартады. Дегенмен Ресей Қытайдың геосаяси ықпалында қалып қоймаудың амалын іздеуге мүдделі. Сондықтан бүгінгідей халықаралық экономикалық жағдайда өзіндік дербес саясат жүргізе алатын алып ел ретінде өзін әлемге әйгілеу мақсатында Мәскеу бұдан былай айналасындағы елдерге ықпалын арттыруға, әсіресе Еуразиялық экономикалық одақты (ЕАЭО) нығайту бағытында іс-қимылдарын күшейтіп, аймақтағы ең ірі саяси фактор болып қалуға тырысатын болады. Ресей осылайша АҚШ пен Қытайтың текетіресін барынша өз пайдасына асырып қалуды көздейді.
АҚШ-тағы саммитке қатысты Мәскеудің шешімі маңызды мәселеге айналып отыр. Егер Путин саммитке ресми түрде қатысса, саммит нәтижесі бойынша қабылданатын мемлекеттер басшыларының бірлескен мәлімдемесіне қол қоюға тура келеді. Ал саммит барысында және бірлескен мәлімдемеде АҚШ бастап, одақтастары қостап Гонконг автономиялық аймағының мәртебесін өзгертуге алып келетін заң қабылдауға қатысты Қытай үкіметінің шешімін қатты сынға алмақшы. Президент Трамп Гонконг автономиясына қатысты келісімдерді өрескел бұзып, «Бір ел, екі жүйе» басқару формуласын өзгертуге талпынып отыр деп Бейжіңді ашық түрде айыптаса, АҚШ-тың Азиядағы сенімді одақтасы Жапонияның премьер-министрі Абэ 10 маусымдағы парламент жиынында Қытай үкіметінің бұл шешіміне қатысты «Үлкен жетілікке» мүше мемлекеттердің басшыларымен бірлескен мәлімдеме жасап, қарсылық білдіру үшін барын салатынын айтты.
Ал Қытай болса АҚШ-ты соңғы жылдары халықаралық қоғамдастықтың ой-пікірімен санаспайтын, іс-қимылдары біржақты ел ретінде айыптауда. АҚШ президентінің алдағы саммитке Ресейді шақыруды ұсынғанына байланысты қытайлық ресми ақпараттық агенттіктер америкалық унилатерализм жайында жарыса жазып жатыр. Тіпті АҚШ-тың одақтас мемлекеттерімен де араларында салқындық пайда болғанын алға тартып, сондықтан Қытайды қоршап жатқан елдердің басын қосқысы келетін президент Трамптың онысынан түк шықпайтынын ашық айтып отыр. Саяси эмоцияның салдарынан айтылған сөздер болғанымен, негізсіз пікір емес сияқты. Мысалы, маусымның соңына жоспарланған саммиттің қыркүйекке ауыстырылғанына коронавирус қана емес, Германияның канцлері Меркельдің унилатерализм принциптеріне иек артқан бірбеткей АҚШ әкімшілігінің іс-қимылына көңілі толмай, саммиттен бас тартқаны басты себеп болды деп болжам жасаушылар да бар. Енді Ресей факторы сол дамыған одақтас жеті елдің арасына жаңа жік салып жатпасына кім кепіл. Себебі «Ресейді шақыратын болсаң, біз қатыспаймыз» дейтіндер бар. Ресей үшін әлемнің дамыған мемлекеттерімен тіл табыса алмаса, АҚШ тіпті халықаралық саяси тұрғыдан оқшалануға мәжбүр болуы да мүмкін. Ондай жағдайда сайлаудағы Трамптың позициясы әлсірейтіні сөзсіз. Қытайды қоршауға алып, қысым көрсетем деген Трамп Ресейдің кесірінен сайлауда ұтылып қалса, ондай жағдай Бейжің үшін үлкен жеңіс болады. Ал екі айдан кейін сайлауда ұтылып қалатын президенттің шақыруын қабыл алған Мәскеу үшін ол тиімсіз әрі Қытай алдында қолайсыз жағдайға қалдыратын қадам болмақ. Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ), әлемдегі ең ірі дамушы бес мемлекет (БРИКС), Шығыс Азия елдері (АСЕАН), Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) және «Бір белбеу, бір жол» стратегиялық бағдарламасы аясында халықаралық қатынастарды дамытуға күш салып отырған Қытай үшін АҚШ пен оның одақтастарының ойы бір жерден шықпай жатуы тиімді болар еді. ҚХР сыртқы істер министрлігі ресми өкілінің 1 маусымдағы баспасөз конференциясы барысында АҚШ-тың соңғы кезде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ), оның алдында БҰҰ-ның Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымы (ЮНЕСКО) мен ғаламдық климаттың өзгеруіне қатысты келісімшарты (Париж келісімшарты) сияқты халықаралық ұйымдар мен келісімшарттардан шығып кеткені туралы айтқаны да бекер емес еді.
Ал Ресейге келер болсақ, Вашингтон мен Бейжіңнің текетіресін барынша өз мүддесіне пайдаланғысы келетін Мәскеу үшін алдағы саммитке қатысу немесе қалыс қалуға қатысты шешім қабылдау оңайға түспейін деп тұр. Қайткен күнде де, алдағы саммит АҚШ үшін де, Қытай үшін де, Ресей үшін де нағыз саяси-дипломатиялық және стратегиялық сынақ болғалы отырса, мемлекеттер басшыларынан көрегендік талап етіледі. Осы үш алып мемлекеттің алдағы уақыттағы қарым-қатынасы посткоронавирус кезеңіндегі жаһандық геосаясат пен геоэкономика салаларында жаңа трендтердің пайда болуына негіз болмақ. Аталған мемлекеттердің барлығымен стратегиялық әріптестік орнатып отырған біз үшін де осы елдердің өзара байланыстары келешектегі саяси-экономикалық дамуымыз үшін маңызды фактор болып қала бермек.
Тағы бір маңызды жайт, індетке байланысты биылғы күзге жоспарланған БҰҰ Бас Ассамблеясының 75 жылдық мерейлі сессиясы өтпей қалуы немесе онлайн түрде ұйымдастырылуы мүмкін екені айтылып жүр. Ал әлемнің он бірдей дамыған елінің басшыларын сол БҰҰ-ның бас штабы орналасқан АҚШ-қа шақырып, саммит өткізуді ойлап отырған Трамп әкімшілігінің осы жоспары жүзеге асып жатса, бұған халықаралық қоғамдастықтың көзқарасы қалай болар екен деген сұрақ туындайды. Посткоронавирус кезеңіндегі жаһанның қандай болмағы әлем елдерінің басын қосқан БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясында ортаға салына ма, әлде АҚШ пен оған одақтас мемлекеттер басшыларының саммитінде оңаша талқыланып, жаңа ғаламдық бағдар бойынша барлығы үшін «ортақ шешім» қабылдана ма?..
Батырхан ҚҰРМАНСЕЙІТ,
шығыстанушы, арнайы «Egemen Qazaqstan» үшін