• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 24 Маусым, 2020

Жамбылдық полицейлер 220 келіден астам түрлі есірткі заттарын тәркілеген

142 рет
көрсетілді

Жамбыл облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, "Қарасора-2020" жедел алдын алу іс-шарасы барысында өңірден 220 келіден астам түрлі есірткі заттары анықталған, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Сондай-ақ, облыс бойынша 69 есірткі қылмысының дерегі тіркелген. Оның ішінде есірткі сату бойынша 7 дерек, аса ірі көлемде есірткі сақтау бойынша 8 дерек және құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсіру бойынша 11 дерек бар. Заңсыз айналымнан 220 келіден астам түрлі есірткі заттары, оның ішінде 195 келіден астам марихуана және 25 келіге жуық гашиш тәркіленген.

"Қарасора-2020" іс-шарасы барысында Жамбыл облысының Полиция департаментіне қарасты Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Шу ауданының Ақтөбе ауылында арнайы жедел іс-шара өткізіп, 33 жастағы ауыл тұрғынын ұстаған. Облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Нұржан Қалметовтің айтуынша, оның үйінен 52 келі кептірілген марихуана және 12 келі гашиш тәркіленген. Күдікті кінәсін мойындап, Шу ауданының уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған. Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 297-бабы 3-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары  басталды.

Жамбыл облысы бойынша ағымдағы жылдың бес айы ішінде 188 есірткі қылмысы анықталған. Оның ішінде 48 дерек есірткі сату, 19 дерек аса ірі көлемде сақтау, 3 дерек есірткі құралдарын насихаттау немесе заңсыз жарнамалау, 2 дерек есірткі құралдары контрабандасы және 1 дерек есірткіні пайдалану үшін притондар ұйымдастыру және ұстау. Заңсыз айналымнан 501 келі түрлі есірткі құралдары, оның ішінде бір келіден астам ауыр есірткі түріне жататын героин және бір келіге жуық синтетикалық есірткі тәркіленген.

 

Жамбыл облысы