Қазақ елі қажырлы қаламгер, қастерлі перзентімен қоштасты. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қажығали Мұқамбетқалиұлының жетпіс сегіз жасында жер бетіндегі сапары аяқталды. Ақтөбе өңірінің Қызылбұлақ ауылынан басталған жастықтың жалғызаяқ соқпағы ерен еңбектің, елдік мұраттың, елге деген махаббаттың, кеңдік пен кісіліктің, тазалық пен тұлғалық болмыстың, толғамы толымды, жазғаны мол үлкен жүректі жазушының жолына айналды.
Қазақ әдебиетіне қуатты қаламымен қалтқысыз қызмет еткен, ел өмірінің елеулі кезеңдерін, туған өлкенің толғаулы тарихын, ілкі заманның, іргелес жылдардың іркес-тіркес оқиғаларын орамды ой, орнықты сөзбен бейнелеген суреткердің уақыт керуеніне артқан мұрасы да аз емес.
Жазушы қаламынан туған шығармалар өзегінен күрескер халықтық рухтың баянын, қоғам өмірінің жүлгесі үзілмеген жарқын шежіресін көреміз. Әр жылдар бедерінде «Жұлдызды түндер», «Тоғай сыбдыры», «Жаңғырық», «Қайдасың сен, махаббат?», «Сынық терезе», «Жалғыз жиен» секілді әңгімелер мен повестер жинақтарын, әлем жазушылары шығармаларынан тәржімаларын ұсынса, «Тар кезең» тарихи романы үшін Мемлекеттік сыйлықты алды.
Ақтөбе облыстық телевизия және радио комитетінде, облыстық газетте әдеби қызметкер, «Қазақстан» баспасында аға редактор, «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі, «Қазақ әдебиеті» газетінде жауапты хатшы, «Жаңа фильм» журналында бас редактор қызметтерін атқарды.
Көрнекті қаламгер қазасына қайғыра отырып, отбасына, туған-туыстарына көңіл айтамыз.
Егеменқазақстандықтар