• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 24 Шілде, 2020

Қашықтағы қызметкердің құқығы қорғалған ба?

142 рет
көрсетілді

Коронавирустық пандемияның салдарынан ірі өндіріс орындарында медициналық және санитарлық сақтық шаралары күшейтіліп, кеңседегі қызметкерлер қашықтан жұмыс істеу тәртібіне көшкені мәлім. Жасыратыны жоқ, онлайн режімге ауысқандардың көбі байланыс құралының шығынын өз қалтасынан өтеуде. Алайда бұл еңбек қатынастарына қайшы. Қазақстан кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеевтің айтуынша, жоғарыдағы еңбек шығындарын жұмыс беруші өтеуге міндетті.

 

Жұмыс беруші ғаламтормен қамтуға міндетті

Мұндай талап еліміздегі Еңбек кодексінде көрсетілген. Сол себепті жұмыс берушілер карантин уақытында қызметкерлерді қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етуге тиіс.

«Еңбек кодексіне өзгеріс енгі­зіл­гені баршаға белгілі. Соған сүйен­сек, 138-ші бап дәл солай «қашық­тан жұмыс» деп аталады. Оның 2-ші тармағында жұмыс беруші қашықтан жұмыс істеп жатқан қыз­меткерді қажетті бай­ланыс құралы­мен қамтуға міндетті деп жазыл­ған. Егер атал­ған жұмысшы жеке байланыс құ­рал­дарын пай­даланса, онда жұмыс беруші қосалқы бөлшек­термен қамтып, сон­дай-ақ интернет пен электр қуаты­­ның ақысын төлеуге тиіс. Мұ­ның бә­рі тараптардың келісімімен жүзеге асырылады», деді М.Тіні­кеев.

Пандемияны желеу етіп, адам­дарды жұмыстан заңсыз шығар­ған кәсіпорындар да жоқ емес. Кә­сіподақтар федерациясы төра­ға­сының орынбасары Қайрат Жа­ңа­беков Маңғыстау өңірін мысалға келтіріп, қауым­дас­тықтың ара­ласуымен 25 адам жұмыстарына оралғанын жеткізді.

«Еңбек кодексі аясында және әлеу­меттік әріптестікті нығайту ар­қылы Маңғыстау аймағында «Кез­Би» ЖШС-ның 25 қыз­меткері жұмыс орындарына қайта алынып, қызметін жалғастырып жатыр. Яғни тараптардың мәмі­леге келуі нәтижесінде мәселе сотқа жетпей шешімін тапты», деді Қ.Жаңабеков.

Оның айтуынша, өнді­ріс орындарында еңбек қауіп­сіз­дігінің сақталуын қадағалау – кәсіподақтың басты міндеттерінің бірі. Қазір осы мәселе бойынша қоғамдық бақылау күшейіп келеді. Ірі кәсіпорындарда өнді­ріс тоқтап қалса, ұжымдық шарт негізінде қызметкерлердің жалақысының 70%-ы сақталады. Қызмет көрсету орындарын­да ең төменгі жалақы, яғни 42 500 теңге көлемінде жәрдем­ақы беріліп жатыр. Сонымен қоса «Өзенмұнайгаз», «Өзен­Мұнай­Сервис» және «Қара­жам­­басмұнай» сынды компания­лардың кәсіподақтары өкпені жа­санды желдету аппараттары мен басқа да қажетті құрал-жаб­дық­тарымен қамтып, өңірлерге қолдау көрсетуде.

 

Тау-кен металлургияда карантин күшейді

Карантинге байланысты қауіпсіздік шаралары тау-кен металлургия саласында да күшейгенін айтты кәсіподақ өкілдері. Мәселен, 116 мыңнан астам қызметкерді қамтитын салалық «Қазақ кә­сіподақ металл» кәсіподағының ба­засында жедел штаб құрылған. Оған өндіріс ошақтарында жүргізілген мони­торингтің қорытындылары түсіп отырады.

 «Барлық кәсіпорында жеке және өндірістік тазалықты сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде өткі­зіліп, жадынама әзірленді, ондағы та­лап­тардың сақталуы бақыланады. Меди­ци­налық пункттер күшейтілген жұмыс режіміне ауыстырылып, дене қы­зуы өлше­не­ді. Ауру белгілері табылған жағ­дайда жұмысшылар өндіріске жібе­ріл­мейді», деді «Тау-кен металлур­гия сала­лық кә­сіп­тік одағы» және «Қазақ кәсі­подақ металл» қоғамдық бір­лестігі төра­ға­сының орынбасары Бауыржан Мусин.

Осы саладағы айқын мысал ретінде Шығыс Қазақстандағы «Қазмырыш» ком­паниясын қарастыруға болады, дейді Кәсіподақтар федерациясы төра­ға­сының бірінші орынбасары. М.Тінікеевтің сөзіне сүйенсек, отандық тау-кен металлургияның алыбы сани­тарлық өңдеуді күшейтіп, өндіріс құра­мын жеке қорғаныс құралдарымен қам­тамасыз етуге жіті көңіл бөлген. Сол секілді қызметтік сапарлар, күндізгі кеңестер мен басқа да бұқаралық іс-шаралар тоқтатылып, кеңседегі қыз­меткерлер қашықтан жұмыс істеу режіміне көшірілді.

«Қызметкерлерді автобуспен тасымалдау ұйымдастырылды, тамақ же­келей беріледі. Жұмысшыларға және олардың отбасыларына 100 мың ме­дициналық бетперде, тәулік бойы жұ­мыс істейтіндерге 120 антибакте­риал шам, сондай-ақ кәсіпорын аумағында 560 санитайзер орнатылды. Егер кәсіпорынның әлеуметтік жауапкершілігі мықты болып, жұмыс­шыларға лайықты көңіл бөлінсе, онда ауырғандардың саны аз болатыны күмәнсіз», деді М.Тінікеев.

 

Қосымша ақы төленуі керек

Коронавирустық инфекцияны алдын алуға жұмылдырылған дәрігерлерге, медбикелерге, жедел жәрдем жүгізуші­леріне, сондай-ақ медициналық меке­мелердің күзетшілеріне дейін қосымша ақы төлеу қажет. Осындай пікір біл­дір­ген QAZMED медицина және онымен сабақтас салалар қызметкерлері кә­сіпо­да­ғының төрағасы Әлиақбар Мә­ті­шев қазіргі таңда онсыз да тапшы мамандарды қолдауға шақырды.

«COVID-19 тіркелген жағдайда тиісті кепілдіктерді иелену үшін оны кәсі­би ауру ретінде анықтау ке­рек деп санаймыз. Пандемия кезін­де әлеу­мет­тік қолдаудың барлық түр­ле­рі­мен қа­мту мақсатында «Азамат­тық қор­ғаныс туралы» заңы бойыша медицина қызметкерлеріне «құтқарушы» мәр­те­бе­сін беру туралы ұсыныс түсті», деді Ә.Мәтішев.

Бұдан басқа салалық кәсіподақ өкілі індетпен күресте алдыңғы қатарда жүр­ген мамандарды қолдаудың амалы ретін­де несие пайыздарын есептен шы­ғару, оны өтеудің мерзімін кейінгі шегеру тура­лы мәселе көтерді.