Нарық тілінде сөйлетсек, «көлеңкелі экономика» — ресми органдардың реттеуі мен бақылауының шеңберінен шығып кеткен экономика. Қазақстанда 1991-2015 жылдар арасында оның үлесі 38,8 пайызға жетіп, содан бергі аралықта ғана төмендеу байқалды.
«Көлеңкелі экономиканы» төмендетудің мемлекеттік жоспары 2018 жылғы желтоқсанның соңғы күндерінің бірінде қабылданды. Алпыс тармақтан тұратын құжатта статистикалық жағдайды жақсарту, фискалдық жады бар бақылау-кассалық машиналарды жаппай енгізу, жанармай құю бекеттерінде бақылау құрылғыларының жұмысын қадағалауға дейін қамтылған. Жоспар бойынша «көлеңкедегі» қаржы айналымының ІЖӨ-ге шаққандағы деңгейі 2019 жылы – 23 пайызға, 2020 жылы – 20 пайызға, ал 2021 жылы 15 пайызға төмендеуге тиіс болатын. Алайда Үкіметтің әдемі жоспарына «көлеңкелі экономиканың» жазылмаған заңы бағынған жоқ. 2017-2018 жылдардағы көрсеткіш 25-27 пайыз болғаны осыны аңғартады.
Жалпы, әлемдік тәжірибе бойынша оның көлемі ІЖӨ-нің 10 пайызынан аспағаны дұрыс. Тіпті 10 пайыздың өзі кей мемлекеттер үшін үлкен көрсеткіш саналады екен. Біздегі жағдайды жоғарыда айттық.
Бұдан былай бұл мәселені сырттан бақылап отыра беруге болмайтынын Үкімет те, «көлеңкелі экономикаға» қатысушылар да түсініп отыр. Жалған кәсіпкерліктің дамуы, экономикалық қылмыстардың негізі де осы «көлеңкеде» жүзеге асырылуда. Мамандардың «көлеңкелі экономика» деңгейінің кемімеуі алдымен экономиканы құлдырататынын, бұл іштей білдірмей жегі құрттай мүжи беретін қауіп екенін ескертіп, мәселені кешенді түрде зерттеу қажеттігін айтып жүргеніне де біраз болды. Сол себепті «Атамекен» ҰКП «көлеңкелі экономиканың» деңгейін есептеудің жаңа әдістемесін әзірлеп, Үкімет назарына ұсынды.
Кәсіпкер неге «көлеңкені» саялайды?
Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов бізге Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті «көлеңкелі экономика» салықтық тексерулер деректерінің негізінде есептелген қосымша құн салығы неғұрлым жоғары болса, «көлеңкелі экономика» деңгейі де соғұрлым жоғары болатынын айтып берді. Жаңа әдістемеде «көлеңкелі экономика» деңгейі 5 компонент бойынша өлшенеді, олар: тіркелмеген кәсіпорындар (N1), заңсыз қызмет (N2), бейресми сектор (N3), нақты емес деректерді беретін өнім өндірушілер (N6), статистикалық кемшіліктер (N7).
Р.Жүрсіновтің айтуынша, 2017 жылы ІЖӨ-дегі көлеңкелі экономиканың үлесі – 28,8 пайыз, 2018 жылы 27,02 пайыз деген қорытынды жасалды. Бұл дегеніміз – 16 трлн теңге.
«Бұл сома бюджеттің бір жылдық шығынынан да асып түсті. Динамикаға назар аударар болсақ, соңғы жылдары «көлеңкедегі» айналымның төмендеуі байқалады. Бұл салықтық және кедендік әкімшілендірудің жақсаруымен, нақты айтқанда тәуекелді басқару жүйесін, ҚҚС бақылау шотын, «Астана-1» ақпараттық жүйесін және тағы басқа жаңашылдықтарды енгізумен байланысты. Қолма-қол ақшасыз есеп айырысудың едәуір дамығаны да оң әсерін тигізгені анық. Атап айтар болсақ, қолма-қол ақшасыз есеп айырысу 2018 жылы 2017 жылмен салыстырғанда екі есеге өсті. Бұл көлеңкелі экономиканың ықпалын әлсіретті», дейді бизнес-омбудсмен.
Бұл сауал әлемнің экономикалары үшін әрдайым өзекті. «Көлеңкелі бизнес» күшейген негізгі салалар – сауда, құрылыс, ауыл шаруашылығы және көлік саласы. Мұның барлығы қандай да бір дәрежеде мемлекеттік сатып алулардағы сыбайлас жемқорлықпен және кеден мен квазимемлекеттік сектордағы бұзушылықтардың салдарынан орын алатын контрабанда, контрафактімен байланысты екені түсінікті.
«Біздің бағалауымызша, тек кеден жұмысына байланысты Қазақстанның бюджетіне жыл сайын 300 млрд теңгеден астам қаржы түспей отыр. Мемлекеттік сатып алулар саласында да 300 млрд теңгеге жуық қаржы «көлеңкеге» кетіп жатыр», дейді Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл.
Сарапшылар бейресми жұмыспен қамту да «көлеңкелі» экономиканың құрамдас бөлігі екенін айтады. Оның ауқымын түсіну үшін еңбекақы төлеу қорына қатысты Статистика комитетінің дерегі (18 трлн теңге) мен міндетті зейнетақы жарналары базасын (8 трлн теңге) салыстыруға болады. Айырмашылық шамамен 10 трлн теңгені немесе 55 пайызды құрайды, бұл да өте жоғары көрсеткіш.
«БЖЗҚ салымшыларының 63 пайызы ең төменгі жалақыны декларациялайды, яғни ресми жалақы мөлшерін 42,5 мың теңгеден асырмайды. Республика бойынша жұмыспен қамтылған 8,7 млн адамның 2,5 млн-ы ғана тұрақты түрде 12 рет міндетті зейнетақы жарнасын аударады. Яғни жұмыспен қамтылған тұрғындардың басым бөлігі жалақысын «конвертпен» алады деген қорытынды жасауға болады. Ал бейресми жұмыспен қамтудың басты себебі – еңбекақы қорына түсетін жүктеменің жоғары болуы. Қазір жұмыс беруші қарамағындағы қызметкерлер үшін 31 пайыз мөлшерінде бес төлем төлеуге міндетті. Ол: жеке табыс салығы (10%), зейнетақы жарнасы (10%), әлеуметтік салық (6%), мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (3,5%) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (1,5%). 2018 жылы еңбекақы төлеу қорынан 2,6 трлн теңге бюджеттен тыс төлемдер мен салық төленген», дейді Р.Жүрсінов.
Грузияның тәжірибесі көмектесе ме?
Былтырдан бері «Атамекен» ҰКП Үкіметпен бірлесіп кеден жұмысына ашықтық енгізу мен сатып алуларды оңтайландыру бойынша біраз жұмыстың басын қайырды. Негізгі элемент ретінде жаппай цифрландыруға басымдық берілді. Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл: «Сатып алулардың бірыңғай терезесі» порталы іске қосылып, бизнес тізім маңызды элементке айналды, өйткені осы тізім арқылы кез келген кәсіпкер өз контрагентінің сенімділігін тексере алады. Бизнестің өзін-өзі ұйымдастыру және саланы ашық ету жөніндегі бастамалары бар. Мысалы, Ресейде ауылшаруашылық өнімдерінің айналымы бойынша Аграрлық өнеркәсіп кешенінің хартиясы бар. Бұл тәжірибені ауыл шаруашылығында ғана емес, құрылыста да қолдануға болады. Биржалық сауданы дамыту жөнінде нақты ұсыныстар бар. Сарапшылар тәуекелдерді басқару жүйесі туралы мәселе көтерілген кезде салалық ерекшеліктер ескерілуі тиіс екенін айтады. Еңбекақы төлеу қорының жүктемесіне қатысты мәселе де бірнеше жылдан бері талқыланып келеді. «Атамекен» ҰКП-ның басты ұсыныстарының бірі – Грузияның үлгісі бойынша барлық жүктемені бірыңғай төлемге біріктіру және оны 20 пайызға дейін төмендету», дейді.
Грузияның тәжірибесі кәсіпкерлер мен қарапайым азаматтарға «көлеңкеден» шығуға, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын құруға және қызметкерлердің еңбекақысын арттыру үшін қаражатты қайта инвестициялауға мүмкіндік бермек. Ол үшін БЖЗҚ-ны, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорын, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды біріктіру мәселесін қарастыру қажет.
АЛМАТЫ