Сарапшылар адамды тану үшін бет әлпетіне үңілмей-ақ оның бала күнінде оқыған кітабы арқылы сипаттама беруге болатынын айтады. Ал ана тіліндегі көркем әдебиеттердің, танымдық басылымдардың тапшылығы бар қоғамда ата-ана баласына қандай кітап оқытып жүр?
Жуырда Парламент қабырғасында ел Үкіметінің назарын балалар әдебиетін дамытуға аударған сенаторлар осы бағытта кешенді бағдарлама жасауды ұсынған болатын. Жазушылардың басқосу жиындарында да жиі айтылып, жазылып жүрген көкейкесті мәселе әзірге шешімін таппай тұрғаны белгілі.
Балалар әдебиетінің түйткілді мәселесі өткен ғасырдың 30-жылдарынан бергі аралықта күн тәртібінен түспей келеді. Кезінде М.Әуезов «Әр жылдар ойлары», «Ертегілер» деген еңбектерінде «Балалар әдебиетінің арғы төркіні халықтық шығармалардан туады» деп көрсетсе, Саттар Ерубаев «Балалар әдебиетін жасайық» деген мақаласында мектепте оқитын мыңдаған оқушының әдебиетке шөліркеп отырғандығын айта келіп, «Қандай тақырыпта жазылмасын, балалар шығармаларының басты кейіпкері баланың өзі болуға тиіс. Балалардың өз тілімен өз өмірлерінен жазып беріңдер» деп атап өтеді. Қазақ қаламгерлері балалар әдебиетінің өзекті мәселелерін жиі ортаға сала отырып, саланы дамылсыз алға жылжытып, балалардың сұранысынан шығуға тырысып отырған. Заманның қиын-қыстау кезеңдерінің өзінде балалар әлемінің көркем әрі жарқын дүниелері жарыққа шықты. Ал әлемнің озық отыз елінің қатарына қосылуға ниет еткен қоғамның балалары қандай шығарма оқиды? Ғаламтор кеңістігі, әлеуметтік желілерде балалар кітабының рейтингі тек шетел әдебиеттерінің оқылымымен шектелуін қалай қабылдаймыз? Осы орайда сала мамандары мен жас авторлардың пікірлеріне зер салып көрген едік.
Бүгінде жарнамасы жер жарып тұрмағанымен де жақсы шығармалар бар. «Алматыкітап баспасы», «Атамұра», «Аруна», «Мектеп», «8&8», т.б. баспалардан шыққан түрлі-түсті танымдық әдебиеттер сұранысқа ие. Алайда аз таралыммен шығатын кітаптар өз оқырманына жетпей жатады. Балалар жазушысы Толымбек Әбдірайым бүгінде мемлекеттік бағдарлама аясында балалар әдебиетін шығаруға жекелеген тендер жариялау қажеттігі жиі айтылып жүрген мәселе, дейді. Жалпы балалар әдебиетін дамыту үшін бөле жарып, жоспарлы түрде Үкімет тарапынан көңіл бөлінуі тиіс. «Дарабоз», «Балауса» сияқты үздік шығармаларға конкурс жариялау жағы жетіспейді. Кітап дүкендерінде балалар кітабы жоқтың қасы. Балалар әдебиеті дамыса, тіл де дамиды», дейді балалар жазушысы.
Елтанымдық және балалар кітабын шығаруда жиырма жылға жуық тәжірибесі бар «Алматыкітап баспасының» вице-президенті Альмира Сужикова «қазақ тіліндегі кітаптар аз» деген уәжімізге орай бүгінде үш мың аталыммен кітап шығаратын баспаның қоржынында балаларға арналған ерекше туындылардың, танымдық дүниелердің мол екендігіне қатысты пікірін білдірді. Қазақтың эпостық жырларынан бастап, Абай мен Ы.Алтынсарин, С.Мәуленов, О.Асқар, Е.Өтетілеуұлы, З.Ахметова, Е.Елубаев, Ш.Күмісбайұлы, С.Иманасов, Ж.Смақов, Қ.Баянбаев, т.б. авторлар шығармаларын тұрақты жарыққа шығарып отыратын баспада «Менің Қазақстаным» топтамасымен соңғы он сегіз жылда тәуелсіз елдің рәміздерінен бастап қазақтың салт-дәстүрі, табиғаты, қолөнері, мақал-мәтел, кесте тігу өнері, қару-жарағы мен саяхатшылығы, ертегілері туралы танымдық көркем дүниелер еліміз ғана емес, шетелдер тарапынан да зор қызығушылық туғызуда. Ал балаларға арналған үш тілді кітаптарды жарыққа шығаруды бірінші болып қолға алған өндірістегі ерекше жобалардың бірі «Менің алғашқы кітабым» топтамасы кішкентай оқырмандар үшін айналаны танып-білуге арналған көптеген мағлұмат ұсынады.
Аталған баспа елімізде сауда желісі бар өндірістердің бірегейі. Баспада түрлі-түсті безендірілген танымдық әдебиеттер баршылық. Десек те балаларға қажетті көркем дүниелердің алыс аймақтардағы ауыл баласына қолжетімсіз екенін бүгінгі ахуал көрсетіп отыр. Ал балаларды ерекше шығармалармен қызықтыруда ертегінің рөлі зор деп атап өткен «Кітапхана педагогикасы: Ертегітерапия» әдістемелік құралының авторы Маржан Ершу «Ертегітерапия – әдебиет, сөз өнері, психология, педагогика, психотерапия, тарих, логика, мәдениеттану мен философияның жинақталған синтезі. Бүгінде ертегітерапия Батыс елдерінде, Ресей мектептерінің іс-тәжірибелерінде шығармашылық әдістемелік ретінде кеңінен қолданылуда» деп атап өтті. «Ит пен бала туралы ертегі», «Құдіретті қобыз», «Терістік жел мен бала», т.б. ертегілерін жазуға інісі Нұрсұлтанның әсері болғандығын айтқан Маржан Ершу шығарма қандай тақырыпта болсын, оның өн бойында адам тағдыры жатады дей келе кез келген тақырып зерттеп-зерделеуді қажет ететіндігін айтады. Заманауи оқырманның ұғымы, талап-түсінігі ерекше болғандықтан, сана-сезімін, дүниетанымын дұрыс бағытта дамыту үшін оның жан дүниесін, яғни рухани иммунитетін күшейтуге тура келеді. Болашақта ертегілерін жинақтап аудиокітап түрінде шығаруды жоспарлайтын шығармашыл тұлға тек жазуды ғана ойлап, насихаттау жағына көңіл бөле бермейтіндігін айтады. Осы орайда жас оқырмандарға «Тауға саяхат» әңгіме-хикаятымен жақсы таныс Мейіржан Жылқыбай «Жазушы өз шығармасының сатушысы екенін ұмытпауы керек» деген пікірде. Оның айтуынша, елімізде көп болмағанымен, заман талабына сай жақсы шығармалар жарыққа шығып жатыр. «Бірақ біздің әдебиетте маркетинг жоқ. Әдебиетшілер өзі қалаған тақырыбын жазады. Насихаттау жағы кемшін» деп атап өтіп қазақ жазушыларының бірін-бірі оқымайтындығына оқырманды зерттеу, іздену жағына бара бермейтіндігіне назарын аударды. Сонымен бірге авторлардың қызықты тақырыптарды қамту жағы кемшін. Бүгінгінің балаларын кішкентай ересектер деп санайтын Мейіржан оларға мәжбүрлеп кітап оқытып, өзіне ұнамаған істі жаса деп те айта алмаймыз, дейді. Ал тәрбиені баланың бабына қарай беру қажет деп санайтын жас автор балалардың Lol сияқты қуыршақтарға қызығушылығының себептерін мысалға келтірді. Ата-ана баланың көңілін аулау үшін бұл ойыншық бағасының қымбаттығына қарамастан алып береді. Өйткені қуыршақ өндіріске енбестен бұрын балалардың талғамы, сұранысы тұрғысынан зерттелген. Заманауи талаптар ескерілген. Сол сияқты кітап өнімдерінің, таңдалған тақырыптардың да ерекшеліктері ескерілуі қажет.
Балалар мен жастар әдебиетінің дамуын жеке баспалар мен мемлекеттің қамқорлығымен байланыстырған ақын, журналист Серікбол Хасан жақсы кітаптар шығарып жатқан баспалар бар екендігін айтады. Алайда заманауи технологияларды пайдалана отырып, мазмұны, безендірілуі жағынан балаларды қызықтыратын көркем кітаптар шығаратын баспалар жоқтың қасы. Нарық талаптарына сай өнім шығару үшін қомақты қаржы, үлкен ізденіс керек. Ал отандық баспалар мұндай тәуекелдерге барғысы келмейді. Осы орайда Еуропа, Ресей сияқты шетел өнімдерінің ерекшеліктеріне тоқталған Серікбол Хасан бұл нарықтың ерекше дамығандығын назарға алды. Балалар үшін ойын түріндегі, кейіпкерлері қимылға түсетін, тіптен хош иісті кітаптар балалардың ерекше назарын аударады. Осы тұста шетел баспаларынан үйренеріміз көп деген Серікбол Хасанның айтуынша, өндірісте баспагердің, автор мен суретшінің шығармашылық үйлесімі аса қажет. Осы шығармашылық бірлестіктің ынтымағы арқасында көркем, сұранысқа ие туындылар жарыққа шығатыны сөзсіз. Ал тақырыптық ізденіске келер болсақ, балалардың белгілі бір аудиториясы үшін сериялық оқиғалар қызықты. Олардың біріне жаңа технологиялар, келесісіне жануарлар әлемі, қиял-ғажайыптар тартымды. «Өткен ғасырдың елуінші жылдарында америкалық жазушы Доктор Сьюз жазған шығармалар сияқты сериялы туындылар бізге де керек. Осы тұрғыдан алғанда заманауи балалардың талғамын ескерген абзал» дейді. Тақырып таңдауда арнайы сараптама, сауалдамалар жүргізу қажеттігін алға тарта отырып, балалар мен жасөспірімдердің Хәрри Поттерге қызығушылығы турасында да сөз қозғаған Серікбол Хасан бізде бұл бағытта жазатын авторлардың жоқ әрі балалардың сұранысынан шығатын танымдық әдебиеттердің аз екендігіне тоқталды. Ал балалар әдебиетті ғана оқысын дегенмен шектелмей, олардың ой-өрісінің дамуына ықпал ететін жан-жақты танымдық дүниелерді шығару керек. Өйткені балалардың бірі дәрігер болуды қаласа, енді бірі IТ саласын меңгергісі келеді. Осы орайда заман үдесінен шығатын туындылардың жазылуы қаламгерлердің әлеуметтік жағдайына байланысты. Ол үшін салаға мемлекеттің қамқорлығы қажет. «Әлеуметтік жағдайы болмағандықтан, бүгінде көптеген жас жазушылар журналистика саласына кеткен. Қай заманда да әдебиет мемлекеттің қолдауынсыз алға баспайды. Әлеуметтік қамтылса, емдеу-сауықтыру орындары қолжетімді болса, автордың жазуын ғана ойлайтыны хақ. Шетелдегідей баспагер жазушыны іздеп жүретін жағдайға жеткенде ғана заманауи туынды жазылады. Ал бүгінгінің қаламгерлері қолжазбасын басатын баспа, шығарып беретін демеуші іздеп шарқ ұрып жүреді. Әрине жақсы туынды жазушының талантына байланысты туады дейтін болсақ, нарықта бәсеке қалыптасқанда ғана мықты авторлар өздігінен сұрыпталып, суырылып алға шығатыны заңдылық. Бүгінде қоғам даңғаза болған эстрададан бірте-бірте дәстүрлі әнге орала бастады десек, сол сияқты дәстүрлі әдебиетімізге де қайта оралып келеміз» деп атап өтті Серікбол Хасан.
«Ертегілер елінде» журналын шығарып жүрген Әдина Жүсіп балалар тақырыбына қалам тартып жүрген жас ақын-жазушылардың шығармалары қазақы ортаға жақсы таныс еместігін айтады. Ақын-жазушылардың шығармалары теледидар, радиолардан күнделікті 10-15 минуттық бағдарламалар арқылы насихатталуы қажеттігін алға тартқан жас автор «Жазушы неге бұл тақырыпты таңдады? Балаларға не айтқысы келгендігін сарапшы түсінікті тілде қызықтыра жеткізсе, жазушы ескермеген тұстар айтылып, шығарма талданса» деген ұсынысын білдіріп, «Мен оқыған шығарма» сынды айдарлар қажет екендігін айтады. Әдина Жүсіптің айтуынша, баланы қызықтырып оқытқан пайдалы. Қандай тақырып көтерілсе де адамгершілік пен мейірім насихатталуы керек. Балаларға Ниндзя тасбақалар, Моана сияқты еліктейтін төл кейіпкерлерімізді қалыптастыруды ұсына отырып, «Әлемді ұлттық құндылықтармен, қазақы болмыспен ғана таңғалдыра аламыз. Балаларға арналған фантастикалар, сатиралық шығармалар керек. Ұлы адамдардың балалық шағына қатысты фильмдер түсірілсе» деген ойларын ортаға салды. Ал жас ақын Ретбек Мағаз «Заманға сай балалар шығармалары болғанымен, мардымсыз» екендігін айтады. «Балаларға арналған туындыларды насихаттауда сурет өнері, мультфильм жасау, кино саласы қатар дамып, бір-бірін толықтырып, оқырманына әртүрлі жолмен жетіп отырса» деген пікірде. Бүгінгі балалар бұл жағынан «ашқұрсақ». Жегісі келмейтін, мерзімі өтіп кеткен дүниелерді жеуге мәжбүр. Сол себепті біз балаларға ешқандай саяси шектеуге ұшырамаған, таптық көзқарастан аулақ, Абай айтқандай «Адамзаттың бәрін сүйетін» идеясы ақаусыз, заманға сай шығармалар жазып, ұсынуға тиіспіз деп атап өтті Ретбек Мағаз.
Қоғамды толғандырған кішкентайлар әлемінің үлкен мәселесі осындай. Ал салаға жанашыр жандардың айтар ой-пікірлері мұнымен шектелмейді. Дегенмен де осы тұста аңғаратын жайт, балалар әдебиеті дамымай, бүтіндей кітап нарығы алға жылжымайды. Ең бастысы, оқырманы да, авторы да дайын, көркем дүниеге сұраныс бар қоғамда сең әлдеқашан қозғалған, тек өндірістік дүмпудің беталысы мемлекеттің бетбұрысына тәуелді болып отырғаны анық.