Бүгінгі "Медицина қызметкерлері күнімен" СҚО полицейлері өздерінің медициналық бөлімінің қызметкерлерін кеше құттықтады. Бұл бөлімнің қызметкерлері кәсіби мерекесін күшейтілген карантин режімі жағдайында қарсы алып отыр, - деп хабарлайды Egemen.kz.
СҚО ПД емханасы бар госпиталі 19 300 адамға қызмет көрсетеді. Басқа солтүстікқазақстандықтарды ТЖ режімінің тоқтатылуы қуантып жатса, бұлар әлі де күшейтілген режімде жұмыс істеуде. Қазір олар кейбір жаңа функцияларды да қоса атқаратын болған. Соның ішінде барлық орындарды, ашық алаңдарды үнемі дезинфекциялау, қызметкерлер мен емделушілердің дене қызуын жиі өлшеу күнделікті дағдыға айналған. Жоспарлы емделуге жатқызу тек ПТР-тесттің теріс нәтижесі болған жағдайда жүргізіледі.
Медицина қызметкерлері қарым-қатынас жасауды барынша азайту - қауіпті індетті жұқтыруға жол бермеу мен оның таралуын болдырмаудың ең сенімді тәсілі екенін айтудан жалықпайды. Госпитальде COVID-19 сынамаларды алуға арналған жеке кабинет, сондай-ақ осы індетті жұқтыруы мүмкін күдіктілерге арнайы бөлме ұйымдастырылған.
Карантиндік шектеулер қайта енгізілген жағдайда медицина қызметкерлері блокбекеттерде қайта қызмет атқаруға дайын. Карантин алғаш басталған кезде 22 мейірбике облыс орталығының шыға берістерінде тәулік бойы кезекшілік атқарды.
Адамдармен үнемі байланыс жасайтындықтан, полицейлердің қашықтықтан жұмыс істеуіне мүмкіндік жоқ. Барлық қажетті санитарлық қауіпсіздік шаралары кезінде олар басты тәуекел тобына кіреді. Күн сайын тексеріс жүргізіліп, бетперделердің, антисептиктердің, дезинфекциялық кілемшелердің болуы, дезинфекциялық құралдармен ұдайы ылғалды тазалау, күніне 3 рет жақтаулар мен есіктің тұтқаларын сүрту басты назарға алынды.
Қазір медициналық бөлім мен госпитальдің бастығы Құмар Күсемісов тәулікке жақындатылған режімде жұмыс істейді. Зертхана да қалыпты жұмыс кестесінен тыс еңбек етуде. Емханасы бар госпитальдің штатында үш зертханашы бар, мейірбикелердің бірі COVID-19 ПТР сынамаларын алу техникасына оқып келген. Жеке құрамды тексеру жұмысы үздіксіз жүргізілуде. Алайда бұған ешкім қарсылық білдірмей, түсіністікпен қарауда.
"Облыс полицейлерінің барлық дәрігерлерге, мейірбикелер мен зертханашыларға білдірген шынайы алғысы тегін емес. Олар әрдайым біздің жанымызда және денсаулығымызға алаңдатушылық туғызбайтын сенімді қорғанымыз", дейді СҚО ПД бастығы, полиция полковнигі Марат Төлебаев.
Солтүстік Қазақстан облысы