• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 25 Маусым, 2020

Тілшінің үйі мобильді студияға айналды

674 рет
көрсетілді

Елде төтенше жағдай жарияланғанда дүйім жұрт барынша үйде болып, қашықтан еңбек етсе, алғы шептің батырлары өзгелердің амандығы үшін өз жанын қатерге тігіп бақты. Бұл ретте әскерилер, полицейлер және дәрігерлермен қатар жедел ақпарат таратып, халықты сақтыққа шақырған журналистердің де еңбегі бір төбе.

Қолына қалам алып, ақпарат таратуға асыққан журналис­тер қай кезде де миссиясынан мызғыған емес. Мейлі өрт, мейл­і апат, мейлі тасқын болсын сол оқиға орнынан дереу сапалы, сенімді ақпарат таратады. Елде төтенше жағдай жарияланып ұлттың иммунитеті сыналар сәтте де журналис­тер ширақ қимылдап, кәсі­би міндетін жоғары деңгейде атқара алатынын тағы бір дә­лел­деді. Бұл уақытта эпиде­миялық жағдайға байла­нысты елеңдеген елдің сұрағы көп болғаны белгілі. Халық пен билік арасындағы дәнекер ретінде журналистер мың сауалды тиісті органға жеткізіп, толымды хабар беріп отырды. Арасында коронавирус­пен күрестің қалың ортасында жүріп репортаж жаса­ғандар да бар. Соның бірі  «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы Жаңалықтар қызметі Ал­маты бюросының жетекшісі Жазира Оразқызы жер-жаһанда тараған жұқпалы індет жағадан алғанда, сәт сайын өзгерген жаңалықтарды жалпақ жұртқа жеткізу үшін журналистер қауымының қарбаласқа толы жұмысы одан сайын қыза түскенін айтады.

– «Алматыдан коронавирус анықталды» деген алғашқы хабар айтылған күннен бастап жұмыс тәртібіміз тұтас өзгерді. Әлеуметтік желілерде сан түрлі жаңалықтар шыға бастады, оның ішінде бұрмаланғаны да, шындыққа жанаспайтыны да болды. Онсыз да бойын үрей мен қорқыныш билеген жұртқа ресми ақпаратты дер кезінде беру, сағат сайын хабар тарату Ұлттық арнаның бас­ты қағидатына айналды. Жаңалықтар қызметінің жүр­гізушілері мен тілшілері індет жұқ­тыруымыз мүмкін деген қорқынышқа қарамастан, қыз­метіне адал болып, абыроймен атқаруға тырысты. Оқиға орнынан тікелей эфирлер, телефон арқылы хабарлау, маңызды  әрі соңғы ақпаратты сапалы, жылдам жеткізу  үшін тыным таппады, – дейді ол.

Оның айтуынша, мұн­шалықты көп арнайы шыға­рылымдар әдетте мерекелерде, айтулы күндерде жасалған болса, карантин кезінде аяқ астынан тікелей эфирге шығу үйреншікті жұмысқа айналған.

«Алматыда коронавирус жұқ­тырған алғашқы адам тір­кел­­ген сәттен бастап  600-ден астам індет  ошағы анық­та­лыпты. Қала әкімі Б.Сағын­таевтың есебінде айтылғандай,  бір тәулікте 132 инфекция оша­ғы тіркелген кездер де бол­ған. Түсірілім топтары індет ошақ­­тарына жақын бармауға ты­рыс­ты. Дегенмен, біздің бас­ты қаруымыз – ақпарат. Теле­көрермендерімізге сараланған, салмақты, тексе­рілген, маңыз­ды, өзекті жаңалықтарды беру үшін кейде біраз тер төгуге тура келеді. Ақпарат алудың сан алуан амалдарын қолданамыз. Бастысы, материалыңды көр­генде көрермен көкейінде еш­қан­дай сауал, күмән қал­мауын ойлауымыз қажет. Қа­уіп­сіздік шараларын да қатаң ұстандық, әлі де карантин талаптарын сақ­таймыз», дейді Жазира Оразқызы.

Бұл қатаң тәртіп халықтың біразын үйге тыққанмен оның да бір қайыры болды. Жақсылық көре білген адамға оқшаулау режімі жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Кез келген жағдайға бейім әріптестеріміз карантин кезінде өз үйін мобильді сту­дияға айналдырып, жаңа фор­матта ақпарат таратуды да үйренген. 

«Білесіз бе, жаңа­лықтар бөлімі пандемия әкелген жаңашылдыққа да ақы­рындап бой түзей бастады. Бұл ретте журналистің үйі мобильді студияға айналғаны бар. Қашықтан жұмыс істеген тілшілер ұялы телефон арқылы маңызды мәліметтерді өз баспанасынан онлайн хабарлап отырды. Бұл жаңа үрдіске үйренісу алғашында оңай болмады. Оператор, жарық қоюшы, режиссер сынды тағы да басқа көптеген мамандарсыз эфирге шығу үлкен жауапкершілік пен еңбекті талап етті», дейді Atameken Business арнасының тележүргізушісі Қайырбек Бай­мырза.

Әріптесіміздің сөзіне сенсек, аталған телеарнаның 90% қызметкері үйден жұмыс істеп, қалған қызметкерлер редакция­да барлық санитарлық талаптарды орындай отырып жұмыс істеген. Үйде телеарнадағыдай тех­никалық мүмкіндіктер бол­­­­­маса да жаңа жағдайда эфир­ уа­қыты артып, бастысы­ – жаңа­лықтар желісінен жа­­ңыл­­маған. Аңдап қарасақ, коронавирус көп түсініктің то­нын теріс айналдырды. Қо­ғамға қалыпты жағдайға басқа қырынан қарауға, көп нәрсенің қадірін білуге үйретті. Сабырға шақырды, сабамызға келтірді. Елдегі кейбір кемшін тұстарды түзетуге жол ашты...

Қазіргідей қиын сәтте алғы шепте қызмет еткен әрбір маман иесінің еңбегі өлшеусіз. «Жегені жантақ, арқалағаны алтын» әріптестердің жұмысын адал атқару үшін ең қатерлі аймақтардан ақпарат таратқан ерен еңбегі еленіп,  халықтың сенімі арта түссе екен деген тілегі бар. Өкінішке қарай, бүгінде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 19 мыңнан асса да індеттің ба­рына сенбейтіндер әлі де бар. Қайткенде де басты мін­де­тіміз ақпараттандыру, құ­лақ­тандыру болғандықтан, қо­ғамды қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақыру жалғаса береді.

Қуанышты жаңалықтар тара­тар күніміз көп болсын!