Жуықта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық «Ана тілі» басылымына берген сұхбатында: «Қазір «Тойың тойға ұлассын» деп әндетіп, той тойлап жүретін уақыт емес. Бүгінгідей технологияның заманында той-томалақтың әңгімесін айтып, бір-бірін асыра мақтап, ас ішіп, аяқ босатқанға риза кейіпте жүру әдетінен арылу керек. Тіпті осындай қауіпті пандемия кезінде кейбір азаматтарымыз маған хат жазып, той өткізуге мүмкіндік беру керек деп талап қояды. Мемлекеттің өзі өлермендікпен өмір сүретін кезге келдік. Сондықтан еңбек ету – өмір сүру салтына айналып, басты міндет саналуға тиіс. Той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келдік. Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі!», деді.
Расында, қазір заман басқа. «Сыналар, ей, жігіттер, келді кезің», деп Абай атамыз айтқандай, бүгінгі қазақ қоғамы сын тезінің қатаң сынағынан алжаспай өткенде ғана баянды болашақпен қауыша алады. Президентіміз айтқандай, дәл қазір тойдың заманы емес. Қазақ тойлап алсын деп ғаламның шалқар көші бізді күтіп тұрмайды. Күн сайын жаңарған, сәт сайын жаңғырған дүние адамзат баласын жойқын бәсекелестікке шақыруда. Осындай алмағайып, тартысқа толы заманда той жарысты саналы түрде тоқтата тұрмасақ, оңбай ұтыламыз.
Қазір халық тойдың буынан шыға алмай жүр. Атам қазақ «жақсы жігіт ойшыл, жаман жігіт тойшыл» дегендей, тойшылдық психология қауымды есінен айыруға шақ қалды. Абай атамыздың: «Жас баладай жеңсік қой, Байлаулы емес ақыл, ой. Ойлағаны – айт пен той, Ыржың-қылжаң ит мінез», деп ашына айтатыны дәл осы.
Яғни берекесіз тойдың буына шалдыққан сана жалғаншылдыққа, әсіресе Қасым-Жомарт Кемелұлының сұхбатында айтылғандай, бір-бірін асыра мақтап, ас ішіп, аяқ босатқанға риза кейіптен аса алмайтын кембағал күйге ұшырайды. Бұған ынсапсыз ысырапты қосыңыз...
Өткен ғасырлардан жеткен кейбір дерекке жүгінсек, 1860 жылы Ұлытау өңірінде өткен Ерден Сандыбаевтың асына 160 жылқы, 200 қой сойылса, 1894 жылы Қарқаралы уезінің байы Жаманбала Құрмановтың асына 160 қой, 100 жылқы сойылыпты. Сол сияқты 1885 жылы округтің аға сұлтаны болған Мұса Шормановтың асында 150 үй тігіліп, 200 жылқы, 400 қой сойылып, ат бәйгесіне 100 жылқы тігілсе, Ерейментауда өткен Сағынайдың асына жұмсалған шығын әйгілі Тәж-Махал мавзолейін салуға жұмсалған қаржымен пара-пар түскен дейді.
Бұны неге айтып отырмыз. Жоғарыдағы алапат ас-тойлардан қазақ не ұтты? Ішті, жеді, мақтанды, мал-мүлкін ысырап қылды. Бес тиын пайда көрмеді. Қазақтың осы бір қылығын көзімен көрген Ахмет Байтұрсынов: «Бұл жұрт той деп шашылды, ас деп шашылды, ар, білім деп дәулет шашарға қай қазақтың қайраты жетеді?!» деп өкініштен аһ ұрыпты.
Жоғарыда Мемлекет басшысы айтқандай қазіргі тойдың сәніне айналған мақтау мен мақтанға келер болсақ, мұндай келеңсіз құбылыс жұртты шындықты пайымдаудан айырып, адамның ақиқи санасын көмескілері сөзсіз. Нәтижесінде, адам өмірді шынайы парықтау қабілетінен айырылады. Абай атамыз айтқандай, жікшіл ел жетпей мақтайды, желөкпелер оны шын деп ойлайды.
Осы орайда, қазақтың танымал қаламгерлерінің бірі Тұрсынжан Шапай өзінің «Шын жүрек – бір жүрек» атты әдеби-зерттеу еңбегінде, мақтан және мадақтың бүгінгі қазақ қоғамындағы әлеуметтік сипатын айта келіп: «Ауылдық деңгейдегі мақтанды Алаштың деңгейіне көтеруге болмайды, сол сияқты, жалпыұлттық дүниені ауылдың тар қолтығына тықпалауға тағы болмайды. Осы екі мақтангөйліктің орнын ауыстыру арқылы ойды тұсауға, бойды шырмауға, көзді байлауға ұрынып жүрміз», депті.
Жарықтық Абай атамыз болса, мақтан дейтін дүниені үлкендік және мақтаншақтық деп екіге бөледі де, үлкендік – адам ішінен өзін-өзі бағалы есеп қылмақ, бұл мінез – ақылдылардың, арлылардың, артықтардың ісі, олар өзін жаман дегізбесем екен деп азаптанады. Мақтаншақтық – бай десін, батыр десін, қу десін, пысық десін, деп жүріп, «демесінді» ұмытып кетеді, дейді дана қарт.
Сөзімізді түйіндер болсақ, мақтан бар жерде адам баласы рухани жетілмейді. Рухани жетілмеген адам қай тараптан болсын рухты, кемел дүние жасай алмайды. Әр нәрсенің шегі болатын сияқты, мақтау мен мадақтың да шегі бар.
«Мен қауіп еткеннен айтамын», деп ақын Мұрат Мөңкеұлы айтпақшы, Президентіміз дәл қазіргі қазақ қоғамының күрделі дертін анық ескертіп отыр. Осыдан сабақ алсақ еді!!!