Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті атап өткендей, жыл басынан бері мас күйінде көлік жүргізу құқығынан айырылған 145 адам ұсталды, деп хабарлайды Egemen.kz
– 2020 жылдың 11 қаңтарынан 30 маусымына дейін ҚК-нің 346-бабы 1-бөлімі "Басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және масаң күйдегі адамның көлік құралын жүргізуі" бойынша 145 іс тіркелді. Қазіргі уақытта 118 іс аяқталды, оның 109-ы сотқа жіберілді, қалған істер бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, – деді БҚО ІІД Анықтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерлан Жақсыбаев.
Оның айтуынша, сотта істі қарау нәтижелері бойынша облыс көлемінде 90 үкім шығарылды. Оның ішінде 85 айыпталушы өмір бойы көлік жүргізу құқығынан айырумен, екі жылдан үш жылға дейін бас бостандығынан шектеудің әртүрлі мерзімін алды. Ал бір айыпталушы өмір бойы құқығынан айырылуымен қатар, қоғамдық жұмыстарға 600 сағатқа сотталды.