Ақмоланың екі бойжеткен қызы нәзік жандылардың нәмәтіне келмейтін нағыз айуандықтың айбатын көрсетті. Бірі 19 жаса, екіншісі 18 жастағы бұл екі садист өздерінің бір құрбыларын аяусыз ұрып-соғып, жезөкшелікпен айналысуға күштеп мәжбүр еткен. Бұл туралы «Экспресс-К» газеті жазды.
Сол күні, биылғы жылғы 8 наурызда Көкшетаудағы бір пәтерде шулы топ мерекені тойлап отырады. Үстел үстіндегі алыс-беріс, сөз қағыс кезінде екі қыз орталарындағы үшінші бір құрбыларымен шәлкем-шалыс сөзге келіп қалады. Осы ренішті пайдалана кеткен екі қыз үшіншісін жабыла ұрып, тас-талқанын шығарады. Сосын оның телефоны мен әшекейлерін тығып қояды. Бұлардың қорлығынан құтылу үшін жәбір көрген қыз соңында пәтердегі бір жігітпен жыныстық қатынас жасасуға келісім береді. Ал бұл көріністі анау екеуі ұялы телефондарына түсіріп алады. Артынан құтырынған қыздар зорланған құрбыларын тыр жалаңаш билеп, өз дәретін ішуге мәжбүр етеді.
Осыдан кейін жаңағы екі қыз түсірілген сюжетті интернетке салып жіберетіндерін айтып, қызды тағы арандатуға көшеді. Олар қызды бұдан кейін ақшаға тәнін сатуға көндіреді. Одан түскен ақшаны өздері қағып алады.
Қатар жүрген қос құрбысынан осыншалықты жәбір көрген қыз ақырында шыдамай, полицияға келеді.
Көкшетаудың ювеналды соты қаладағы аграрлық-техникалық колледжде оқитын бұл екі қыздың үстінен қозғалған қылмыстық істі соңына дейін жеткізді. Әділдік қызметкерлері олардың әрбірін жалпы режімде жазасын өтеу тәртібімен 5 жылға соттады. Сот күшінде қалды.
Құрыш Нұрымбет.
Біздің анықтама.
Францияда 18-19 ғасырларда Донасье́н Альфо́нс Франсу́а де Са́д деген ақсүйек, жазушы және философ болған адам өмір сүрген. Оның аты тарихта «Маркиз де Сад» деген атаумен қалған. Ол адамгершілік жағынан да, дін жағынан да, құқықтық тәртіп жағынан де ешбір шектеу көрмейтін абсолютты бостандықты насихаттаған. Оның өмірдің негізгі мақсаты жеке адамның алға ұмтылған талпынысын қанағаттандыру деп білген.
Кейін немістің Рихард фон Крафт-Эбинг деген сексологы жұптардың бірін-бірін азаптау, бірінің тәніне бірі ауыратын әдістер қолдану арқылы жыныстық қатынастарын жасау үрдісін «садизм» деп атаған. Осыдан келіп, бара-бара бұл термин бұл мағынасынан да кең ауқымда қолданыла бастады. Ол адамдардың бір-бірін аяусыз қинап, жәбір көрсетуіне байланысты айтылатын болды. Бірақ бұлардың бірде-бірінің жоғарыдағы француз ақсүйегіне қатысы жоқ. Мұнда оның тек аты ғана қалған.