Бүгін Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Елорда күніне орай бейнебайланыс режимінде өңірдегі медицина қызметкерлерімен кездесті. Жиында Бердібек Сапарбаев сала мамандарына коронавирус індетімен күрес кезіндегі адал және қажырлы еңбектері үшін алғыс білдіріп, Астана күнімен құттықтады, - деп хабарлайды Egemen.kz
"Бүгінгі мереке – Қазақстан Республикасының жетістіктерінің жемісі десек артық айтпаймыз. Нұр-Сұлтан қаласы халқымыздың достығы мен бірлігінің кепілі, мемлекеттің жаңаруы мен тәуелсіздіктің нышанына айналды. Елорда – барлық қазақстандықтардың мақтанышы мен мерейі. Осынау мерекеде біз медицина қызметкерлерінің елеулі еңбегін ескерусіз қалдыра алмадық. Еліміздің әрбір тұрғынының дені сау және бақытты ғұмыр кешуін тілейміз. Әр отбасыда амандық орнап, еліміз гүлдене берсін", - деді әкім.
Басқосуда 10 медицина қызметкері мемлекеттік ордендерге, медальдарға және Алғыс хаттарға ие болды. Атап айтсақ, "Парасат" орденімен облыстық көпбейінді балалар ауруханасының дәрігер-эпидемиологы Гүлфайра Мырзабекова, "Құрмет" орденімен облыстық көпсалалы балалар ауруханасының инфекционист-дәрігері Елена Пак марапатталды. Ал, "Ерен еңбегі үшін" медалі облыстық орталық аурухананың жұқтырылған иммун тапшылығы синдромының алдын алу және онымен күрес жүргізу жөніндегі инфекционист-дәрігері Гүлнара Байдәулетова, облыстық көпбейінді балалар ауруханасының инфекционист-дәрігері Елеусіз Қайынбаев, облыстық медициналық жедел жәрдем стансасының аудандар бойынша аға фельдшері Марина Оваченко және облыстық мамандандырылған оңалту орталығының бас медбикесі Фарида Үсенбаева сынды мамандарға табысталды. Сондай-ақ, "Шапағат" медалімен ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығының реаниматолог-дәрігері Алмас Әлібеков, облыстық көпбейінді балалар ауруханасының эпидемиологы Бекболат Кеңесбаев, ал, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығының реаниматологы Дәурен Нарбаев, облыстық көпбейінді балалар ауруханасының инфекционисті Лиза Турганова марапатталды.
Өз сөзінде Елена Пак бүгінде бүкіл әлем қауіпті вируспен күресуде екенін, алайда дәрігерлер ешқандай қиындықтар мен қауіп-қатерлерге бой бермеуде екенін айта келіп, ақ халатты абзал жандардың еңбегін бағалаған билік өкілдеріне алғысын жеткізді. Ол осы мүмкіндікті пайдалана отырып, тұрғындарды карантин режимі мен барлық санитарлық талаптарды сақтауға шақырды.
Ал Гүлфайра Мырзабекова қазір медицина қызметкерлеріне оңай еместігін атап өтті. Өкінішке қарай, күн сайын науқастар саны көбейіп келетіндігін айта келіп, тұрғындардың үйде болуы және отбасылық мерекелерді ұйымдастырмауы керектігін жеткізді.
Жамбыл облысы