Індет шеңгеліне бірінші болып іліккен Алматыдағы эпидемиялық ахуал алаңдатарлық. Коронавирус жұқтырғаны анықталған және ауыр жағдайларды айтпағанның өзінде, қазір екінің бірінің жақыны мен танысы екі өкпеден қысқан түсініксіз тұмаудан арыла алмай отыр.
Індет белгілері бар науқастарды емдеу жалғасады
Өзі де осы кеселден емделіп шыққан Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Камалжан Надыров халі өте нашар науқастарды емдеу үшін қолданылатын плазманы тапсырғаннан кейін, онлайн брифингте қаладағы эпидемиялық жағдай туралы жан-жақты баяндап, журналистердің сауалдарына жауап берді. Мегаполистің бас дәрігері жағдайы ауыр науқастардың көбейіп бара жатқанын жасырған жоқ.
– Біз жағдайы ауыр пациенттердің көбею себебін талдай келе, бұл қант диабеті, артериялық гипертензия, жүректің ишемиялық аурулары мен басқа да қосымша созылмалы кеселдері бар пациенттер санының көбеюімен байланысты деген қорытындыға келдік. Сондай-ақ аурудың ауырлығы мен пациенттердің жасы арасындағы байланыс анық байқалады, яғни жағдайы ауыр және өте ауыр пациенттер арасында 80%-дан астамын 60 жастан асқан адамдар құрайды.
Аурушаңдықты талдау 20-29 жас аралығындағы жастардың жиі індетке шалдығатынын көрсетіп отыр – 35%, жасы 60-тан асқан науқастар – 8,8%, – дейді Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы.
Жалпы, динамикада жағдайы ауыр және өте ауыр пациенттердің көбеюі байқалады.
Қала бас дәрігері бастапқы тест теріс нәтиже көрсетсе де, індет белгілері бар науқастардың арнаулы хаттамаға сәйкес емделе беретіндігі туралы мәлімдей келе:
– КВИ-дің қауіпті және жиі асқынып жатқан түрінің бірі – пневмония болып тұр. Пациенттің жағдайын бағалау үшін өкпенің компьютерлік томографиясы уақтылы жүргізілуі қажет. Осыған байланысты, біз КТ қызмет көрсетушілерінің тізілімін жасадық, емханалар КТ орындайтын мемлекеттік және жекеменшік ұйымдармен шарттар жасады. Қала бойынша аталған қызмет көрсетушілер саны – 12. КТ қызметтерін жеткізушілер коронавирустық инфекция диагнозы расталған пациенттерді қабылдау жұмыстарының бөлек кестесін және ауру белгілері ұқсас пациенттер үшін жеке уақытты анықтады. Сондай-ақ үш ай ішінде КТ аппаратын ҚБЖАА-ға және ЖШМККА-ға жеткізу күтілуде, бұл осы зерттеуге қолжетімділікті арттырады. Дәрігердің жолдамасынсыз, сәулелік жүктеменің жоғары болуына байланысты КТ зерттеулерін жүргізу ұсынылмайды, – дейді.
К.Надыровтың айтуынша, бірқатар зертхана түрлі себеппен уақытша істен шықты. Осы аптада жұмыс жаңартылатын болады. Сондай-ақ Болат Өтемұратовтың қоры сыйлаған мобильдік зертхана пайдалануға беріледі. Қысқасы, зертханалардың істен шығуы шаһарда кәдімгідей алаңдаушылық туғызды.
«Бірақ пациенттерде тест нәтижесі індет жұқтырмағанын көрсеткеніне қарамастан, коронавирусқа ұқсас клиникалық белгілер көрініс тапқан жағдайда, біз диагностикалау мен емдеудің жаңа клиникалық хаттамасына сәйкес, тестілеу нәтижесін күтпестен емдеуді бастаймыз. Бұл емдеу процесін бақылауға және дертті өршітіп алмауға мүмкіндік береді. Болашақта осындай іркілістерді болдырмау үшін жеке жеткізушілерді тарту арқылы ағымдағы қуатты арттыру және жаңа зертханаларды ашу мәселесі пысықталуда», деді ол.
13 медициналық ұйым жұмылдырылды
Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Алматыда коронавируспен күресу үшін барлығы 13 медициналық ұйым жұмылдырылғанын айтып отыр.
– Сол сияқты амбулаториялық деңгейде ауқымды жұмыс жүргізілуде. Мұнда біз виртуалды жұқпалы аурулар ауруханасын ашып, расталған жағдайларда да, коронавирустың ықтимал жағдайлары бар пациенттердің денсаулық жағдайына мониторинг жүргізудеміз. Тәжірибе көрсеткендей, бұл жерде ең қиыны, бұл ағымның симптомсыз немесе жеңіл түрі бар халықты үйде болуға сендіру. Әйткенмен, стационарлар толып қалғанына байланысты, тұрғындарға ең алдымен үрейге бой алдырмауды, болмашы дене қызуының болуы емдеуге жатқызу үшін аурудың себебі емес екенін айтқым келеді, – деді К.Надыров.
Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысының айтуынша, әр емханада бекітілген регламентке сәйкес пациенттерді мониторингілеумен айналысатын мобильдік бригадалар құрылған. Бүгінде олардың саны – 72. Мобильдік топтың құрамына бөлімше меңгерушілері, инфекционист дәрігерлер, эпидемиологтар, учаскелік дәрігерлер мен мейірбикелер кіреді. Барлығы 287 МСАК қызметкері жұмылдырылған. Жұмыс сапасын арттыру мақсатында осы бригадалардың санын арттыру бойынша жұмыс жүргізілуде.
Өкпені жасанды желдету аппараттары жеткілікті ме?
Қазіргі таңда қаланың медициналық ұйымдарында 573 ӨЖЖ аппараты бар. К.Надыров бұл аппараттардың жүктелуі мен қажеттілігіне талдау жүргізілгені туралы былай дейді:
– Бұдан басқа, 2 ай ішінде 18 ӨЖЖ аппараты мен медициналық жедел жәрдем автокөліктеріне арналған 20 портативті ӨЖЖ аппараты жеткізіледі деп күтілуде. Осылайша қажет болған жағдайда ӨЖЖ аппараттарын қосымша іске қосу мүмкіндігі бар. Жалпы, бізде қорда індет жұқтырған пациенттерді емдеуге арналған 100-ден астам ӨЖЖ аппараты бар. Бұл жеткілікті, – деді.
Қаланың бас дәрігері науқастардың көбейіп бара жатқанын ескере отырып, ҚДБ колл-орталығы мен емханалар арасында өзара әрекет жасалып жатқанын атады.
Бүгінде провизорлық төсек-орындар 90%-ға жүктелген, инфекциялық төсек-орындар 95%-ға толды. Жұқпалы аурулар бейініндегі қосымша төсек-орнын ашу үшін «Halyk Arena» базасында 500 төсек-орнын ашу нұсқасын қарастырудамыз. Сондай-ақ біз 150 төсек-орынға арналған «ТЖ ауруханасы» АҚ госпиталі базасында жұқпалы аурулар стационарын ашуды ойластырып отырмыз.
Осылайша жұқпалы ауруларды емдеуге бейімделген 1940 төсек-орынға қосымша тағы 650 төсек-орын ашылады. Жағдай одан әрі ушыққан кезде, «Halyk Arena» базасындағы төсек-орындар санын 300 төсек-орынға көбейту мүмкіндігі бар. Сол сияқты «Almaty Arena» базасында да төсек-орындар ашуға болады. Осының барлығын есептегенде, 3700-ге дейін жұқпалы аурулар төсек-орнын, провизорлық төсек-орындарын 1 мыңға дейін ашуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар біз жатақханалар базасында провизорлық және жұқпалы аурулар төсек-орындарын ашу мәселесін қарастыратын боламыз, – деді басқарма басшысы.
Коронавирусқа қарсы антиденеге қан тапсырды
Осы арада Қазақстанда коронавируспен ауырғандардың антиденелерін алу процесі басталғанын айта кеткен жөн. Бұл процедураны қалаушылар Алматы қаласының Республикалық қан орталығында өткізе алады.
– Өздеріңіз білетіндей, мен осы инфекциямен ауырдым және менің плазмам аурудың ауыр түрімен ауыратын пациенттерді емдеуге көмектеседі деп ойлаймын. Жұқтырғандар үшін қолданылатын бұл әдіс тірі вакцинаның әсеріне ие және көпшілікке сауығып кетулеріне көмектеседі. Донор болу – әрбір адамның парызы. Қазіргі уақытта Алматыда 2 мыңнан астам адам емдеуден жазылып шықты. Мен әрбір ауырып жазылған адамды Covid-19 антиденесіне қан тапсыруға шақырамын, осылайша коронавирустан емделіп жатқан көптеген адамға, ең алдымен ауыр жағдайдағы науқасқа көмектесуге болады. Процедура ауыртпалықсыз және қауіпсіз өтеді. Дәл қазіргі жағдайда – вируспен күрес жағдайында барлығымыз бірігуіміз керек, – дейді К.Надыров.
Республикалық қан орталығының директоры Дилявер Бекировтің айтуынша, бір ай ішінде 24 адам плазма тапсыруға өтініш білдірген, бірақ тек үшеуі ғана донор болды, себебі оларда COVID-19 антиденелердің жоғары титрі анықталған. Камалжан Талғатұлы барлық белгілер бойынша донор ретінде сәйкес келді, өйткені оның ағзасында антиденелердің жоғары титрі анықталған.
Плазмаферез (плазма дайындау) процедурасы барысында бір донордан 600 мл плазма алады, жұқтырған адам үшін 200 мл жеткілікті. Плазманың мұндай көлемін алу ғылыми тұрғыдан негізделген және донорға ешқандай зиян келтірмейді.
АЛМАТЫ