Маңғыстау облысы бойынша коронавирустық инфекцияға және вирустық пневмонияға қатысты жағдай күрделі. Қазіргі таңда коронавирус инфекциясын жұқтырған ресми 1217 адам тіркелсе, симптомсыз 720 адам тіркеліп отыр, 678 адам емделіп шыққандар санатында.
«Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» дегендей, облыс көлемінде пневмония ауруы кең таралуда. Бүгінгі таңда 1000-нан аса науқас ем алып жатыр, оның ішінде 60 адам ауыр жағдайда, 35 адам өте ауыр хәлде. Күніне орташа есеппен пневмония ауруы бойынша 300-ге жуық адам шағымданып, соның ішінде 200-ге жуық адам ауруханаға жатқызылуда. Алайда Маңғыстау облыстық қоғамдық коммуникация қызметі орталығы таратқан мәліметке сай, соңғы күндері науқастар санының төмендеуі байқалуда.
Індетке қарсы іс-шара қай деңгейде?
Жалпы, денсаулық сақтау ұйымдарында барлығы 1667 төсек-орын дайындалды. Соның ішінде, инфекциялық стационарда 230 төсек-орын, провизорлық стационарда 1047 төсек-орын және карантиндік стационарда 390 төсек-орын жасақталды. Бүгінде олардың сыйымдылығы 74%-ды құрап отыр. Сонымен бірге облыс бойынша қосымша 300 төсек-орынға провизорлық стационар дайындалды. Облыстық перинаталдық орталықта – 25 төсек-орын, Жаңаөзен қаласында – 70 төсек-орын, Түпқараған ауданында – 20 төсек-орын, Маңғыстау ауданында – 35 төсек-орын, Қарақия ауданында – 40 төсек-орын, Мұнайлы ауданында – 40 төсек-орын, «Архимед» денсаулық сақтау орталығында жүкті әйелдерге арналған – 100 төсек-орын жұмыс істей бастады. Маңғыстау облыстық ауруханасының 5 және 6-қабаттарына жөндеу жұмыстары апта соңында аяқталып, провизорға 150 орын қосымша қосылатын болады, резервте Ақтау қаласындағы теннис орталығында қосымша 150 төсек-орын дайын тұр.
Ал ауырған жанға қажетті құрал-жабдықтарға келер болсақ, облыста 122 бірлік өкпені жасанды жеделдету аппараты бар, оның ішінде 53 аппарат індет жұқтырған науқастарды емдеуге жұмылдырылған. Қосымша «МаңғыстауМұнайГаз» АҚ – 20 аппарат, «NCOC» компаниясы – 12 аппарат, «Қаражанбас» АҚ – 30 оттегі концентраторларын сатып алуға демеушілік көрсетті. Республикалық бюджет есебінен 40 аппарат алынса, жергілікті бюджеттен қосымша 30 бірлік оттегі концентраторлары сатып алынуда.
Індеттің өршуіне байланысты аталған аппараттардың жетіспеушілігі бүкіл әлемде байқалуда. Сондықтан мәселені шешу үшін мүмкіндіктер қарастырылып жатыр.
Қиын кезде медицинаға, халыққа атымтай азаматтар қолұшын созуда. Құрылысшылар С.Мұсабаев, А.Жолдыбаев, Б.Оңдасынов, Ж.Әділбеков, И.Бимырзаев, Н.Күншығаров, С.Мұңалбаев, А.Керелбаев облысқа 25 дана оттегі концентраторын, Маңғыстау ауданына 15 дана «Боброва» аппаратын алдырып жатса, «Форте» банктің Маңғыстау облыстық филиалы директоры А.Өрісбаев 4 дана оттегі концентраторына қолдау көрсетуде.
Ал «NCOC» компаниясы қосымша 8 дана өкпені жасанды жеделдету аппараттарын алуға, 200 дана көпфункциялы медициналық кереует, 50 дана оттегі концентраторын, 1 мың дана көп пайдаланылатын медициналық костюм мен 10 мың дана бір реттік медициналық костюмдерді сатып алуға қолдау білдіруде.
Ізгі шарадан «МаңғыстауМұнайГаз» АҚ тыс қалған жоқ. Олар 1 дана КТ аппаратын сатып алуға қолдау білдірсе, «Ерсай» компаниясы медициналық құрал- жабдықтармен қамтамасыз етуге, қосымша «Олимп» лабораториясының жөндеу жұмыстарына қаржылай демеушілік көрсетуге және оны 10 мың ПТР-тестпен қамтамасыз етуге келісім берді.
Жедел жәрдем дәрмені қандай?
Жедел жәрдем қызметі індет басталысымен белсенді қызмет көрсетуге тырысты. Аталған мекемеде қызмет ететін дәрігерлердің еңбегі – майданда алғы шепте жүрген сарбаздармен бірдей болды деуге болады. Алайда қамсауы кеткен, ғимараты болмағандықтан бүгінге дейін «үй жалдап» өлмешінің күнін көріп жүрген, көліктерінің сауынан бұзылғаны көп мекеме біразға дейін «арығын білдірген жоқ». Бірақ індет күшейген шақта олардың да ісі қожырай бастады. Жедел жәрдем қызметі үлгермей, шақырулардан бас көтере алмай састы.
Құзырлы орындардың мәліметтеріне сүйенсек, қазір облыс бойынша жедел жәрдемнің 45 бригадасы тынбай еңбек етуде. Ақтау қаласында күндізгі уақытта 12 бригада, түнгі мезгілде 14 бригада қызмет көрсетеді. Бүгінде жедел жәрдем бригадаларына көп күш түсуде. Облыс бойынша соңғы күні 783 шақыру түскен, соның ішінде 292 шақыру Ақтау қаласы бойынша екен. Алдыңғы аптада ең көп яғни, 1 мыңнан астам шақыру түскен.
Бұл бағытта, жедел жәрдем бригадаларын қолдау үшін облыстық жедел жәрдем балансына демеушілер көмегімен 6 бірлік санитарлық автомашина табысталды.
Облыс әкімдігі жанында ашылған Call-орталыққа күнделікті орта есеппен облыс тұрғындарынан 100-ден астам қоңырау түседі десек, негізгі сұрақтар дәрі-дәрмек мәселесі, аурудың симптомдары туралы және карантиндік шектеу шаралары жөнінде.
Барлық өңірдегі сынды Маңғыстау облысында дәріханаларда дәрі-дәрмектің жетіспеушілігі өте өзекті. Ақтау қаласында дәрі-дәрмектерді тасымалдаумен «Медсервис» ЖШС, «Эмити» ЖШС, «Іңкәр» ЖШС және «Ада-фарм» ЖШС сынды 4 мекеме айналысуда. Қазіргі таңда «Іңкәр» және «Медсервис» мекемелеріне дәрілер келіп, дәріханаларға жеткізілуде. Ал «Ада-фарм» ЖШС өзінің 22 аптекасын қамтамасыз етуде. Жақын уақыттарда «Медсервис» ЖШС және «Эмити» ЖШС өңірге қажетті дәрі-дәрмектерді жеткізетін болады. Осыған орай алдағы аптаның ортасында облыстағы дәрі-дәрмектердің қажеттілігі қанағаттандырылуы тиіс. Қазіргі таңда Ақтау қаласында антибиотиктер 18 атауда, вирусқа қарсы препараттар 9 атауда, қызу түсіретін дәрілер 17 атауда бар.
Дәрі-дәрмек мәселесін шешу үшін Маңғыстау облысының әкімдігі, облыстық провизорлар мен фармацевтер қауымдастығы және тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті арасында дәрілік заттарға қажеттіліктің өсуіне қатысты мәселелер бойынша ынтымақтастық туралы меморандум жасақталды.
Соңғы күндері өңірдегі күрделі эпидемиялық ахуалға байланысты медициналық қызметтер мен процедуралық кабинеттерге сұраныс артуда. Қалалар мен аудандардағы бірқатар мектептің ішінде орналасқан егу бөлмелері халыққа медициналық қызмет көрсету жұмыстарына жұмылдырылып, мектептердің егу кабинеттерінде кәсіби білікті мейірбикелер толыққанды медициналық ем-шараларын жасамақ.
Дәрігерлер десанты келеді
Маңғыстауда медициналық мамандардың жұмыс көлемі артып отыр. Сондықтан өңірде медицина мамандарының жетіспеушілігі байқалуда. Атап айтқанда, өңірде реаниматологтар, инфекционистер, терапевтер және жалпыпрактика дәрігерлері тапшы. Аталған мамандарды өңірге алдыру бойынша жұмыстар жүргізіліп, Алматы, Мәскеу қалаларынан жоғары білікті мамандар шақыртылуда. Алдағы уақытта қосымша мамандар өңіріміздің дәрігерлеріне қолдау көрсететін болады. Сондай-ақ қиын кезде волонтерлердің қызметі аса маңызды. Қазіргі таңда, провизорлық орталықтарда 30-ға жуық волонтер қызмет етуде. Олардың ішінде, облыстық волонтерлер корпусының жастары, «Мейірбике» және «Меридиан» медициналық колледжінің студенттері, сонымен бірге қалыптасқан жағдайға бейжай қарай алмаған бірқатар азамат бар.
Байқағанымыздай, індетпен күресте қол қусырып қарап отырған ешкім жоқ. Демек, жұдырықтай жұмылған жұртты көріп, індеттің аяғын тартатын күн де алыс емес.
Маңғыстау облысы