• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
09 Қазан, 2013

Исландияның 7 кереметі

930 рет
көрсетілді

Мұхиттар мен теңіздердің қолтығында жатқан солтүстік батыс жарты шардағы Исландия аралының үстінен ұшақпен ұшып бара жатқан адам төменде қыста буырқанған ашулы ақжал толқындарды, ал жазда шексіз де шетсіз алуан бояулы алқапты көрер еді. Бір қарағанда, оның көзге қоңырқай түсті шөл дала болып та елестеуі мүмкін.

Бірақ ол тіпті де олай емес. Исландияның да өзіне тән жеті түрлі кереметі бар.

Ендігі әңгіме мен фото солар туралы болмақ.

 

№1 КЕРЕМЕТ: ИСЛАНД ЖЫЛҚЫЛАРЫ

Елдің астанасы - Рейкьявиктен сәл ұзап шыққан адамның көзіне ең алдымен тауларға иек артып жатқан орасан зор жазық дала мен жолдар түседі. Ал жазықта аласа бойлы, жалы қалың жылқылар өріп жүреді.

Ерте-ерте, ертеде, сонау IX ғасырда жаңа жер іздеп, солтүстік ендіктерді шарлап жүріп, осы аралдың үстінен түскен викингтер мұнда Еуропадан ең алдымен жылқылар ала келіпті. Олар әртүрлі тұқымды аттар болған. Олардың арасында немістің текті жылқылары да, норвегтер мен шведтердің мініс аттары, тіпті ағылшынның пониі де кездескен. Қазір исланд тұқымы болып қалыптасқан бұл жылқылардың осы понидің шағылысуынан шыққан деген пікір бар.

№2 КЕРЕМЕТ: МҰЗДЫ ШОҒЫРЛАР

Исландия мұздықтары өте төмен жатады да мұхитқа емініп тұрады. Мұзды шоғырлар – теңізден бөлініп қалған, өзінше түбек сияқты болып қалыптасқан мұздақты төбелер. Ол жердің бетіндегі айсберг сияқты. Толқын оның бір шетін кеміріп құлатып, ұлы мұхит айдынына алып кетіп жатады. Мұның орнына жаңа мұздар қосылып, осы жынысты ұдайы қайта түзіп отырады.

№3 КЕРЕМЕТ: ВУЛКАНДАР МЕН ЛАВА АЛАҢДАРЫ

Исландия екі платформаның – Солтүстік Америка мен Еуропаның қиылысатын мүйісінде тұр. Бұл жерде шамамен әр бес жылда бір рет вулкандардың бұрқылдап тұратыны бекер емес. Жердің сілкінісі үйреншікті құбылыс есепті. Исландияның барлық рельефі вулкандардың атқылауынан пайда болған. Бұл – вулкандар мен лавалардың үстінде отырған ел. Сондықтан да тоқтаусыз зілзала болып тұрады. Бұл жер құдды бір тербетіліп тұрған алып бесік сияқты.

№4 КЕРЕМЕТ: МҰЗДЫҚТАР МЕН МҰЗ ҮҢГІРЛЕР

«Исландия» деген сөздің өзі қазақшаға аударғанда, «мұзды жер, мұзды ел» деген мағынаны береді. Бірақ бұған қарап арал түгелдей мұздың үстінде тұр екен, деп ойлауға тағы болмайды. Мұндағы мұздықтар жердің жалпы көлемінің 10 пайыз бөлігін ғана құрайды. Соған қарамастан, Исландия – өте көркем арал. Ондағы мұз үңгірлердің өзі – бір әлем.

Елдегі мұзды үңгірлер негізінен Скафтафетль ұлттық саябағында орналасқан.

№5 КЕРЕМЕТ: АЛТЫН САРҚЫРАМА ҮСТІНДЕГІ СОЛТҮСТІК ШҰҒЫЛА

Исландия алпыс алтыншы параллель бойында, ал оның солтүстік бөлігі шын мәнінде Заполярье бөлігінде (алпыс алтыншы параллель) орналасқан. Сондықтан мұнда ауа райы тымық, аспан ашық кезінде солтүстік шұғыланы көруге болады.

№6 КЕРЕМЕТ: ГЕЙЗЕРЛЕР

Гульфосс сарқырамасы Исландияның «Алтын шеңберінде» жатыр. Бұл елдегілер «Алтын шеңбер» деп Рейкьявикке жақын жерден, Гейзерлер жазығымен өтетін шағын шеңберді айтады.

«Гейзерлер жазығы» - асырыңқырап айтылған атау. Негізінен оны «Гейзерлер саябағы» десе де болады. Шын мәнінде Исландияда гейзерлер барлық жерлерде кездеседі. Олардың бәрі исландтардың «уысында тұр». Жергілікті тұрғындар гейзерлерді суды жылыту, электр жарығын алу, көкөніс өндірілетін жылыжайды қыздыру үшін пайдаланады. Сондықтан Рейкьявикте краннан ағатын судың көмірсутегі дәмі бар. Оны ішкен адам қалпақтай түседі. Мұндағылар суды жылыту үшін емес, оны суыту үшін уақыт өткізеді.

№7 КЕРЕМЕТ: СНАЙФЕЛЬСНЕС ТҮБЕГІ

Осы бір сұлу түбек Исландияның батыс қапталында. Бұл жерде бір күннің ішінде бүкіл Исландияда кездесетін қара вулкан жағажайларын да, вулканның өзін де, сарқырамалардың түр-түрін де кезіктіресің. Іс жүзінде түбек лава басқан алаңдардан құралады. Олардың жастары да, түр-түсі мен кескін-келбеттері де әр қилы.

Жазушы Жюль Верннің арқасында бұл жердегі Арнастапи вулканы жұртқа кеңінен танымал болып қалды. Қаламгер оны «Жер кіндігіне саяхат» деген кітабында атап өткен.

Міне, біздің Исландия жеріне шағын саяхатымыз осымен аяқталды.

 

Соңғы жаңалықтар