• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 21 Маусым, 2020

Қарақұмдағы қазына

2149 рет
көрсетілді

Сыр жерінің қай пұшпағында да көне тарихтың көп дерегін сақтаған көмбе бар. Олардың бірқатары қазір зерттелу үстінде, әлі көп көзіне түсе қоймаған қазына да аз емес. Қазалы ауданының Қарақұм беткейіндегі Тапа дейтін шағын елді мекенде қола дәуірінен қалған көп жәдігерді осы өңірдің байырғы тұрғыны Аманжол Жұмабеков жарты ғасырдан бері жинап келеді, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Кезінде 20 шақты үй жайлаған Тапада қазір 2-3 шаңырақ қана қалған. Біз іздеп келген Аманжол ақсақал жарты сағаттың ішінде ауылдың өткен-кеткенімен таныстырып үлгерді.  Зейнетке сауда саласынан шыққан ол өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан бері құм арасынан қазына теріп келеді екен.

"1969 жылы осы маңнан табылған ине құятын қалып пен тас жебені Алматы музейіне өткіздім. Содан бері талай құпияны бауырына басқан осы төбелерден жүздеген жәдігер табылды. Қазір қолымда 300-ден астам экспонат бар. Сынықтарды жымдастыра желімдеп, бірнеше құмыра құрастырдым. Олардың көпшілігі қола дәуірінен қалған құнды дүниелер. Бұл осы араға келген ғалымдардың пікірі", - дейді Аманжол Жұмабеков

Құм арасынан қыш құмыралармен қатар сол замандағы ата-бабаларымыздың қажетіне жараған дән үккіш, түймелер, темір қазан, тас пышақтар мен тері өңдейтін бұйымдар шыққан. Аманжол ақсақалдың айтуынша, жәдігердің бәрі осы Тападағы 200 гектардай аумақтан табылып отыр.

Ертеректе бұл жерде қыштан құмыра құятын көне ошақтар көп болыпты. Елу жылдан бері қазына іздеп, әуесқой археологқа айналған Аманжол Жұмабеков ондай жерлерді белгілеп кетіп отырады. Кейін ғалымдар келгенде тапқан жерін көрсетіп, солардың болжам-байламына құлақ түреді. Сондай ошақтардың солардың бірнешеуін  бізге көрсетті.

Құм баурайына бізді бастап келген ақсақал белгіленген жердің бірін күрек салды. Ә дегеннен-ақ осыдан 3 мың жыл бұрын жағылған сексеуілдің күлі табылды. Сәлден кейін ошақтың бір қабырғаны айқындалды. Әр жерден құмыралар сынықтары мен ақсөңке болған адам сүйектері көзге шалынады. Есте жоқ ескі заманда өткел болғаны байқалатын жолдан өте бере шыққан жалдан шеті кетілген тас жебе таптық.   

Негізі елімізде Орталық Қазақстан қола дәуірінің деректері мол сақталған өңір саналатыны белгілі. Бірақ, қазақ қоғамына тән антропологиялық, этникалық, мәдени және шаруашылық негізі бастау алатын кезеңнің белгілері Сыр жерінде де аз емес. Мысалы, Аралдың шығыс жағында орналасқан  Түгіскен кесенелері қола дәуірінің аса көрнекті ескерткіштерінің бірі болып саналады. Тек өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Хорезм археологиялық экспедециясы жүргізген зерттеу жұмыстарынан кейін аймақта қола дәуірі ескерткіштеріне қазба жұмыстары жасалған жоқ. Ұзақ жылғы үзілістен кейін, осыдан 7 жыл бұрын Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының Астана филиалы мен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығының мамандары осы Тапаға бірлескен экспедиция жасады. Оның нәтижесінде архелогтар мен мен жергілікті өлкетанушының авторлық бірлестігімен «Тапа — памятник эпохи бронзы северо-восточного Приаралья» атты мақала жарық көрді. ҚР Ұлттық музейінің «Халық қазынасы» ҒЗИ жетекшісі Ақан Оңғар, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Әзілхан Тәжекеев, елімізге белгілі өлкетанушы Ерлан Сыздық Аманжол ақсақалмен үнемі хабарласып, қолдан келген көмектерін беріп тұрады.

Аманжол ақсақал жуырда аудан әкіміне кіріп, жәдігерлер табылып жатқан алаңдарды қоршау, мемлекеттік есепке алу туралы өтініш білдірді. Аудан басшысы осыған орай  тиісті орындарға тапсырма беріпті. Біраз уақыт бұрын осы маңайда мұнай құбырын жүргізген Қытай компанияның қалашығы болған. Бұл жерден құнды дүниелер табылып жатқанын естіген олардың да қарап қалмасы анық. Бірнеше мәрте «қара архелогтардың» да қара көрсетіп қалған кезі бар. Ақсақал тарихи қазыналар осылай талан-таражға түсіп кете ме деп алаңдайды.