Apple компаниясы бірнеше штаттағы аурулар санының күрт өсуіне байланысты АҚШ-тағы 30-дан астам дүкенді қайта жабады, нәтижесінде жабық дүкендердің жалпы саны 77-ге дейін артады. Бұл туралы Bloomberg хабарлады, - деп жазады Egemen.kz
"Кейбір штаттардағы коронавирус індетінінің өршуіне байланысты біз дүкендерді уақытша жабамыз. Бұл шараны сақтық шаралары үшін қабылдадық. Жағдайды мұқият қадағалаймыз және біздің қызметкерлер мен сатып алушыларымызды жақын арада көреміз деп үміттенеміз", деп хабарлайды компания өкілі.
Бұл хабарлама Алабама, Калифорния, Джорджия, Айдахо, Луизиана, Невада және Оклахома штаттарына қатысты. Ал Флорида, Миссисипи, Техас және Ютадағы дүкендер жабылды.
Apple коронавирустың таралуына жол бермеу үшін дүкендерін жапқан алғашқы компаниялардың бірі. Жақында дүкендер санитарлық нормаларды сақтай отырып ашыла бастады, бірақ коронавирусты жұқтыру санының көбеюіне байланысты компанияның сату нүктелерін қайта жабуға тура келді.
Айта кету керек, АҚШ коронавирустың таралуы бойынша әлемде бірінші орында тұр: 2,8 миллионға жуық жұқтырды, 1,1 миллион сауығып, 130 мың адам қаза тапты.