Жыл сайын Жайық өзеніне бірнеше миллион бекіре тұқымдас балықтар шабағы жіберіліп келеді. Ал, бұл жолы су айдынына 2,8 млн бекіре шабағы жүзіп кетті.
"Жайық-Атырау" бекіре шабағын өсіру зауытының директры Ғилман Сәрсемәлиевтің мәліметіне сүйенсек, мұнда бекіре тұқымдас балықтардың шабағы 12 тоғанда өсіріледі. Соңғы бір айдан бері сондай шабақтарды Жайық өзеніне жіберіліп жатыр.
– Маусым айында бекіре, қортпа және сүйріктің 1 млн 240 мыңнан астам шабағын жіберген едік. Бұл жұмыс 8,9 және 10 шілде де жалғасып, Жайық өзеніне шоқырдың 2,8 млн шабағын жібердік. Шабақтардың салмағы 1,5 грамнан 3-3,5 грамды құрады, - деді Ғилман Сәрсемәлиев.
Оның айтуынша, биыл аталған зауыт пен "Амангелді" өндірістік кооперативінің балықшылары бекіре тұқымдас балықтың 157 данасы аулапты. Зауыт мамандары бағалы балықтардан қара уылдырықты жасанды жолмен алады. Содан кейін бекіре тұқымдас балықтарды Каспий теңізіне қайта жіберді.