• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Руханият 14 Шілде, 2020

Терме тереңдікке баулиды

2077 рет
көрсетілді

Белгілі ғалым Рахманқұл Бердібайдың: «Егістік жерді жаздың ыстық айларында бірнеше рет суармаса, шыққан егін мүлде қурап кететіні секілді дер кезін­де жалғастығын таппаған дәстүр де жо­ға­­лады», деген сөзі кейінгі ұрпақты ұлт­тық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа баулып тәрбиелейтін, байырғы ата-бабала­рымыздың наным-сенімдерінен, тарихынан, тұрмыс-тіршілігінен, жақсы мен жаман туралы түсініктерінен тұратын жыр-толғау, терме жанрларынан көз жазып қала жаздап отырған қазіргі қалпы­мызға қаратып айтылғандай әсер қалдырады.

Жақында Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен 6-7-сынып оқушыларына арналған «Домбыра» оқулығы жарық көргенін, бұл пәнді орта білім жүйесіне қосымша пән ретінде енгізу қолға алынғанын естіп қуанып жатырмыз. Бұл идея келешекте осы мәселені шешуге едәуір септігін тигізеді, күй өнеріне қоса текті сөздің төресі ретінде бағзы заманнан бері салт-санамызбен бірге жасасып келе жатқан жыр-толғау, терме дәстүрі де бірте-бірте тәрбиенің бөлінбес бір бөлшегіне айналады деген үмітке жетелейді. Осы пән арқылы жеткіншектер өз заманының мұңын жырлаған Шернияз, Майлықожа, Тұрмағамбет, Сүйінбай, Жамбыл, Кенен сияқты т.б. ақындарымыздың термелерімен сусындап, адамгершілік қасиеттерін насихаттайтын өнер бұлағының көзін одан әрі жарқырата түсуге үлес қосып жатса, қанеки.

 Қай заманда да мәні кемімейтін, бол­мыс­тың мәңгілік сауалдарын, жарық пен қараңғы түнекті, бар мен жоқты, кеңістік пен кейістікті, жақсылық пен жамандықты сипаттайтын термешілік дәстүрі әрине, мүлде үзіліп қалды деп айта алмаймыз. Кейінгі уақытта назардан тыс қалыңқырап қойып жүрген, өмірдің шынайылығын көрсететін, ғибратқа толы жыр мен термені дамытып, сахна төріне термешілердің көбірек көтерілгенін көрсек деген ой ғой айтпағымыз. Домбыра күмбірімен әсем өріліп, кеудеңді кеңістіктің керімсал ауасымен толтыратын, тау суындай таза қоспасыз маржан туындының адамгершілікке үндеп, көкірегіңе ізгілік дәнін себудегі рөлі қандай жоғары болса, бұл өнерге жұрттың сүйіспеншілігі де соған лайық болуға тиіс деп есептейміз. Бұл орайда терменің қазір басқа арналардан гөрі әлеуметтік желі арқылы көбірек насихатталып жатқанын айтуға тиіспіз. Мысал үшін, Заттыбек Көпбосынұлының орындауындағы Шалқар Әбішұлының «Бірге туған бауырларға» термесі – 1 278 025, «Жас жігіттің қасіреті» термесі – 1 178 212, ақын Аян Нысаналының «Ағайын» термесі – 97 819 рет, сондай-ақ Мейрамбек Беспаевтың «Термелер жинағының» – 146 131, «Қазақша термелер» жинағының 403 038 мәрте тыңдалуы көп жайтты аңғартса керек. Бұл тұрғыдан келгенде, қазақтың халық жырларын, нақыл толғауларын, сонымен қатар жеке авторлар туындыларының ел арасына кең тарап, халықтық сипат алған нұсқаларын, келешек буынның санасына жақсы әдет-дағдыларды, мәдениеттің нәрлі құнарын дарытатын ғибрат өлеңдерді, жалпы қазақ халқының тарихи-рухани шежіресінің шұрайлы арнасы саналатын термелерді жинақтап, бастарын біріктіріп қана қоймай, зерттеп, зердеге сіңірудің мән-маңызы ерекше зор. Өйткені қайсыбір өнер туындысы болсын халықтың қажетіне жарауымен, заманның талғам-талабына сай келуімен бағаланатыны сөзсіз.

Терме туралы әңгімеге қосатын тағы бір тұжы­рымымыз – қазіргі қоғамды, адам болмысын кейіптеп, сипаттайтын жаңа термелер жоқтың қасы. Көбісі өткен ғасырдың еншісіне тиесілі. Жәнібек Кәрменовтің «Өмір туралы толғау» («Ойламаңдар, жігіт­тер»), Аяз Бетбаевтың «Жас туралы» өсиет термелерінен бері талай уақыт өтсе де рухты көтеріп, намысқа қозғау салатын, халықтың ойындағысын дөп басатын, ет-жүрегін елжіретіп, жан жарасын жазатын, заман үніне сай бүгінгінің өз термесі керектігі сезіледі. Баяғыда қариясы бар үйлердің бәрі жағалай терме тыңдап отыратын. «Елін, жерін сүйіп өссін, халқына адал, әділ болсын» деп термені баланың тәрбие құралы ретінде пайдаланатын. Жастар қазақтың көп сөзінің мағынасын термеден ұғып өсетін. Ал қазір ше? Жұрт бір жағынан желпілдеген жеңіл әндер мен сахнадағы сайқымазақтардан шаршап бітті. Бұл сахнаны ессіз әндерден тазартып, қазақтың өзінің төл өнерін төрге оздыратын уақыт жетті деген сөз. Ол үшін термешілердің мәдениетімізге қосар үлесін ескеріп, бұл дәстүрге мемлекеттік қолдау көрсетілуі керек әрі қарай жалғасын таба беруі үшін өнер жанашырлары демеушілік етуі керек.