Қызылорда облысында осы жылдың 1 маусымы мен 30 қазаны аралығында жоспарланған "Қарасора-2020" республикалық арнайы жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр, деп жазады Egemen.kz
Шара мақсаты есірткі заты бар өсімдіктерді өсіп-баптаудың алдын алу, героин тасымалын жою, сондай-ақ есірткі, оның ішінде жаңа түрлерін таратумен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топтар қызметіне тосқауыл қоюға бағытталған.
Облыстық Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Бектөре Сұлтан шараға Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері, "Бүркіт" арнайы жасағы, криминалдық полиция, жергілікті полиция қызметі, кинологиялық қызмет орталығы мамандары жұмылдырылғанын атап өтті.
Ай басынан бері есірткі құқық бұзушылығының 64 дерегі анықталды. Есірткі өсіргені үшін 32 тұрғын ұсталса, оның 10-ы қамаққа алынды.