Бүгін КСРО-ның қос даңқты хоккейшісі – Владимир Мышкин мен Сергей Макаровтың туған күні. Кезінде мұз айдынында жасындай жарқыраған бұл ойыншыларды егде тартқан жанкүйерлер ұмыта қойған жоқ, деп жазады Egemen.kz
Владимир Мышкин 65 жасқа толып отыр. 1955 жылы Ресейдің Киров облысында дүниеге келген ол Мәскеудің «Крылья Советов» пен "Динамо" клубтарының жұлдызы болды. Даңқы жер жарған Владислав Третьяктың өзін алмастырып, ұзақ жылдар бойы КСРО құрамасының қақпасын қорғады. Өзге табыстарды былай қойып, Мышкинның Сараево Олимпиадасының жеңімпазы, Лэйк-Плэсид Олимпиадасының күміс жүлдегері және алты дүркін әлем чемпионы атанғанын айтсақ та жеткілікті.
Сергей Макаров 62 жасқа толды. 1958 жылы Челябіде туған ол 1978-1989 жылдар аралығында әйгілі ЦСКА-ның намысын қорғады. Сол кезден бастап КСРО құрамасынның сұрмергеніне айналды. Олимпия ойындарында 2 алтын және 1 күмісті олжалады. Әлем чемпионатында 8 алтын, 1 күміс және 2 қоланы қоржынға салды. Сан мәрте түрлі турнирлердің теңдессіз ойыншысы атанды. Кейіннен Ұлттық хоккей лигасында "Калгари Флэймз" бен "Сан-Хосе Шаркс" клубтарының жейдесін киді.