Елордада Еуразиялық интеграция институтының директоры, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Ерлан Саиров бастаған бірқатар азамат БАҚ өкілдерімен кездесу өткізіп, Nur Otan партиясы жақтастарының лигасы құрылғанын мәлімдеді.
Кездесуге қатысушылардың қатарында саясаттанушы, «Мир Евразии» қоғамдық қорының президенті Эдуард Полетаев, «Серпін» ұлттық білім беру және инновация палатасының президенті, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Мұрат Әбенов, саясаттанушы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Марат Шибұтов, публицист Бибігүл Дәулетбекқызы, «Ана тілі» газетінің бас редакторы, публицист Жанарбек Әшімжан, белгілі блогер Яков Федоров болды.
– Демократия, пікірлердің плюрализмі елімізде қалыптасуы керек. Бұларға ешқандай балама жоқ. Дегенмен, осы демократияға, саяси плюрализмге деген ұмтылыс еліміздің мемлекеттік іргетасын девальвацияға алып келмеуі тиіс... Әлеуметтік желілерде және қоғам алдында сөз айтып жүрген азаматтар еліміздегі әлеуметтік процестерге үлес қосуға қабілетті. Сондықтан экономикалық мәселелерді шешуге өзінің рецептін бере алатын, еліміздегі қоғамдық процестерді прогреске жетелейтін Nur Otan партиясы жақтастарының лигасын құруды жөн көріп отырмыз, – деді Е.Саиров. Оның айтуынша, Nur Otan партиясы жақтастары лигасының ең негізгі қағидасы – центристік болмақ.
Е.Саировтың сөзіне қарағанда, лига өз жұмысын үш бағытта жүргізеді. Бірінші бағыт – әлеуметтік әділеттілік, екіншісі – қоғамдық-саяси трансформация, ал үшіншісі – экономикалық өрлеу. Кезек күттірмейтін мәселе ретінде жақтастар лигасы Nur Otan партиясы жариялаған партиялық праймеризді қатаң қоғамдық бақылауға алады.
– Елдегі саяси ұсыныстар мен идеялардың бәсекесіне зәру. Өздеріңіз жақсы білетіндей, ел заңнамасына бірқатар өзгеріс енгізіліп, соның нәтижесінде саяси сахнаға көтерілуі үшін әйелдер мен жастарға жол ашылды. Сол секілді Nur Otan партиясында праймериздің жариялануына байланысты көптеген азамат саяси процестерге қатысу мүмкіндігіне ие болды. Бұл – өте дұрыс қадам. Себебі біздің елімізге өзгеше ойлайтын, оң шешім қабылдай алатын азаматтар ауадай қажет. Ондай азаматтар көптеп табылып жатса, партияішілік іріктеудің де барынша ашық өткендігі деп айтуға болады. Сондықтан жақтастар лигасының жүйелі жұмысына Nur Otan партиясы да мүдделі, – деді Э.Полетаев.
Nur Otan партиясының праймериз жобасына қатысты пікірін М.Әбенов те білдірді.
– Қазір тек Қазақстанда ғана емес, дүние жүзінде болып жатқан саяси-қоғамдық процесс барлығын ойландырады. Америка, Еуропаны алып қарайтын болсақ, азаматтық қоғамның даму деңгейі өте жоғары және бұрынғы басқару жүйелері өз деңгейінде қызмет атқарып жатыр деп айта алмаймыз. Жұрттар көшеге шығып, әртүрлі талаптарын қойып жатыр. Мемлекеттік органдар барлық жағдайда соған қажетті шешімдер қабылдап үлгермей жатқанын байқап отырмыз. Дәл осындай проблемалар бізде де бар. Оны өздеріңіз де көріп жүрсіздер. Өкінішке қарай, мемлекеттік органдардың халық алдындағы беделі көп жағдайда қажетті деңгейде емес. Өзара сенім жоқ, – деді М.Әбенов. Оның айтуынша, мұндай проблемалар қоғамдық бақылаудың жоқтығы мен халық көтерген мәселелерді биліктің естімеуі салдарынан туындап отыр. Өткен жылы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылып, соның алғашқы отырысында Президент «Парламенттің мәртебесін, беделін көтеруіміз керек. Ал Парламент халықтың үнін билікке жеткізуі керек» деп анық айтқан болатын. Сондықтан М.Әбенов елімізде халықтың үнін жеткізетін Парламентті қалыптастыру қажет деп есептейді.
– Елімізде алғаш рет мәслихатқа сайлау партиялық тізім бойынша жүргізіледі. Алайда сайлаушылар саны 13 млн болғанымен, партия мүшелерінің саны одан шамамен он есе аз. Сондықтан олардың партияішілік процестерге әсер ете алу мүмкіндігі өте төмен еді. Енді партия қызметі халықпен барынша тығыз қарым-қатынас орнатуды мақсат тұтып отыр. Мәселен, елімізде пандемия жағдайы орын алмас бұрын аймақтарды дамыту жоспарына қатысты бірқатар бастама қолға алынған еді. Сол жұмыстарды жалғастыру қажет. Реализмді жақтаушылардың қатарында болғандығымнан, бастаған ісімнің аяқсыз қалмауын қалаймын. Сондықтан Nur Otan партиясы жақтастарының лигасына қосылып, ел мүддесі жолында еңбек етуге бел байладым, – дейді М.Шибұтов.
– Nur Otan партиясы жақтастарының лигасына қосыла отырып, ашық пікір алаңын қалыптастырсақ, ел ырысын еселеуге өз үлесімізді қоссақ дейміз, – дейді Ж.Әшімжан.
Кездесу барысында танымал журналист Б.Дәулетбекқызы мен белгілі блогер Я.Федоров те өз ойларын ортаға салып, праймериздің артықшылығын алға тартты.