• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 02 Шілде, 2020

Баршынкент – бағзы заман куәгері

648 рет
көрсетілді

Қызылорда қаласына жа­қын Қоғалыкөл ауылы аумағын­дағы орта ғасырлық Бар­шын­кент шаһарының орнына үшінші жыл қатарынан археологиялық қазба жұмыс­тары жүргізілуде. Археологтар өткен жылы үлгісі ерекше медресе орнын анықтап, биыл сол төңіректі толық аршып бітті. Бағзы заман куәсі саналатын қаладан тағы бір ғажайып ғимараттың сұлбасы анықталып тұр. Ғалымдардың болжауынша ол үлкен медресе орны болуы мүмкін.

Тарихи деректерде түрлі атаумен белгілі Баршынкент орта ғасырларда дәрпі алыс-жақынға жайылған салтанатты шаһар болған деседі. Өткен ғасырдың орта шенінде алғаш рет археологиялық зерттеу жүргізілген қала орнынан тарих үшін маңызды талай дүниелер табылды. Көне тарих деректері атақты Жошының жарағы келіскен әскеріне табанды қарсылық көрсеткен де осы қала тұрғындары болғанын айтады. Сол маңдағы өзен арнасын бұрып, суға бастыру арқылы тас қамалға кірер жол тапқан әскер кейін қираған шаһарды қалпына келтіріп, қала Жошы ұлысының Сыр бойындағы орталығына да айналған.

«Археолог» халықаралық ғы­лыми-зерттеу орталығы» ЖШС жете­кшісі, тарих ғылымдарының докторы Мадияр Елеуов Баршын­кенттегі әр төбенің астында талай дү­ние жатқанын айтады. Былтырғы жылдың басты олжасына айналған сегізбұрышты медреседен табылған ою-өрнектер осы уақытқа дейін еш жерден кездесе қоймаған. Биыл топырақ үйіндісінен тазартылған кесене орны да ілеуде бір табылатын қазына.

Археологтар кесененің архи­тектуралық ерекшелігін Алтын Орда дәуіріне жатқызып отыр. Ғимараттың солтүстік жағы үл­кен қасбеті болғаны байқалады. Кейін­нен құлаған қабырғаның биік­­тігі оншақты метрден асқан деген болжам жасалды. Бір таңда­нар­лығы, есте жоқ ескі заман­дағы ғимарат құрылысында осы күні өзіміз жиі пайдаланатын кафельге ұқсас материалдың қолданылғаны. Бетіне түрлі өрнек түскен көк тас­тар күні кеше ғана қаланғандай жарқырап тұр.

Қазба жұмыстары басталған сәтте-ақ қала атауы жазылған монета табылып, ол осы уақытқа дейін айтылып келген «Баршынкентте теңге сарайы болған» деген пікірді тірілте түскен. Одан бөлек қыш күйдірген орындар да анықталып отыр.

– Қазба жұмыстарынан ке­йін ар­­шылған ғимараттар орнын кейін­гілер көріп, танысуға мүм­­кін­дігі бар нысан ретінде қал­дыр­ғымыз келеді. Осы үшін де қазір бірнеше нысанды сыртынан кесекпен өріп, жауып жатырмыз, – дейді Мадияр Елеуов.

Әлемді шарлаған талай жиһан­кез сәулетіне таңдай қаққан Бар­шын­­кенттегі ғимараттардың дені күйдірілген қыштан салынған. Осы­ның өзі қала орнынан ашық аспан астындағы музей жасақтау идеясына түрткі болып отыр. Археологтардың бұл бастамасына жергілікті билік те қолдау танытыпты.

 

ҚЫЗЫЛОРДА