Кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі ұйымдастыруымен баспасөз мәслихаты өткізілді. Ол Астанадағы Ресей ғылым және мәдени орталығында «Хакасия және Алтай жартас өнері» атты көрменің ашылуына арналды.
Кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі ұйымдастыруымен баспасөз мәслихаты өткізілді. Ол Астанадағы Ресей ғылым және мәдени орталығында «Хакасия және Алтай жартас өнері» атты көрменің ашылуына арналды.
Қазіргі заманғы өнердің «Шежіре» галереясы ұйымдастырған бірегей көрме Ресейдің Хакасия мен Алтай республикаларынан табылған петроглифтерді таныстыруды алға мақсат етіп қойған. Онда көне қытай тәсілі бойынша эстампаждық әдіспен қағазға түсірілген 70-тен астам көшірме көпшілік назарына ұсынылады.
Баспасөз мәслихатына ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, «Шежіре» галереясының директоры Роза Жүсіпова, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстандағы Ресей әріптестігі өкілдігінің жетекшісі Виктор Шулика, физика-математика ғылымдарының докторы, мәдениет және тарихтанушы Сергей Нарылков, Алтай мемлекеттік техникалық университеті сәулет өнері мен дизайн кафедрасының доценті, Алтай, Моңғолия мен Қиыр Шығыс петроглифтерін зерттеуші Елена Назаренко, жаңа геоархеология зертханасының ғылыми қызметкері, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих, археология және этнография факультетінің қызметкері, Италияның ғалымы Сала Ренато, тарих ғылымдарының докторы, Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының профессоры, «Қазақстан петроглифтері» кітабының авторы Зейнолла Самашев пен филология ғылымдарының докторы, профессор, түркітанушы, алтайтану мен түркітану ғылыми-зерттеу орталығының директоры Қаржаубай Сартқожаұлы қатысып, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап берді. Олар өз сөздерінде жалпы жартас өнерінің мән-мағынасын, құндылығын айтып түсіндіріп, Хакасия мен Алтай петроглифтерінің мазмұны мен мәніне кеңінен тоқталып өтті.
Қазақстанда тұңғыш рет өткізіліп отырған бұл көрменің бірегей топтамасына көне жартас өнерінің анағұрлым алып ескерткіштері – Седловина, Тепсей, Суханиха, Оглахты, Шалаболин және Бояр таулары петроглифтері – Үлкен және Кіші жазба, оба тастары және окунь мен сақ дәуірлері мүсіндерінің эстамп көшірмелері кіреді.
Хакасия мен Алтай мұраларының біртұтас көрінісі – көне көркемөнер. Бұл жартастағы суреттер ерекше орындалу үлгісімен тәнті етіп, берілген бейнелер жұмбағымен арбап, таңбалар мен композиция белгілері, сондай-ақ, түркі руна жазбалары кез келген адамды таңғалдырары сөзсіз.
«Шежіре» галереясының директоры Роза Жүсіпова сөзінің соңында астаналықтар мен қала қонақтарын 30 қазанға дейін жалғасатын жартасқа жазу өнеріне негізделген Хакасия мен Алтай петроглифтеріне арналған көрмемен танысуға шақырды.
Айдар ӨРІСБАЕВ,
«Егемен Қазақстан».
АСТАНА.