• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Руханият 24 Шілде, 2020

Төлеген

619 рет
көрсетілді

Француздар «Біздің достарымыздың достары – біздің достарымыз» деп мақалдайтын көрінеді. Жаны бар сөз. Адамды адамға жақындастыратын жайдың бірі – жақсы көретін кісіңнің жақсы көретін кісісі болуы. Қазақ журналистикасының қайраткер тұлғаларының бірі, өмірден өткеніне жыл­ жаңа толып жатқан досымыз­ Жүнісбек Сұлтанмұратов жайын­да­ғы пікірімнің қалыптасуына әуелде Жұмабектің әңгімесі әсер еткен-ді.

Жұмабек – осыдан бірер жыл бұрын өмірден өткен Жұмабек Кенжалин – өзімнен кейінгі қарындасым Әлиманың жұбайы. Адамның асылы еді, айнала­йын. Жұмабек университетте жүргенінде Лениндік стипендиямен оқыды, Алматы қалалық кеңесіне депутаттыққа сайланды. Оның алдындағы стипендиат Жүнісбек болатын. Екеуі кезінде оқуға бірге құжат тапсырған, абитуриент күндерінде бірге жүрген, екеуінің де жолы болмай қалған екен. Кім көрінген қанжығасына байлап, оқуға түсіп жатқан сол баллдарға қолы жетпеген осы екі азамат та кейіннен елдің бас университетінде Лениндік стипендия алғанын айтсақ, өзіміз көксей беретін кешегі күндердің әділетсіздігі аз еместігіне көз жеткізе түсеміз. Екеуін жерлес деуге де болады – бірі Қостанайдан, бірі – іргелес Торғайдан. Жұмабек әскерден келгеннен кейін бұлар университеттің журналистика факультетінде қайта табысқан. Әр курстағы студенттердің достығы қайтадан жалғасқан. Жұмабек Жүнісбектің адалдығын, ақкөңілділігін, білімге құштар­лы­ғын, ізеттілігін айтып жүретін. Әйтпесе, шағын факультет қой дегенмен, өзіңнен үш курс кейін оқитын, араласып-құраласпаған студенттің не істеп, не қойып жүргенін біле де бермейсің. Оның үстіне бесінші курс басталарда Мемлекеттік кино комитетіне жұмысқа орналасып, студенттік өмірден кәдімгідей қол үзіңкірегенім тағы бар.

Жүнісбекпен біз 1977 жылдан, ол университет бітірер-бітірместе «Социалистік Қазақстанға» орналасқан кезден жақын араласа бастадық. Бұл бір қызық дәурен болатын. Бауыржан Омарұлы «№1 ойыншы» атты эссесінде сол кездегі «СҚ-ны» былай суреттейді: «Біздің «Лениншіл жасқа» жаңа келген кезіміз еді. Сірескен саясат сахнасында сең жүріп жатқан сек­сенінші жылдардың орта тұсы. Жастар газе­тінің редакциясы орналасқан жетінші қабат өте көңілді. Еркін сөйлейсің, бір-біріңді қалжыңмен іреп соясың. Рақат! Соған орай редакцияға бас сұққан адамдар да сенің осы көңіл күй ауаныңа бейім­деледі. Жасы да, жасамысы да шиыр­шық атып тұратын «Лениншіл жас» үнемі жылылықтан арылмайды. Ал осы то­ғыз қабатты ғимарат­тың­ ішінде барсаң, күлкіңді сап тыйып,­ езуіңді жиғыза қоятын бір қабат бар. Ол – үшінші қабат. Өйткені онда «Социалистік Қазақстанның» редакция­сы қоныс тепкен.­ Басқа қабаттардың едені­не линолеум, ал ол қабатқа паркет төсел­ген. Партиялық басылым сонысымен де ерек­шеленіп тұрады. Кәдімгі сықиған «СҚ». Мұнда өңкей бір түсі суық, мінезі аса салмақты, салиқалы кі­сілер қызмет істейді. Орынсыз күлсең, жалт қарайды, жанарымен жасқап, жерге тығып жібере жаздайды. Ал кабинеттеріне кіру дегенді атамаңыз. Алда-жалда бас­тық­тарың бірдеңеге жұмсап жіберсе, кел­ген шаруаңды көмейіңе тобық тіреліп тұрғандай әзер айтасың».

Дәл Бауыржан жандыртып жазғандай бола қоймағанмен, сырттағы жұрт «ЦК-ның «СҚ»-сы» дейтін газеттің сөзінде сіреспе стиль, өзінде сықиған ахуал қалыптасқаны рас та еді. Жүнісбек сол ортаға тосыннан топ ете түссе де, араға ай аралатпай-ақ аға-апаларының арасына балдай батып, судай сіңіп жүре берді. Сарбас, Мамадияр, Мыңбай, Уақап, Тәжібай, Бекболат, Ақселеу, Қойшығара, Кеңес, Кеңшілік сияқты ағалары да, Ержұман, Қадыр, Әбдімүтәл, Ағайдар, Гүлзейнеп сияқты тұстастары да жаңа келген балауса жігітті бірден ортаға тартып, үлкендері ақылын айтып, кішілері білгенін үйретіп, өзі де ұршықтай үйірілген Жүнісбекті журналистік жолға жетелеп ала жөнелді. Көп ұзамай жас қызметкер университетті қызыл дипломмен бітіріп шықты. Енді редакцияның қара қазанына тіпті түсті де кетті. Өте көпшіл, сыпайы, жұрттың бәрін ағалап, апалап, көңілін тауып жатады, қимылы шалт, ширақ, қолды-аяққа тұрмайтын қунақ. Өзі ұзын бойлы, сымға тартқандай сымбатты. Кейін ғой шенеуніктің шапанын киіп, кеңседе отыра-отыра сәл толысыңқырап, «жүз килолық Жүнісбек» атанып жүргені. Жігіттік жарқылына кісілік келбеті келі­се кеткен жастың журналистикадағы қа­дамы да қарымды шықты. Әсіресе, 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасының қар­саңында сол дүбірлі додаға баратын қазақ­стандық спортшыларды таныстырған сериялы очерктері, әлемдік жарыстың жай-жап­сарын күндегісін күнде тұтас бет етіп жет­кізіп тұрған мақалалары, репортаждары, сұхбаттары әлі есімізде. Естігеніңді дик­тофонға түсіре қоятын, жазғаныңды кез келген жерде отыра қалып ноутбукке тере беретін, тергеніңді электронды пош­тамен лақтырып жіберетін, оны мұнда­ғылар қағып алып, қалыптай салатын мына заманның журналистері үшін де күнде бір бет жасап тұру оңай емес, ал со­ның бәрін ақ қағазға қолдан жазатын, жазғаныңды кеш бойы қонақүйдегі телефоннан редакциядағы стенографисткаға дауыс­тап оқып беретін, адам аттарын, жарыс­ көр­сеткіштерін ежіктеп тұрып айтатын (ақыр аяғы факс те жоқ) сол кез үшін тіпті қиямет-қайым шаруа болатын. Жас журналист соның бәрінің үдесінен шыға білді. Сөйте жүріп, Олимпиада кезін­дегі тастүйін тірлігі, жастармен тез тіл та­бысқан жайлы мінезі республика ком­сомолы басшыларының да көзіне ілігіп­ті. Мәскеуден келгеннен кейін көп ұза­май-ақ оны аттай қалап, комсомолдың орта­лық комитеті баспасөз секторының мең­герушілігі қызметіне алды да кетті. Жүнісбек сол кеткеннен мол кетті, таза жур­налистік қызметке қайтып оралған жоқ. «Таза журналистік қызмет» дегенде біз дәстүрлі редакциядағы жұмысты айтып отырмыз, әйтпесе оның өмір бойы илеп келген басты терісі – журналистика.

Жүнісбекпен әуелде редакцияда екі-үш жыл ғана бірге істегенімізбен, кейіннен алдымен партияның Орталық комитетінде, одан соң Президент Аппаратында бас-аяғы оншақты жыл қатарласа, қанаттаса қызмет еттік. Әсіресе, Орталық комитеттің Үгіт және насихат бөлімінің баспасөз секторындағы жұмыс кезінде оны әбден тани алдым, жаныма жақын тұтып кеттім. Ол қызметке екеуіміз бір күнде – 1987 жылдың 5 қаңтарында алынған едік. Сөздің орайын пайдаланып, Жүнісбектің сол күнгі бір әзілін айта кетейін. Өйткені ол әзілде сол кер кезеңнің зілі де жатыр.

Әдетте Орталық комитет аппаратының нұсқаушыларын қызметке қабылдардағы әңгімелесуді екінші хатшы жүргізетін. Желтоқсан оқиғасынан кейін идеологияға қатты көңіл бөлінгені ме, кадрларды өзім іріктеймін дегенді көрсеткісі кел­ге­ні ме, әйтеуір, бізді – Үгіт және насихат бөлімінің нұсқаушылығына ұсыныл­ғандарды Бірінші хатшының өзі қабыл­да­ды. Колбиннің алдына төрт жігіт қатар бардық: Павлодар облыстық партия коми­тетінің жауапты қызметкері Қамалбай Мар­данов, «Ленинская смена» газетінің ре­дакторлығынан ауысқалы жатқан Сергей Подгорбунский, комсомолдың орта­лық комитетінің үгіт және насихат бө­лімі меңгерушісінің орынбасары қыз­метіндегі Жүнісбек Сұлтанмұратов және «Социалистік Қазақстанның» редакциялық алқа мүшесі, партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі болып жүрген жерінен келгелі жатқан мен. Бұйыртса. Бізді Бірінші хатшының кабинетіне бөлім меңгерушісі Альберт Устинов алып кірді. Колбин, Бауыр­жанның сөзімен айтқанда, түсі суық кісі екен. Қос қабағы салбыраңқы, адам­ға біртүрлі, түксиіңкіреп қарайды. Әуелі алыстан сермеп, желтоқсан оқиғасы идео­логиялық жұмыстың әбден ақсауынан болғанын айтты, одан кейін аппаратқа жүктелетін, бөлімге артылатын міндеттерді саралап біраз сөйледі, одан кейін мына отырған біздердің жауапкершілігімізге көп нәрсе қатысты екенін түсіндірді, одан кейін барып әр адамға жеке-жеке тоқталды. Болашақ қызметкердің «объектив­касын» (ғұмырбаяндық парақшаны аппаратта солай атайды) алып отырады да, соған тіркелген бір жапырақ қағазға қарап қойып, алдағы жұмыстың жайын, қойылатын талапты түсіндіреді. Әр адамға бірер ауыз жылы сөзін айтады, осы қызметке ұсынылуы оның бұған дейінгі жүйелі, жауапты жұмысының заңды нәтижесі екенін атап көрсетеді, содан соң алдағы міндеттерін белгілейді. Мысалы, Қамалбайдың қағазын қолға алған күйі республикада ұлтаралық қатынастың маңыздылығына тоқталды, Сергейге көшкенде Қазақстандағы орыстілді баспасөздің міндетіне ауысты, Жүнісбекке келгенде кітап шығаруға аса жауапты қарау керектігін ұғындырды. Бір кезде қайтадан жалпылама әңгімеге ауысып сала берді. Менің атым да аталмады, қағазымды қолға ұстаған да жоқ, қазақ тіліндегі бұқаралық ақпарат құралдарының арқалар жүгі де ауызға алынбады... Аң-таң күйде отырмын. Бірге барғандар да маған көзінің астымен қарап қояды. Сөйлеп-сөйлеп келіп, бір тоқтаған тұсында Альберт Александрович: «Геннадий Васильевич, мен сізді түсіндім. Абдрахмановтың мәселесін біз өзіміз шешеміз», деп қалды. Ал керек болса! Бұл не деген сөз? Шешім өзгерсе, мен мына кабинетке қалай келгенмін? Осыларды ойлап үлгергенімше Бірінші хатшының «Ох» деген оқыс дауысы шығып кеткені. Өңі де өзгеріп сала берді. «Извините, пожа­луйста, извините», деді маған қадала қарап. Сол-ақ екен, қолындағы қағаздардың арасынан менің «объективкам» шыға келді. Сөйтсек, әлгілердің бірінен кейін біріне ауысып отырғанында барбиған саусақтары екі парақты қатар қамтып, содан мені ата­май өтіп кеткен екен... Алдындағы айнал­дырған төрт адамның біреуі назардан тыс қалғанын аңғармаған да тіпті. Енді маған ауыссын. Бір басыма басқалардың бәрін қосқандағыдан кем уақыт арнаған жоқ-ау. Әйтеуір, өзіме солай көрінді. Мақтауымды да жеткізді. Қазақ тіліндегі баспасөздің болашақтағы бар тағдыры тек маған тіреліп тұрғандай етіп, айтудай айтты. Қызық мұнымен де бітпеді. Әңгімесін түйіндеп, бәрімізді алдын ала құттықтап, тілек біл­діріп, ертеңгі Секретариат отырысында тағайындалатынымызды қадап айтқаннан кейін бізді есікке дейін ұзатып салды. Дәл шығарда менің ғана қолымды қысып, тағы да: «Еще раз извините, это нечаянно. Так получилось, вы же сами видели», деп қалды. Содан шықтық кабинеттен. Көңіл орнына түсті. Алтыншы қабаттағы ұзын дәлізді бойлап келе жатырмыз. Қамалбай мен Сергей алда кетіп барады. Сонда ғой Жүнісбектің менің қолымды қысып, сыбырлайтыны: «Колбиннің алғаш кешірім сұраған қазағы сен болдың-ау», деп...

Жұмысымызды жұмыла атқаратынбыз. Бір секторда болған соң сенікі, менікі деген жоқ. Баспалардың тақырыптық жоспар­ларын бекітетін кезде, шығып жатқан кітап­тарға пікір жазарда оның қағаздарына мен араласа беремін, облыстық, аудандық газеттер туралы әлдебір мәлімет аяқ астынан қажет етіле қалса, мен үлгермей жатқан шаруаның бір жағына ол шығыса қалады. Сөйтіп жүріп, өзін әбден дәлелдеді. Әсіресе, ұйымдастырушылық қабілетін айқын танытты. Комсомолда да, партияда да баспасөз секторында жұмыс істеген Жүнісбек 1991 жылы Президент Аппараты құрылғанда тағы да баспасөз қызметінің референті болып ауысты, одан әрі сол жерде кеңесші, баспасөз қызметі жетекшісінің орынбасары міндеттерін атқарды. Кейіннен Үкімет басшысы аппаратының баспасөз қызметінде көп жыл жұмыс істеді.

Журналистикаға қызмет ету тек жазу-сызу­дан танылмауға тиіс. Жүнісбектің шын қадір-қасиетін түсіну үшін бұл жай­дың басын ашып айту шарт. Өйтпеген күнде біз ол тындырған істің ауқымын дәл аң­ғарта алмаймыз. Жүнісбекті ұлт баспа­сөзіндегі шашасына шаң жұқпас жүйрік­тер­дің қатарына қоса салу артық, бірақ Жүнісбектің журналистикаға жасаған қызметі­нің арқасында қалам ұстаған ағайын­­ның талайы осы кәсіптің нәсібін тат­­қаны тағы талассыз. Партияның орта­лық комитетінде жүргенінде кітап баспа­лары­ның кураторы ретінде талай талантты туын­дының қамқоры болғанына өзі­міз куәміз. Газеттердің, журналдардың мерей­тойлары тұсында өзіне берілген мүм­кіндіктің шегінде қаншама журналис­ке жақсылық жасағанын білеміз. Жүнісбектің елордадағы бас мешітте қырқы берілетін астағы қаламгер ініміз Шархан Қазығұлдың әңгімесі еске түсіп отыр. Үкіметтің баспасөз қызметінің басшылығында жүргенінде сонда жұмыс істейтін, көптен баспанасыз Шархан үйді күте-күте әбден шаршағанын айтып шағынады, енді болмаса Алматыға қайтып кетуге бекінгенін де жасырмайды. «Жарайды, сен маған мұрсат бер. Бір аптаға Алматыға барып, демалып келші», дейді Жүнісбек. Бір аптадан кейін жұмысқа шықса, үстелінің үстінде пәтердің ордері жатыр екен... Мұндай мысалдар баршылық.

Жүнісбектің жақсы қасиетінің бірі – үл­кенді үлкендей, кішіні кішідей сыйлауы. Адамға құрмет танытудан, ілтипат біл­діруден, жақсылық жасаудан жаны жай та­батындай көрінетін. Онымен, әсіресе, Орта­лық комитетте жүргенімізде өте етене араластық. Сейіт Қасқабасов, Төлен Әбдік, Қойшығара Салғара, Сабыржан Шүкіров ағаларымыз, жасымыз шамалас­ Ербол Шаймерденов, Жүнісбек, мен үшеу­міз бір-біріміздің қуанышымыздан қалмай, туған күндерімізді түгендеп, думан­датып, қызықшылықпен жүретінбіз. Сол оты­рыстардың бәрін ойластыратын, үйлес­тіретін, бас қосатын күнді белгілеуді, хабарлауды, шақыруды, сыйлық алуды, көлікпен жетуді, көлікпен қайтуды ұйымдастыратын Жүнісбек болатын. Ортамыздағы «старос­тамыз» сол. Оның бұл қызметке сайлануы да өзінше бір хикая. Бір жолы біздің үйде отырғанымызда арамыздан староста сайлайық, бұдан былай соның айтқанымен жүрейік, барлық жүріс-тұрыс, барыс-келі­сімізді сол адам реттесін деген әңгіме қозға­лып қалды. «Ішіміздегі жасы кішіміз, осындайға бейім мына отырған Жүніс­бек қой» деген сөз айтылып еді, аяқ асты­нан мен тұрып: «Бұлай болмайды. Қайта құру принциптеріне, демократияға қайшы келетін процедураға мен өз үйімде жол бере алмаймын. Сайлау өткізу керек. Және ол сайлау міндетті түрде баламалы болуы керек...», дедім... Бұл ұсынысты қол­даушылар көбейді. Бәрі баламалы сайлау талап етіп жатыр. Ер-азаматтар түгелдей старос­талыққа ұмтылатынын мәлімдеді. Әркім өзінің сайлау тұғырнамасын айтуға, старос­талыққа сайланса, жұртқа қандай жақ­сылық жасайтынын жариялауға тиіс болды. Шетінен сөйлей бастады. 1988-1989 жылдардың бірі. Қайта құрудың желігі басылмаған кез. Сол тұстағы даң­ғазалы демократияландыруға күлген, әсіре­науқаншылдықты келемеж еткен, жөнді-жөнсіз баламалы сайлауларға пародия жасаған түріміз. Жаңағы сайлауда кім жеңді дейсіз ғой? Жүнісбек жеңді. Қалай жеңді дейсіз ғой? «Мен староста бол­сам, жеңгелерімді үнемі шетелдік са­­пар­ларға алып шығып, дүние жүзін көр­сетіп тұрамын» деген уәдесімен жеңді... Сол сөздің аузынан шығуы мұң екен, Нұр­­зада, Тамара, Күлән, Люба, Күләш, Бота­гөз, Мәрия – бәрі дуылдап, қолдап ала жөнелді. «Жү-ніс-бек!», «Жү-ніс-бек!» деп отырып алды. «Старосталығын» атап өткен тост тұсында «жеңіске жетуінің сырын» сұрағанымызда Жүнісбектің сабырлы қалпын сақтап тұрып: «Жолдас­тар, әйелдер электоратымен жұмыс істей білу керек» дегенін көпке дейін айтып, күлісіп жүргенбіз. Сондай қайран күн­дердің, сондай сайран күндердің талайын ұйымдастырып, жанымызға мереке сый­лаған жайсаң жігіт еді Жүкең! Ондай азамат ұмытылмайды.

Шағын естеліктің етек-жеңін қайырар тұста мақаланың тақырыбына байланыс­ты түсінік бере кетелік. Жүнісбек туралы ма­қалаға Төлеген атының не қатысы бар дейсіз ғой. Айтайық. Дұрысырағы – Аман­тай Шәріп айтсын. «Жалқы жүрек жылуы» атты тамаша естелігінде Амантай былай жазады: «Жүнісбек – ата-анасының, кәдімгі батырлар жырындағы Тоқтарбай мен Аналық секілді, «әулиеге ат айтып, қорасанға қой айтып» жүріп пешенесіне бұйырған жалғыз баласы. Бәлкім, оқиғасы одан да шым-шытырық. Отасқан отыз жылдың ішінде әкесі Қабыкей мен анасы Ақыжан дүние есігін ашқан тоғыз перзенті­нің бәрінен шақалақ күйінде айыры­лып қала беріпті. Оныншы сәби ұл болып туғанда, Қостанай облысының Науыр­зым ауданына қарасты Шолақсай ауылының ақ сәлделі молдасы: «Бұрынғы қайтқан балаларыңның бірінің атын қойыңдар, сонда тіл-сұқтан аман қалады», дейді. Дереу азан шақырылып, дуалы ауыз айтқан ырымға сәйкес, нәрестеге «Төлеген» деп ат қойылады. Ол – ол ма, соның ізінше Қабыкейдің әскери борышын өтеп оралған туған інісі Жүсіпбек буы бойына, қуанышы қойнына сыймай, ауыл кеңсесіне алшаң басып барып, әй-шайға қаратпастан, туу туралы куәлікке баланың атын «Жүнісбек» деп жаздырады. Мұнысы – өзіне ұқсатып қойғандағысы. Оның үстіне немере бауырының туған күні сол дәуірдегі Кеңес әскерінің мейрамы – 23 ақпанға сәйкес келіп тұрған-ды. Бірақ құжаттағы есімінен бейхабар шолақсайлықтар баланы «Төлеген», ал ет жақындары «Төкентай» деп атап кетеді. Кім білсін, «Төлеген-Жүнісбек» қос есімі сол сәтте кесапат күштерді жаңылыстырып, сәбиді ауыртпалықтан сақтап та қалған шығар…». Солай, тегі. Шетінен жөргегінде шетіней берген он перзенттің біреуі ғана болып аман қалған, әкеден сегіз жасында айырылған баланың тағдырдың теперішіне төзе жүріп шыңдалуы, мектепті де, университетті де үздік бітіруі, елдің бас газетінде жұмыс істеуі, жас мемлекеттің қаз басып, қалыптасуына атсалысуы, лауазымды қызмет беретін мүмкіндіктің бәрін жұртқа жақсылық жасауға пайдалануы, талайдың сауабын алуы аты ырымдап қойылған нәрестенің құны төленгенін, оны өзінің өмірімен, жүздеген жандарға жасаған жақсылығымен төлегенін, сөйтіп азан шақырып қойған Төлеген деген атын ақтағанын көрсетеді.

 

Сауытбек АБДРАХМАНОВ