АҚШ-тан Алматы қаласына келген ағайынды туристер Алекс пен Марко Эйлиндер Қазақстанның даңқын әлем елдеріне шығаруды мақсат тұтып отыр. Бұл туралы «Казахстанская правда» газеті жазды.
Ағайынды жігіттердің елімізге табан тіреуіне My Destination интернет-ресурсы өткізген сайыстың ықпалы болған екен. Сайыс қорытындысы бойынша олар жеңімпаз атанған. Енді екі жігітке Қазақстандағы жетістіктерді кеңінен таспаға түсірудің сәті түсіп тұр. Ал олар осы уақыт аралығына дейін 45 мемлекеттің тарихымен танысуға мүмкіндік алыпты. «Біз Қазақстанға алғаш рет келдік. Бұрын бұл ел туралы мәліметті интернеттен ғана білетін едік. Осы келгенде қонақжай халықтың ұлттық салт-дәстүрлеріне тәнті болғанымызды жасыра алмаймыз. Ал сіздердің елдеріңізде болғанға дейін Исландия, Лондон, Стамбул секілді бірнеше елдерді аралап шықтық»-дейді ағайынды туристер.
АҚШ туристері Алматының Шымбұлағын көріп, бірқатар әлеуметтік-мәдени орындарды аралаған. Қазақтың киіз үйінде жергілікті азаматтармен бас қосып, ел тарихы туралы деректерге қанықты. Енді олар АҚШ-тың белгілі арнасына және My Destination интернет-ресурсына біздің ел туралы жинаған мәліметтерін бергелі отыр. Бұл тұста ескере кететін жайт, My Destination интернет-ресурсының оқырмандар саны бүгінде 10 млн.-ға жеткен. Сондықтан еліміз тарихын кеңінен білуге осыншама оқырман мүмкіндік алғалы отыр.
Әмірхан Алмағанбетов.