• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 20 Шілде, 2020

Ресей дәрігерлері Атырауда

314 рет
көрсетілді

Қауіпті індеттің тіркелуінен алдыңғы орынға шыққан Атырауға жедел жәрдем беруге ресейлік дәрігерлер де бет бұрды. Алдымен көрші елден алты дәрігер келген еді. Оларды облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов қабылдап, Атырауда қалыптасып отырған эпидемиялық ахуалды түсіндірді.

– Елімізде қазір коронавирус­пен бірге пневмония дерті де ушығып тұр. Осы айда облыстық аурухана жанынан 400 орындық инфекциялық стационар ашылады. Ал Құрманғазы ауданында қосымша орындар жасақталып жатыр. Біз қажетті стационарлық орынмен, дәрі-дәрмекпен, құ­рал-жабдықпен толықтай қамта­масыз етеміз. Бізге ашылып жат­қан стационарлық орындар­да науқастарды емдейтін тәжірибелі дәрігерлер керек. Жылдар бойы түйінді мәселеге айналған ме­ди­циналық мамандардың тап­шы­лығы қазіргі кезде анық бай­қал­ды. Соған қарамастан, қа­зір біздің дәрігерлеріміз ал­дың­ғы шепте аянбай еңбек ету­де. Дегенмен біразы қауіпті індет­ті жұқтырды, қалғаны індет­пен күресу үстінде. Атқарар жұ­мыс көп. Бізге сіздердің тәжі­ри­белеріңіз, білімдеріңіз бен біліктеріңіз қажет болып тұр, – деді облыс әкімі.

Өткен аптада өңір басшысы Махамбет Досмұхамбетов Ресейдегі Астрахань облысы­ның губернаторы Игорь Бабуш­кинмен медицина қызмет­кер­лерін Атырауға шақыру ту­ра­лы келісім жасаған болатын. Мұнайлы өңірмен қоңсы қонған Астраханьнан келген бес дәрігерді жалақымен, жатын орнымен, тамақпен қамту, жүріп-тұру мәселелері толық шешімін тапты. Қазір олар да қауіпті індетті жұқтырған науқастарды емдеуге кірісті. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшыларының айтуынша, ресейлік дәрігерлердің кейбірі аудандарға жіберілуі мүмкін. 

Астраханьдық дәрігер Анна Чепельдің айтуынша, Атырауда алаңсыз жұмыс істеуге барлық жағдай жасалды. Сол себептен, олар атыраудық әріптестеріне коронавирус инфекциясын емдеуге көмектесуге барын салғалы отыр. Ресейдегі Королев қаласынан келген дәрігер Веро­ника Богомазованың пікіріне сүйенсек, екі елдің коронавирус инфекциясын емдеу тәсілінде айтарлықтай өзгеріс жоқ. Тіпті бірдей деуге болады.

– Бұл індетті жеңу – барша дәрігердің арманы. Науқастарды емдеу барысында қазақстан­­дық, не ресейлік тәсілді қолдану қа­жет деген пікірталас болмауы­ қажет. Алайда әлеуметтік желі­лерде екі ел дәрігерлерінің ара­сына алауыздық тудыратындай пікірлер кездесіп жатады. Мәселен, менімен бірге кел­ген ресейлік дәрігерлердің ешқай­сысы «Қазақстандағы корона­вирусты емдеу тактикасы дұ­рыс емес» деген мәлімдеме жаса­ған жоқ. Әрине болмашы айыр­машылықтар кездесетін шы­ғар. Бірақ негізгі терапия Ресей­дегі хаттамаға сәйкес ке­леді. Сон­дық­тан әлеуметтік же­лі­лерде тарап жатқан жаңсақ пі­кір­лерге сенбеген жөн, – дейді ол.

 

Атырау облысы