Елімізде күрделі кезеңдерге қарамастан, әрбір саланың өз тіршілігі мен жаңалығы жалғасып жатыр. Алматы облысы Заречный ауылындағы 155/12 мемлекеттік мекемесінде Ішкі істер министрлігі Қостанай академиясының бес курсанты биылғы ақпан-мамыр айлары аралығында тәжірибеден өтіп, дипломдарын алды.
Олар сотталғандар арасында топ бастығы қызметін әлеуметтік-құқықтық және тәрбие жұмысын қауіпсіздікті жоғары деңгейде сақтай жүріп атқарды.
Короновирус індетіне қарсы күресте жалпыға ортақ санитарлық талаптарды курсанттар бұлжытпай орындай отырып, өндірістік тәжірибеден өтуде жақсы нәтижеге жетіп, мемлекеттік емтиханды жоғары жетістікпен тапсырды.
Мемлекеттік аттестациялау комиссиясының шешімімен түлектер біліктілігімен және «құқық қорғау әрекетінің бакалавры» академиялық санатымен дәрежеленіп, Ішкі істер министрінің бұйрығымен бірінші арнаулы шен «әділет лейтенанты» берілді.
155/12 мемлекеттік мекемесінің басшылығы санитарлық-эпидемиялық талаптарды қатаң сақтай отырып, ІІМ Қостанай академиясының түлектеріне салтанатты түрде диплом тапсыру рәсімін өткізді.
Салтанатты жиынға республикалық «Генералдар Кеңесі» одағының, Ардагерлер және Ауған соғысы мүгедектері одағы Үйлестіру кеңесінің мүшелері мен түлектердің ата-аналары қатысты.
«Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының түлектері аталған оқу орнында білімдерін нақты тәжірибемен ұштастырып, патриоттық рухты бойларына сіңіріп, лезде өте шыққан төрт жылдан кейін дипломдарын академия қабырғасында алмаса да Жетісу жерінде Қылмыстық атқару жүйесінің бірінші шені «әділет лейтенанты» шенін иықтарына тағып, бойларына ерекше бір алапат жігер ұялатып шықты», деді Алматы облыстық ҚАЖ департаменті бастығының орынбасары, әділет подполковнигі Қанат Ашов.
Алматы облысы