• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Саясат 25 Маусым, 2020

Отбасы мен балалардың мүддесі бірінші кезекте қорғалуы тиіс

578 рет
көрсетілді

Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы өтті. Отырысты онлайн-режімде ашқан Ұлттық комиссияның төрайымы Ләззат Рамазанова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қойған маңызды міндеттерді орындау үшін мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттыру қажеттігін көлденең тартты.

«Ұлттық комиссия отбасы мен балалардың мүдделерін қорғауға қатысты өзекті мәселелерді талқылау бойынша қоғамдық диалогты дамытуды жалғастыруда. «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы әзір­ленді. Бүгінгі таңда құқық қорғау­шы ҮЕҰ-ның белсенді қатысуымен 13 онлайн-талқылау өткізілді», деді Л.Рамазанова.

Отырыста еліміздегі 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының бірінші кезеңінің орындалу қорытындысы баяндалды.

Жиында белгілі болғандай, отбасы институтын нығайтуға, отбасылық құндылықтарды ілгерілетуге бағытталған бірқатар әлеуметтік-маңызды жобалар іске асырылған. Жоғарғы соттың қолдауымен «Бақытты отбасы» отбасы­лық соттар жанындағы отбасын ресурс­тық қолдаудың 12 орталығының қызметі қамтамасыз етілген (Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында, Қарағанды, Ақмола, Атырау, Жамбыл, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарында). Есепті кезеңде орталықтарға 2 750-ден астам адам, оның ішінде ажырасу мәселелері бойынша – 2030 адам өтініш жасаған. Татуласуға дайын адамдар саны 38,1%-ды (774 адам) құраған.

«ÓNEGE» жобасы шеңберінде 9 өңір­де әлеуметтік қызметтер 1125 кон­суль­тациялық қызмет көрсетті және отба­сы­лардағы өмірлік қиын жағдайдың 225 оқиғасы бойынша көмек берген. 19 мың адам тегін кеңес алған. Олардың 350-і қиын өмірлік жағдайға тап болған.

«Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының құрылы­мында отбасы институтын зерттеу орта­лығы ашылған. Биыл орталық тарапынан отбасының өзекті мәселелері бойынша бірқатар зерттеулер жүргізілмек.

2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласында «Жанұя» орталығы ашылды, ол «бір терезе» қағидаты бойынша қала тұрғын­дарына көрсетілетін мемлекеттік қызмет­терді біріктіреді және отбасылармен жеке жұмыс жүргізеді. Бүгінгі күні орталыққа 14,8 мың сұрақпен 7 мыңға жуық адам жүгінген. 11,5 мыңнан астам кеңес беріліп, оның барысында 3,5 мыңнан астам мәселе шешілді.

Талқылау барысында Қазақстандағы отбасылық және гендерлік саясат саласындағы нысаналы индикаторларға қол жеткізуге байланысты бірқатар мәсе­ле­лер атап өтілді. Отырысқа қатысу­шыларға ЮНФПА-ның Қазақстан­дағы өкіл­дігі өткізген «ұрпақ және гендер» зерттеу қорытындылары ұсыныл­ды. Демографиялық дамуды анықтай­тын халықтың қоныстануы саласын­дағы факторлардың бірі адамның репродук­тивті денсаулығын қорғау болып табылатыны, ал оның басты мақсаты – дені сау бала­лардың дүниеге келуі атап өтілді.

Соңында Қазақстан Республикасы Пре­зи­дентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық сая­сат жөніндегі ұлттық комиссияның 20 жыл­дығына арналған кітап таныстырылды. Отырыс қорытындысы бойынша тиісті министрліктер мен жергілікті атқарушы органдарға нақты тапсырмалар берілді.