Былтыр желтоқсан айында Қытай Халық Республикасының Ухань қаласынан шыққан коронавирус кеселі бүгінде төрткүл әлемге жайылды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл қатерлі дертке SARS-CoV-2, COVID-2019, 2019-nCoV деген атау бергені белгілі.
Аустралия ұлттық университетінің (ANU) ғалымдары көлденеңнен келген коронавирус кеселінің кесірінен әлем экономикасы 2,4 трлн доллардан 9 трлн долларға дейін құлдырауы мүмкін деген болжам жасап отыр. Америка Құрама Штаттары – 1,7 трлн доллар, ҚХР – 1,6 трлн доллар, Үндістан – 567 млрд доллар, Жапония 549 млрд доллар көлемінде зардап шекпек. Ғалымдардың пайымдауынша, бұл қатерлі індет төрткүл әлемдегі 15 млн адамның өмірін қиып кететін көрінеді. Бүгінде көптеген өркениетті елдер коронавирусқа қарсы вакцина іздеу үстінде.
2020 жылғы 22 маусымға дейін төрткүл әлемнің 213 елінде 470 665 адам көз жұмған. Соның ішінде Еуропада – 187 387, Солтүстік Америкада – 153 627, Оңтүстік Америкада – 70 324, Азия елдерінде – 47 291, Африкада – 7 950, Аустралия мен Мұхиттар аймағында 124 адам бақилық болған. Әлгі ғалымдар қатты алаңдап отырған «жасыл құрлықта» 102 адам көз жұмған.
Мемлекеттер арасынан АҚШ-та – 122 247, Бразилияда – 50 659, Ұлыбританияда – 42 632, Италияда – 34 634, Францияда – 29 640, Испанияда – 28 323, Мексикада – 21 825, Үндістанда – 13 703, Бельгияда – 9 696, Иранда – 9 623, Германияда – 8 962, Канадада – 8 430, Перуде – 8 045, Нидерландыда – 6 090, Швецияда – 5 053, Түркияда – 4 950, ҚХР-да – 4 634, Чилиде – 4 479, Эквадорда – 4 223, Пәкістанда – 3 501, Индонезияда – 2 465, Колумбияда – 2 237, Египетте – 2 193, Швейцарияда – 1 956, Оңтүстік Африка Республикасында – 1 930, Ирландияда – 1 715, Португалияда – 1 530, Румынияда – 1 512, Бангладеште – 1 464, Польшада – 1 356, Сауд Арабиясында – 1 267, Филиппинде – 1 169, Иракта – 1 100, Аргентинада 1 011 адам өмірмен қош айтысқан. Өзге елдердегі өлім көрсеткіші мың адамға жетпейді.
Бұрынғы кеңестік кеңістіктегі елдер арасындағы кісі өлімінің көрсеткіші мынадай: Ресей Федерациясында – 8 111, Украинада – 1 002, Молдовада – 473, Арменияда – 350, Беларусьте – 346, Әзербайжанда – 154, Литвада – 76, Эстонияда – 69, Тәжікстанда – 52, Қырғызстанда – 37, Латвияда – 30, Өзбекстанда – 19, Грузияда – 14 адам.
Бейресми мәліметтерге қарағанда, Тәжікстанда бұл қатерлі індеттен қайтыс болғандардың саны 420-ны құрайды. Жоғарыдан берілген тапсырма бойынша дәрігерлер марқұмдарға пневмония, туберкулез, доңыз тұмауынан көз жұмды деген құжат толтырған көрінеді. Бұл елде карантиндік шаралар енгізілмеген. Тек адам көп жұмыс істейтін кейбір кәсіпорындар ғана жұмысын тоқтатқан.
Ал бейтарап авторитарлы мемлекет – Түрікменстанда коронавирус ресми түрде тіркелмеген. Былайша айтқанда, ешкім кесел жұқтырмаған. Адамдарға бетперде, медициналық қолғап киюге тыйым салынған. Ел президенті Гурбангулы Бердімұхамедов сақтық шаралары ретінде үйде адыраспан тұтатуды ұсынған. Сол себепті бұл елде күн сайын мыңдаған адамның қатысуымен көпшілік іс-шаралар өткізілуде. Мұндайда «Ауруын жасырғанды өлім әшкере етеді» деген тәмсіл ойға оралады екен.
Қазақстанға келетін болсақ, коронавирустан 120 адам бақилық болған. Атап айтқанда, Нұр-Сұлтанда – 32, Алматыда – 20, Шымкент пен Павлодар облысында – 13-тен, Қарағанды облысында – 10, Ақмола мен Түркістан облыстарында – 8-ден, Батыс Қазақстан облысында – 6, Атырау облысында – 3, Қостанай, Маңғыстау облыстарында – 2-ден, Ақтөбе, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстарында бір-бірден адам көз жұмған. Алматы, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан облыстарында кісі өлімі тіркелмеген.
Әбдісаттар ӘЛІП
ШЫМКЕНТ