• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
09 Сәуір, 2010

СЕРІКТЕСТІККЕ СЕРПІН ҚОСАТЫН САПАР

609 рет
көрсетілді

7 сәуірде Мем­лекет бас­шысы Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен Ас­танаға кел­ген Украина Прези­денті Вик­тор Януковичті Ақ­ор­дада сал­танатты түрде қа­был­дап, ал­дымен шағын құрамда дидар­ласып, екі ел арасындағы қа­рым-қатынасты дамыту жай­ын талқылады. Одан кейін екі жақтың үкі­мет мүшелерінің қаты­суымен кең құрамда ке­ліс­сөздер жүргізілді. Нұрсұлтан Назарбаев Аймақтар партиясынан жеңіске жеткен Виктор Януковичті Украина бас­шысы қызметіне сайлануымен құт­тықтап, Украина халқының игі­лігі үшін әлеуметтік-экономика­лық реформалар жүргізу, саяси күш­терді топтастыру мақсатын­дағы жұмысына табыс тіледі және бұл жеңіс екі мемлекет арасын­дағы дәстүрлі достықтың дамуына жаңа серпін беретініне сенім біл­дірді. Жалпы, екі ел басшылары қос мемлекет тәуелсіздіктерін жа­риялағаннан бері оннан астам ресми сапарлар ұйымдастырыпты. 1994 жылы Қазақстан мен Украи­на өзара достық пен әріптестік туралы келісімге қол қойған. Өз кезегінде Виктор Янукович кімнің кім екеніне көзіміз жетті, демократияны сөзуарлықпен ша­тастырып алдық, соңғы 5 жыл мен үшін ғана емес, Украина хал­қына да өте ауыр тиді, бұл алдағы уақытта бізге сабақ болуы тиіс, дей келіп, Нұрсұлтан Әбішұлына әр­дайым алдындағы үлгі алар се­рік­тес аға әрі досы ретінде құрмет­пен қарайтынын жеткізді. Қа­зақ­станның қол жеткен табыстарына тәнті екенін айтып, әсіресе, 2020 жылға дейінгі уақытты қамтитын бағдарламаға айрықша тоқталды. Сіздің дәл қазір саясатта ұстаған бағытыңыз украин халқы үшін де ерекше үлгі боларлық. Мен де Украинаның 2020 жылға дейінгі бағдарламасын қабылдау туралы шешім шығардым. Біз оны мін­детті түрде қолға аламыз және сіз­дердің тәжірибелеріңізбен таныса отырып жүзеге асырамыз, деді Украина Президенті. Келіссөздер барысында Мем­лекет басшылары Қазақстан мен Украина қарым-қатынасының қарқынды және қарымды сипатын атап өтті. Бүгінде екі елдің ара­сын­­да салиқалы келісімдік-құқық­тық база қалыптасқан. Екі жақты деңгейде және халықаралық ұйым­дар шеңберінде белсенді саяси үн­қатысу орнап отыр. Парламент­ара­лық байланыстар да жан-жақты даму үстінде. Қос мемлекет осы уақыт ішінде көптеген игі істерге ұйытқы бола білді. Бизнесмендер мен іскер адамдардың біркелкі жұмыс істеуі үшін уағдаластықтар жасалған. Қазақстанда 160 бірлес­кен кәсіпорын жұмыс жасап­ жа­тыр. Өткен жылы мемлекеттер арасындағы сауда айналымы 3,4 млрд. долларды құрапты. Бұдан алыс-беріс 2008 жылмен салыс­тырғанда 17 пайызға кеміп кет­кенін көруге болады. Кездесуде осы олқылықтың орнын толтыру мәселесі де қоз­ғал­ды. Сол секілді 2005-2008 жыл­да­ры Украинаға 71 мың тонна астық жіберілсе, өткен жылы ол азая түскен көрінеді. Биыл бір түйір дән шығарылмаған. Жалпы, Қа­зақстан Украинамен сауда жө­нін­дегі серіктестік бойынша әлем­де бесінші орында тұр. Былтыр Отанымыздан достас елге негізі­нен минералды шикізат (1,1 млрд. доллар), асыл емес металдар мен содан жасалған бұйымдар (89,6 млн. доллар), құрал-жаб­дық­тар мен тоқыма бұйымдары (6,8 млн. доллар), тағы басқалар жөнел­тіл­ген. Ал Украинадан су, әуе көлік­теріне қажет бұйымдар, электр жабдықтары, өндіріске тиесілі өнімдер әкелінген. Іскерлік байланыстарды жан­дан­дыру ісінде Президенттер эко­номикалық ынтымақтастықты әріп­тестікке ұштастыруды, әсіресе, Қа­зақстан мен Украина арасын­да­ғы үкіметаралық комиссияның жұмысына үлкен серпін беруді әң­гіме арқауына айналдырды. Бүгінгі күні елімізге украиналық техни­ка­лар­ды жеткізу, соған кепілді қыз­мет көрсету мәселесі күн тәрті­бінде тұрғаны да алға тартылды. Қазақ­стан­ның 2020 жылға дейінгі жоспа­ры бойынша ғарыш саласын дамы­ту жөніндегі мемлекеттік міндетті жүзеге асыруда Украина үлесін пайдалану мәселесі де сөз болды. “Қазғарыш” агенттігі үлкен мән беріп отырған ғарыштық ап­па­ратты коммерциялық мақсатта пайдалану­ды көздейтін Ресей-Украина жобасына қатысуға қы­зы­ғушылық білдіруі, сонымен қа­тар, әуе ғарыш мамандарын бірге дайындау жайы да өзекті екені айтылды. Нұрсұлтан Назарбаев екіжақты маңызды ынтымақтастықтың бірі – отын-энергетикалық кешен, оның ішінде Қазақ елінің мұнай­ын украиналық мұнай өңдеу зауыт­тарына жеткізу, одан кейін сол мемлекеттің аумағы арқылы Еуропа рыногына шығару жайын көтеріп, биыл аталмыш мемлекет бағытында және оның аумағы арқылы транзитпен 6 млн. тонна Қазақстан мұнайын тасымалдау жоспарланып отырғанын назарға салды. Мұнымен қатар, Отаны­мыз­дағы үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекет­тік бағдарламасы жүзеге асып жатқанын мәлімдеді. Украиналық компанияларды ауылшаруашылық мәшинелерін жасау, металл өңдеу, минералды тынайтқыштар өнді­ру, ғарыш саласын дамыту бағы­тын­дағы жобаларға қатысуға ша­қырды. Келіссөздер барысында Прези­денттер кең ауқымдағы екіжақты өз­ара ынтымақтастықты нығайтуға де­ген ортақ ұмтылысты білдіретін Бір­лес­кен мәлімдемеге және 2010-2011 жылдарға арналған Қазақстан мен Украина арасындағы “Жол картасы-3” ынтымақтастық жос­пары­­на қол қойды. Бұл құжаттар сау­да-эконо­микалық, отын-энер­гети­калық, көлік, мәшине жасау сала­ла­рындағ­ы және агроөнеркәсіп кеше­нін­дегі, сондай-ақ ғарыш және гу­ма­нитар­лық салалардағы ынтымақ­тас­тықты дамытуға үлкен серпін бермек. Сонымен қатар, Азаматтардың өзара барыс-келісі жөніндегі келісімге өзгерістер енгізу туралы үкіметаралық деңгейдегі хаттамаға қол қойылды. Украина Президенті Қазақстан басшысына деген шынайы ілтипа­тын бүкпесіз айтып, “Сіздің тіке­лей бастамаңызбен жүзеге асып жат­қан ғаламат жобаларға мен шын жүректен ынта-ықыласымды біл­діре­мін. Оның ішінде Астананы тұрғызған еңбегіңіз ерекше. Эко­номиканы өркендету, инновация, инвестиция, салық салаларындағы қадамдарыңыздан үйренер үлгі мен тағылым көп. Бұл орайда Сіз әлем­дегі алдыңғы қатарлы елдер­ден алған тәжірибені өз Отаны­ңыздың үрдісіне бейімдеп, ақыл-па­расатпен іске асырып жатқаныңыз біз үшін үлкен өнеге. Қазақстанды нағыз модернизация жолына түскен ел деуге болады. Барлық атқарыла­тын жұмыс 2020 жылға арналған стратегиялық жоспардан көрі­ніс тауып отыр екен”, деді. Украина Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығын алғаш қолдаған мемлекеттердің бірі болса, Қазақ елі басшысының Азия­дағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті (АӨСШК), Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съез­де­рін жүйелі өткізу және ядролық қарусыздану мен әлемдік қаржы дағдарысының салдарын еңсеру жо­лындағы бастамаларын қолдай­ты­нын, тәуелсіздік жылдарындағы тұрақтылықты өздеріне үлгі ете­тінін алға тартты. Мемлекеттер арасындағы аш­ық-жарқын келіссөзде гуманитар­лық салада атқарылған істер, алда тұрған міндеттер ортаға салынды. Украина Президенті осы күндері ешқандай артық қадамдарға бармай, біздің Ота­нымызда шамамен 333 мың ук­раин этносы өмір сүріп жатқанын, 21 орта­лықтың жұмыс істейтінін ерекше атап өтіп, бұл береке-бірліктің, сындарлы саясаттың арқасы деген байламын жеткізді. Ал Қазақ елінің жүзден аса жастары Украинаның жоғары оқу орындарында инженерлік және техникалық мамандықтар бойын­ша білім алып жатқаны да тілге тиек болды. Мемлекет басшылары Қазақ­стан тарапынан Украинаның ЕҚЫҰ-дағы біздің ел төрағалығын және ЕҚЫҰ-ға мүше елдер мемлекет басшы­ла­ры­ның сам­митін Астанада өткізуді қолдағаны үшін алғыс білдіріліп, ТМД елдеріне ортақ мереке болып саналатын Ұлы Отан соғысының 65 жылдығын жоғары дәрежеде атап өту жөнінде де ортақ байлам жа­салғанын атап өтті. Қазақ халқы украинның ұлы ақыны Тарас Шев­­ченконы қалай құрметтесе, украин жұрты да біздің халқы­мыз­дың асылдарын әспеттеп отыр екен. Оған дәлел Днепропетровск облысының Синельников қала­сын­да ұлы жырау Жамбылдың ба­ласы Алғадайға ескерткіш ашылса, өткен жылы Киев қаласынан ақын­ның өз атына бір көше бері­ліп, құрмет тақтасы орнатылыпты. Бұл мемлекеттер арасындағы өзара ынтымақтастықтың жарқын көрінісі болса керек. Екі мемлекеттің алдағы уақыт­та серпінді дамуына серпіліс бе­ре­тін келіссөздердің қорытынды­сында Президенттер бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап берді. Журна­лис­тердің транзит-көлік сала­сын­дағы ынтымақтастықты дамыту ба­рысы туралы сауалына Қазақ­стан Прези­денті екі мемлекеттің ынтымақ­тас­тығының ең маңызды бөлігінің бірі темір жол бағыт­та­рын дамыту екенін атап өтіп, Ты­нық мұхиттан Қытай мен Қа­зақ­стан арқылы Амстердамға дейінгі жолдың жобасы жасалуда екенін айт­ты. Басқа да жобалар бар, соның бірі Каспийден Қара теңізге дейінгі “Еуразия” арнасы. Егер біз осы бағытты дамытатын болсақ, бұл достас мемлекеттердің бәріне игілік әкеледі, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мұндай елдік істі қолдаған Украина Президенті Қазақстан басшысын осы жылдың екінші жартысында ресми сапармен өз еліне келіп қайтуға шақырды. Сүлеймен МӘМЕТ. ---------------------------------- Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.