Алматы облысында дәрі-дәрмектапшылығын болдырмау және оның бағасын өсіруге жол бермеу мақсатында бірнеше мониторинг тобы құрылып, жұмыс істеуде, - деп хабарлайды Egemen.kz.
- Облыстың көптеген дәріханаларында бірқатар дәрі-дәрмектің тапшылығы туындады. Қат дәрілердің қатарында Ацетилсалицил қышқылы, Азитрамицин, Зитмак, Зитрокс, Суммамед, Аскорбин қышқылы, Лидокоин, Тромбо асс, Кагоцел, Азитро және т.б. бар. Дегенмен, жақын күндері өңірдегі дәріханаларға тиісті дәрі-дәрмектер жеткілікті мөлшерде жеткізілетін болады. Оған қоса дәріханаларда қажетті дәрілердің аналогтары бар, - дейді Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов.
Қазір аймақта Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес дәрі-дәрмектің қол жетімді болуы мен бағасын өсіруге жол бермеу мақсатында облыстық бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысымен мониторинг тобы құрылған. Сол сияқты "Нұр Отан" партиясының аудандық, қалалық филиалдары да бұл мәселені бақылауда ұстайды. Дәрі-дәрмектің көтерме және бөлшек саудасы мәселесі бойынша өзара ынтымақтастық туралы үш жақты меморандумға қол қойылған. Бүгінге дейін Алматы облысындағы фармацевтикалық қызметпен айналысатын 70 нысанға мониторинг жасалған. Алыпсатарлыққа жол бермеу үшін медикаменттердің бір қолға сатылатын көлемі жөнінде кеңінен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.