Министрлік жобаны өткен жылдың қарашасында ҚР ЭГТРМ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қатысуымен іске қосты. Жобалық кеңсенің жетекшісі болып белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Айгүл Соловьева тағайындалды. "Адалдық алаңы" жобасы жұмысының алғашқы нәтижелері туралы Министрліктің Жауапты хатшысы С. Нұрлыбай Министрліктің алқа отырысының аясында мәлімдеді.
С.Нұрлыбайдың мәліметінше Министрлік өтініштерді қарау алгоритмін бекіткен, Жобаны және оның салаларын ұйымдастыру және кадрлық қамтамасыз ету мәселелері шешілген, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шаралары қабылданған.
Жобалық бюроның қатысуымен Министрлік Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп, 2 комитетте (қоршаған ортаны реттеу және бақылау, орман және жабайы табиғат комитеті) сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізді. Анықталған қатерлерді жою бойынша шаралар қабылдануда. Өңірлердегі Министрлік қызметкерлерін көшпелі тексерулер жүргізу практикасы жалғасатын болады. Орталық аппарат пен комитеттер тәртіптік комиссияларының отырыстары "Адалдық алаңы" өкілдерінің қатысуымен өтетін болады.
ҚР ЭГТРМ комитеттерінің төрағаларына министрліктің 2019-2020 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жоспарының және Президент Әкімшілігінің атынан әзірленген Сыбайлас жемқорлық қатерлері картасының орындалуын жеке бақылауға алу тапсырылды.
С. Нұрлыбай бюджет қаражатын игеру кезінде заңдылықты сақтау қажеттілігі туралы еске салды.
Су ресурстары жөніндегі комитетке су саласының жобаларын іске асыру кезінде, оның ішінде Жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша жобаларды іске асыру кезінде тұрақты негізде "Адалдық алаңы" жобасының мониторингтік тобын әрбір объект бойынша жобаларды іске асырудың барлық сатыларында Конкурстық және қабылдау комиссияларына енгізу ұсынылды. Комитет төрағаларына, "Қазгидромет" және "Казводхоз" РМК басшыларына жобалық кеңсенің мониторингтік тобының мүшелерін мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жүргізу бойынша жұмыс топтарының құрамына енгізу ұсынылды.
Сондай-ақ, С.Нұрлыбай алқа қатысушыларына елдегі күрделі эпидемиологиялық жағдай туралы еске салып, карантин режимін сақтауды қамтамасыз етуге шақырды.
Алқа соңында министр Мағзұм Мырзағалиев министрліктің барлық қызметкерлерінің аталған нұсқаулықтарды белгіленген мерзімде сапалы орындауы, сонымен қатар ашық және айқын жұмыстар жүргізуі қажеттігіне ерекше назар аударды.