• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Президент 18 Маусым, 2020

Президент Жақып Асановтың сот жүйесінің реформалануы туралы есебін тыңдады

231 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысына сот жүйесінің қайта құрылуы жөнінде мәлімет берілді, - деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

 

Жоғарғы сот төрағасының айтуынша, 2,5 жыл ішінде бірқатар пилоттық жобалар жүзеге асырылып, 22 заң жобасы әзірленген. Оның ішінде 10 заң жобасы қабылданды.

Судьялық кадрлар саласында да өзгерістер болды. Атап айтқанда жаңа судьяларды іріктеу мақсатында тиімді HR-технологиялар енгізілген, судьялардың тәртіптік жауапкершілігі, кадрлық резерв мәселелері Жоғарғы соттан Жоғары сот кеңесінің қарауына берілген, сондай-ақ жұмыс істеп жүрген судьяларды бағалаудың жаңа институты – Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның қызметіне де өзгеріс жасалған. Сонымен қатар Жақып Асанов жаңа бағалау әдістемесі бойынша 2022 жылға дейін судьялардың шамамен 80% аттестациядан өтетінін жеткізді. Оның айтуынша, 2019 жылы аттестацияға қатысқан судьялардың 10% бағалаудың жаңа жүйесінен  өте алмаған.

Бұдан бөлек Мемлекет басшысына ақтау үкімдері санының күрт өскені, әсіресе, бұл көрсеткіш ауыр қылмыстар бойынша 12 есе, ал аса ауыр қылмыстар бойынша 6 есе артқаны айтылды.

Жоғарғы сот төрағасы Қазақстан Президентіне Азаматтық процессуалдық кодекске енгізілген түзетулер биылғы 22 маусымнан бастап күшіне енетінін және ондағы өзгерістер туралы баяндады.

Сонымен қатар әкімшілік әділет мәселесі туралы да сөз қозғалды. Аталған институт Қазақстанда Әкімшілік рәсімдік-процессуалдық кодексті қабылдаған соң енгізіледі. Қазіргі уақытта ол Сенаттың қарауында.

Жоғарғы сот төрағасы Мемлекет басшысына COVID-19 пандемиясы кезеңіндегі соттардың жұмысы туралы да ақпарат берді. Сондай-ақ ол процеске қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралардың қабылданатынын атап өтіп, төтенше жағдай кезеңінде және одан кейін де сот төрелігін жүзеге асыру ісі тоқтамағанын айтты.

Әңгімелесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы сот жүйесінің алдына бірқатар нақты міндеттер қойды және қазіргі күрделі кезеңде соттардың жұмысы үздіксіз жалғаса беретіндігіне сенім білдірді.