• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Руханият 17 Шілде, 2020

Ерлігі ескірмейтін батыр

2384 рет
көрсетілді

Қазақтан шығып, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атанған азаматтар саусақпен санарлық. Соның ішінде көзін көріп, қолын ұстап, таныс-біліс болғаным ұшқыш, авиация генерал-майоры Талғат Бигелдинов еді. Ендеше Екінші дүниежүзілік соғыста сан мәрте ерлікпен көзге түсіп, есім-сойы ерекше аталған, еліне қалқан, жеріне қорған болған отандасымыздың өмір-дариясынан үзік сыр айтайын.

Әдетте, қайсарлық әкенің қаны, ана­ның сүтімен сүйекке сіңеді деп жатамыз. Сол қаныңда бар қасиетті халқымыз ең алдымен жеті атадан іздейтін еді. Мұны неге айтып отыр демеңіз, біреу білер, біреу білмес, Талғат Бигелдиновтің жетінші атасы – әйгілі Қанжығалы Бөгенбай батыр. Қоңыраулы найзасын қолға алған баба жолын араға жүздеген жыл салып, жетінші ұрпағы жалғағанын көрмеймісіз. Атасына ұқсап ол да елін қорғады, қас дұшпанмен бетпе-бет келді. Ұшқан құстың қанаты талатын биікте самғап, дұшпанына жаншып-атып оқ жаудырды. Майдан жылдарында 305 рет шабуылға шығып, жеңіс таңын қар­сы алып, ақыры туған топырағына қай­­тып оралды.

Өз басым Талғат Жақыпбекұлымен ер­­те­­ректен таныспын. Бірақ аса жақын­ды­­ғым болған жоқ. Ташкенттегі инсти­тут­­­та оқып жүргенімізде батырдың есі­мін басқа ұлттың балалары алдында мақ­­та­­нышпен атайтынбыз. Ол кезде тау тұл­­ға­мен кездесу, суретке түсу деген ой түсі­­мізге де кірмейтін еді. Кейін қызмет ба­бы­мен Алматыға ауысып келдім. Ара­да біраз уақыт өтіп, 1982 жылы сол кез­дегі Совет ауданындағы сайлау бөлім­шесінде комис­сия мүшесі болдым. Оған Талғат аға да мүше болды. Алғашқы таныс­тығы­мыз осылай басталды. Батыр аға соғыс ке­зін­дегі ерліктерін әңгімелеуші еді. Біз болсақ бар ынта-жігерімізбен тың­дайтынбыз.

«Алматы» санаторийінде бірге дем­ал­­­­ған кездеріміз де болды. Бөлмеміз көр­­ші­­­лес орналасып, жақын таныстық. Сон­­да Семей жақтан келген аудандық пар­­тия комитеттерінің бірінші хатшылары да демалып жатты. Олар маған «Бөке, Тал­ғат ағаны жақсы таниды екенсің. Біз­бен бірге суретке түссінші», деп қолқа сал­ды. Өтініштерін Талғат ағаға айтып едім, қарсы болмады. Суретке түстік. Сол сурет­терді де әр жерде көрсетіп, мақта­нушы едік. Кейін Талғат ағаны араға 15 жыл салып барып бірақ жүздестірдім.

2004 жылы Талғат Бигелдиновтің қыз­мет атқарып жүрген жеріне кітаптарымды апарып едім, хатшы қыз «Талғат аға іс-сапарымен кетті» деді. Екінші, үшінші рет барғанымда «Сізді қабылдай алмайды. Уақыты жоқ» деп кері қайтарды. Ақыры баруды тоқтаттым. 2005 жылы үйінің теле­фонын тауып, қоңырау шалдым. Тұт­­қаны дауысы саңқылдаған келіншек көтерді. Амандасып, өзімді таныстырдым. «Талғат ағамен сөйлесуге бола ма?» деп едім, ол кісі үйінде болмай шықты. Амалым құрып, «жазған кітаптарым бар еді. Соларды ағаға сыйға тарту ойымда бар» дедім. «Ағаңызбен сөйлесейін. Кітаптарыңызды маған әкелуіңізге болады» деді әлгі келіншек. «Атыңыз кім болады?» деп едім, «Орынбике. Жақсы адамдар үшін Бикеш боламын» деп жауап қатты.

Осылайша жеңгеймен келісіп, ерте­ңінде кітаптарымды апарып бердім. Үй­де сіңлісі екеуі отыр екен. «Ағаңыз сая­жайға кетті Кітаптарыңызды беремін. Ха­­барласармыз», деді Бикеш. Арада 10 күн өткен соң ағаға өзім қоңырау соқ­тым. Үйде екен. Амандасқаннан кейін «При­ходите» деп шақырды. Жүрегім лүпілдеп «Апыр-ай, қалай қабылдар екен? Неге орысша сөйледі? Қатал адам-ау?» деген ойда қалдым. Сонда да болсын кенже ұлым Асанды ертіп, үйіне бардым. Хал-жағдай сұрастық. «Аға, күнде кездесе бермеспіз. Естелік болып қалсын – суретке, бейнекамераға түсейікші» деп қол­қа салдым. Талғат аға қарапайым кісі екен. Сөзге келген жоқ. Келісті. Өңіріне та­ғылған наградаларын жарқыратып, формасын киіп шықты.

Суретке түсіп болған соң жеңгей шай­­ға шақырды. Әңгімелестік. Тез тіл та­быстық. Бір байқағаным, сөз арасын­да орысшаны көп қолданады екен. «Кітап­тарыңа ризамын. Маған ұнады. Давай те­перь почаще заходи» деп, орыс тілінде жазылған кітабын ұсынды. Ешкімге бер­мей жүрген ұшқыш, майдандас азамат­тардың альбомын көрсетті. Мен оны ке­лесі кітаптарыма енгізуге сұрап едім, қи­­нала-қинала келісті. «Жоғалтып алма! Бұл альбом мен үшін бриллианттан да қым­бат дүние», деп қолхат алып, үш күнге рұқсат етті. Тездетіп көшірмесін жасап, уәделескен күні қайтарып бердім. Кейін жазған кітапты қазақшаға аударып, осы суреттерді 5-томға енгіздім.

Осыдан бастап Талғат ағамен айына 2-3 реттен кездесетін болдық. Кездескен са­йын ағаның жүрегі таза, ақкөңіл, қа­ра­пайым, ешкімге жаманшылық ойла­майтын, атаққұмарлығы жоқ адам еке­нін байқадым. Намысшылдығы да бір төбе. Өзінің орнын, бағасын білді. Жо­ғарғы жақтарда біреулердің өзін қор­лап, кемсітіп жүргенін де байқады. Өзі­­не деген құрметтің жоғалып бара жат­­қанын да сезді. Бірақ не үшін ондай арам жолды таңдағандарын түсіне алмады. Бәзбіреулердің қызғанышынан туған дү­ние екенін де анық аңғарды. Орынсыз мақталғандар мен марапатталғандарды естіп, «осындай әділетсіздіктерге неге жол беріледі?» деген ойын да әр жерде айтты.

Бір күні Талғат аға менің туған топыра­ғымды білген соң «Сіз Бикештің ата-анасын білесіз бе?» деп сұрады. Білмейтінімді айтып, «неге сұрадыңыз?» деп едім, «оны қарындасыңыздан сұраңыз» деп қысқа қа­йырды. Сонда Бикеш «Менің бала ке­зімде әжем: «Сенің атаң Арғын, соның ішінде Қаракесек. Олар 1928 жылғы кәм­­пес­кеден қашып, бұрынғы Семей об­лы­сының Мақаншы ауданы арқылы Қы­тайға өтуге әрекет жасады. Өте алмады. Сөйтіп Мақаншыда қалып қойды. Онда Келгенбай, немесе Келдібай деп аталатын жазықтар, құдық, қыстау бар дейтін. Бір апамыз Абыралы ауданының орталығы саналатын Қайнар ауылында 1948-1950 жылдары мектепте сабақ берді» деп отырушы еді. Қай ру екенін нақты айта алмаймын» деді.

Міне, ғажап. Аяқ астынан Бикеш жең­геден қарындасқа айналды. Осыдан ке­йін оның ата-бабасы туралы мәлімет ке­лесі кітабымда жарық көрді. Осылайша Талғат аға маған күйеу бала болып шыға келді. «Аға, сіз енді маған күйеу баласыз» дедім. «Да ты что говориш? Я же стар­ше тебя на 15 лет» деді Талғат аға. «Аға, Вас никто не заставлял жениться на моей сестре. Она моложе меня на 12 лет, а моложе Вас на 30 лет» дедім. «Да, у нас у казахов так считается. Значить я твой күйеу бала» деді мойындаған болып. Сол кез­ден бастап ағаға «күйеу бала» деп қал­жыңдайтын болдым. Талғат аға мен Бикеш қарындасым 26 жыл тату-тәтті өмір сүрді.

Бірде батыр аға Бикешке деген риза­лығын «Мен Орынбикеге үйленгенге де­йін мешітте болған емеспін. Құран оқыт­падым. Атақты ата-әжелеріміздің басына барғанда да қол жаюды ұмытып кететінмін. Себебі бұрынғы әйелдерім мұсылман болмады. 40 жылдай солардың жетегінде жүр­дім. Мені қайтадан мұсылман еткен осы Бикеш болды. Атаққа мастанып жүрген жылдарым болған да шығар. Бірақ көзім бір нәрсеге жетті. Өзге ұлтпен дос, аралас-құралас бол, бірақ жарың болмасын. Өз ұлтыңның адамынан артық жар болмайды екен. Балаң да анасының жағында, тәрбиесінде болады. Қалай бауырыма бассам да анасының тіліне, дініне ауып кетті. Осы жағдай жаныма қатты батады. Енді кеш қалдым. Балаларым менікі деген аты ғана. Ұлты да, діні де, ойлау қабі­леті де басқа. Осыған қатты өкінемін. Бикендей адал жарға кездестірген Аллаға рахметімді айтамын. Мен Бикеннің арқа­сында Меккеге барып, қажы да атандым. Өле-өлгенше арғы атам Бөгенбай батыр­дың аруағын сыйлап өтемін.

Бикештің өңіне, жастығына қызығып оны менімен араздастырмақ болған, көз тастаған генералдар да болды. Бірақ мен Бикештің адалдығына сендім. Маңайына жолатпағаны үшін Бикешті ұнатпайтындар да аз емес. Бір тілегім – мен өмірден өт­кеннен кейін де осы Орынбикені мойын­дап, Талғат Бигелдиновтің жары деп есеп­теулерін сұраймын» деп білдірді. «Аға, неге бұлай қоштасқандай болып отыр­сыз? Әлі талай жыл өмір сүресіз» деге­німе «Боке, ты журналист, историк. Мне уже 90 с лишним лет. Единственный человек с кем я делюсь, это – ты. Через определенное время я уйду на тот свет. Это неизбежно. Хочу чтобы ты передал для будущего поколения мои слова. Нет, не бойся. Скоро не уйду. Буду жить, Алла жазса», деп жауап қатты.

Осы тұста отты жылдарға ойысайық. Талғат ағаның фашистермен болған аспан әлеміндегі айқастары мен ерен ерліктері бұған дейін де аз айтылып, аз жазылған жоқ. Сол ерліктерге жетелеген сүрлеу де, жол да бар. Жақыпбектің баласы батыр Бигелдиновке қалай айналып еді? Ендеше батырдың орыс тілінде жазылған кітабынан қазақша үзіндіні келтірейін. 

Талғат Бигелдинов сонау 1922 жылы 6 тамызда Ақмола қаласына жақын Май­бұ­лақ деген жерде дүниеге келеді. Кейін Біш­кек қаласындағы орыс мектебінде бі­лім алады. Көршінің баласы Мишкамен дос­таса жүріп, ұшқыш болуды армандайды. Мишка ұшақтың моделін жасаумен айна­лысыпты. Одан «схематичка» деп ата­латын бөлшектерді жинауды үйренеді.

Ұшаққа деген құмарлығы Фрунзенің (Бішкек) аэроклубына келгенде тіптен арта түсіпті. Оған Мишка жетелеп келген болатын. Клубтың басшысы Цуранов «неше жастасың?» деп сұрайды. «Он алтыдамын» дейді бала Талғат. «Өтірік айтасың. Он төрттесің» дегеніне «Мен жетінші сыныпта оқимын» деп жауап қа­тады. Қорқынышы басылып, «ұшқыш бол­ғым келеді. Ал әкем дәрігер бол дейді. Мен ұшқыш боламын» деп қайталай береді.

Осылайша аэроклубтағы күнделікті оқу басталады. Тоғызыншы сыныпты аяқ­­­таған жылы көктемде алғаш әуеге кө­те­ріледі. Бірақ ұшақтың бауыры жерден алыс­тай бергенде Талғат аға айғайлап жі­бе­­ріпті. Дереу жерге қонады. Нұсқаушы ри­­за болмай, Талғат ағаны мұқата бас­тай­ды.

Келесі ұшу кезінде нұсқаушы клуб бас­шысына қарата «Бигелдинов ұшқыш бола алмайды. Оны клубтан шығару керек!», дейді. Сонда басшы «шығару керек дейсің бе?» деп қабағын түйіп әрі қарай жүре береді. Жарты сағат өткен соң ол Талғат ағаға «Жүр, отыр кабинаға. Ұш. Бір айналып шық», депті. Талғат аға ұшаққа отырып, аэродромды айналып болған соң, кабинадан шыға бергенде «Қайда барасың? Тағы бір айналып кел» дейді. Осылайша аэродромды үш рет айналған соң, ұшақты жайлап қана үш нүктеге әкеліп қондырады. Сонда клубтың басшысы «Сені нұсқаушы Карповичке ауыс­тырамын» депті.

Карпович болса салмақты, үндемейтін адам екен. Онымен аспанға 5 рет бірге көтеріледі. Кейін ол Талғат ағаны звеноның командирі Бұқарбаевқа жібереді. Онымен бірге 3 рет ұшқаннан кейін Бұқарбаев «Жақ­­сы. Енді жеке ұшасың. Ұш. Сен жақ­сы ұшасың» деп қайталапты. Бұл сөз Тал­ғат ағаны жігерлендіре түседі. Талғат аға нұсқаушы Титовпен де ұшып, мақтау естиді. Ұшақтың қосалқы бөлшектерін жат­қа игере бастайды. Бұл кезде азамат­тар лек-легімен Екінші дүниежүзілік со­ғысқа аттанып жатқан болатын. Талғат ағаны нұсқаушылыққа қалдырмақшы бол­­ғанымен, ол одан бас тартып, Орын­бордағы училищеге оқуға түседі. Оқуы аяқ­талған соң Ижевск қаласында (Ресей) құрылған айрықша авиаполкке жіберіліпті.

Бірде ол ұшақтың қосалқы бөлшектерін алып келу үшін бір колхозға барады. Осында Айнагүл есімді қазақтың қызына кез болады. Екеуі көңіл жарастырып, соңы махаббатқа ұласқан көрінеді. Айнагүлдің әкесі бір зауытта инженер болып жұмыс істепті. Талғат аға Айнагүлге үйленгісі келетінін айтамын деп жүргенде, кезекші телефонға шақырады. Тұтқаның арғы жағынан Айнагүлдің дауысын естиді. «Тез үйге кел. Мен саған тұрмысқа шығуға келісімімді беремін. Мені әскерге алғалы жатыр», дейді Айнагүл. Осылайша Талғат аға Айнагүлді соғысқа шығарып салып, арада екі күннен кейін өзі де майданға аттанады.

Майдан даласында Талғат ағаның командирі, Кеңес Одағының Батыры Н.П.Каманин болыпты. Капитан Малов Талғат Бигелдиновтің бойына қарап, оны жас бала деп ойласа керек «сені ұшуға үйрететін уақытым жоқ. Маған штурмовик керек», депті. Талғат аға ашуланып «мен он тоғыздан астым. Ұшқышпын», дейді. Алайда Малов оны эскадрильяның командирі, аға сержант Пошивальниковке жібереді. Ол болса «Ақымақтар! Мынадай жігітті қабылдамай...», деп Талғат ағаның көңілін көтеріп, жылы қабылдаған екен.

Талғат аға сынақтан сүрінбей өтіп, №13 ұшақ бұйырады. Алайда бұл ұшақ сан мәрте нысанаға ілігіп, оқ тескен, шұрқ-шұрқ болған көрінеді. Кабинадан механик шығып, «бұл ұшақпен ешкім ұшпайды. Сен Құдайға сенесің бе?» деген екен. Сонда Талғат аға «Құдайға да, сайтанға да сенемін» дейді. Командир Митрофанов «Ұш!»деп бұйырады. Аспан кеңістігін бір айналып шыққанда командир «тағы да» деп белгі береді. Бірнеше рет айналған соң ұшақты асқан дәлдікпен қондырады. Сонда командир Митрофанов аэродромдағыларды жинап алып, сапқа тұрғызып «Сержант Бигелдинов екі адым алға» деп бұйрық береді. «Өте жақсы айналып шыққаның үшін алғыс жариялаймын», дейді. Кейін «Осы №13 ұшақпен бірінші рет жауынгерлік тапсырманы орындауға шықтым. Дәл сондай санмен Берлин мен Праганың үстінен ұшқан едім» деп есіне алған еді Талғат аға.

Осыдан бастап Талғат аға бас-аяғы 305 рет шабуылға шығып, Жеңіс күнін жа­қын­дата түскен еді. Небір қиыншы­лықты бас­тан өткерді. Эскадрилья коман­дирінің бұйрығын тыңдамай, әуеде жал­ғыздан-жалғыз қалып, паровозды талқан­дады. Дәл осылай жүріп немістің жойғыш «Мес­сершмитін» де зеңбірекпен атып тү­сірді. Бұл тіпті ғажап оқиға болды. Осы оқи­ғадан соң Кеңес Одағының Батыры, генерал Каманин дереу штабқа шақырып алып, журналистерге «Сіздер мына аға сержанттың не істегенін ой таразысынан өткізіп көріңіздерші? Ол бір қимылымен біздің «ИЛ»-дер жөніндегі ұғымды теріске шығарды. Біздер және конструкторлар «ИЛ»-ді тек барлау ісіне ғана жарайды деп жүрміз. Ұшқыштарымызға қашыңдар, құтылыңыздар дейміз. Ал мына ұшқыш немістің жойғыш ұшағымен жекпе-жек ұрысқа шығып, оны атып түсірді. Жай ұшқыш емес, немістің ең мықты ұш­қы­шы, капитан Фон Дитрихты атып түсір­ді. Ол Испания, Франция, Балқанда 200 рет жауынгерлік шабуыл жасап, бір­неше ұшақты жойып, «Крест»-пен ма­рапатталған ұшқыш еді», деп Талғат аға­­ға ерлігі, штурмовиктердің тарихына жа­ңа жол ашқаны үшін ІІ дәрежелі «Отан со­ғы­сы» орденімен марапаттады. Авиа­полк­тің командирі генерал Рязанов Талғат Бигел­диновке кіші лейтенант шенін табыс етті.

Енді бір шабуыл кезінде қозғалтқышы істен шыққан ұшағын мина алаңына қон­дырып, одан да аман қалыпты. Тағы бірде немістің әйгілі «Мессершмит», «Вок­­кевульф», «Юнкерс» ұшақтарын пуш­ка­ның снарядымен атқылап, бомбылайды. Осы ерлігі үшін генерал Рязанов жиырма жастағы Талғат Бигелдиновке «Қызыл ту» орденін табыс етті. Осындай шайқастың бірінде оғы таусылып, қос қозғалтқышқа да оқ тиіп, пулеметші екеуі жерге пара­шютпен қонады. Оларды не­містер байқап қалып, пулеметпен ат­қы­лап, Талғат ағамен бір ұшақта болған жауынгер қаза табады. Өзі бомбаның орнына пайда болған шұңқырға құлап, есін жиған соң алға жылжып, солтүстіктегі Дон өзеніне жетеді. Етігін шешіп, суда жүзіп бара жатқан Талғат ағаны немістер байқап қалып, минометпен атқылайды. Алланың әмірімен оған оқ дарымайды. Әлден уақытта жерге денесі тиіп, есінен танады. Есін емдеу бөлімінде жиған соң оны тылға жіберу керек деген шешім шығарылғанын естиді. Оған да көнбей, «Кукурузник» ұшағына ұрланып мініп, өзінің полкіне жетеді. Сонда таңырқаған майдандастары: «Сені ерлікпен қаза тапты» деп құжаттарыңды үйіңе жіберіп қойған едік» деген екен.

Тағы да аспан. Жаумен айқас. Днепр. 18 штурмовикті басқарушы лейтенант Бигелдинов бір өзі үш «Юнкерсті» атып түсіріп, Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылды. Сол күні кешке әкесінен және Айнагүлден хат келді. Айнагүлдің хатын өмірінің соңына дейін сақтап кел­ді. Майдан даласында дәрігер болып жүрген Айнагүл хатында неміс ұша­ғы санитарлық батальонды атқылап кет­ке­нін, іле-шала Кеңес әскері әлгі ұшақты атып түсіріп, тірі қалған жау ұшқышын сол санитарлық батальонға емделуге жет­кізгенін, соны көріп Талғат ағаны ойлап, қатты алаңдайтынын айтыпты.

Талғат ағаның 1944 жылғы жеке ісінде «Бойында ұшқышқа тән ержүректілік әрі байқағыштық қасиеттері бар. Соғыс ке­зінде батылдық, табандылық және алға қойған мақсатына жете білушілік қырынан танылды. Жоғары дәрежелі ұшқыш. Солай бола тұра қарапайым, өзіне жоғары талап қоя біледі. 130 мәрте шабуылға шығып, екі «М-109», екі бомбалаушының көзін жой­ды. Кез келген қиын тапсырманы жүк­теуге болады. Көліктің кез келген тү­рін, тіпті эскадрильяны да жүргізе алады», деп мінездеме беріліпті.

1944 жылы эскадрилья танк тізбекте­ріне шабуыл жасау кезінде Талғат аға тап­сырманы мүлтіксіз орындауымен қа­тар, жы­рада тығылып жатқан көп фа­шисті, жау­дың аэдромында тұрған бес «Юн­керс­ті» жояды. Енді бірде басын бәйгеге тігіп, мыңдаған жауынгерді ажалдан құт­қару үшін барлауға шығады. Оралмай қа­луы да мүмкін еді. Алайда Талғат аға тап­сырманы мүлтіксіз орындап, аман-есен келеді. Осы ерлігі үшін оған аға лейтенант шені мен «Даңқ» ордені табысталған болатын.

Өкініштісі сол, немістің ұшағы жара­лы жауынгерлерді алып келе жатқан ав­токөлікті атқылап, Айнагүлге үш оқ тиіп қаза тауыпты. Бұл туралы Талғат аға Айна­гүлдің достары хат арқылы өзіне кө­ңіл айтқанда барып біледі. Айнагүлдің өлі­міне қатты қайғырған Талғат аға әр ұшқан сайын фашистерден кек алуға тырыс­қан екен.

1945 жылы Т.Бигелдиновке аса жауап­ты іс тапсырылып, ол Рейхстагқа таяу жер­дегі жаудың қорғаныс шебін бар­лау­ға атта­нады. Кеңес сарбазы ретінде алғаш­қы­лардың бірі бо­лып Берлиннің үстімен ұшып өтеді. Осы жылы 14 наурызда алты «ИЛ» Купен­дорф ауданында жаудың 5 тан­кісін, 3 бро­нетранспортерін, Ше­нау­­дың түбінде жаяу әскерін құртты. 11 нау­рыз­да эска­дрилья жаудың екі батарея­сының үнін өшірді. Фашистер дзотқа айнал­дыр­ған ондаған үйді талқандады.

Сәуір айының басында Екінші әуе Армиясының қолбасшысы генерал-пол­ковник (кейін авиация маршалы) Кра­совский гвардия капитаны, Кеңес Ода­ғының Батыры Т.Бигелдиновке екінші мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын беру туралы ұсынысты бекітті. Екі айдан кейін маусымда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Талғат Жақыпбекұлы Бигелдиновтің омырауына екінші Алтын жұлдыз тағылды.

Соғыс аяқталғаннан кейін Талғат Би­гелдинов Мәскеудегі Қызыл тулы Әскери әуе академиясына оқуға түседі. Өзінің қызмет еткен бөлімшесіне келіп, эскадрильяны табыс етеді. Оқу басталмай тұрып, еліне келіп, Фрунзеде әке-шешесімен, дос­тарымен қауышады. Сәния атты қызға үйленді. Әскери жұмыс бір жерден екінші жер­ге ауыстырып отырды.

Академияның бірінші курсын бітірген жылы Ақмоладан телеграмма алады. Онда Т.Бигелдиновті Макинскінің паравоз депосы КСРО Жоғары Кеңесінің депутаттығына ұсыныпты. Осылайша Талғат аға бейбіт күнде де ауқымды іс тындырып, депутат та, ұшқыштар даяр­лай­тын полк командирінің орынбасары да, офицер-штурмандар даярлайтын жоғарғы курстың штаб бастығы да болды. Тіпті Мәскеудің Құрылыс институтын сырттай оқып бітіріп, түрлі салада басшылық қызметтерді атқарды. Үш рет КСРО Жоғары Кеңесінің депутаты болып сайланды.

 

Болатбек НӘСЕНОВ,

тарих ғылымдарының докторы, профессор  

 

P.S. Ер есімі – ел есінде. Дегенмен та­ны­мал тұлғаны естен шығармау мақ­са­тында ол кісінің есімін көшелерге бе­ріп, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында ескерткіш тұрғызу қажет-ақ.