Алматыдағы өзен арнасынан кір жуылған сабын көбігінің ағып жатқанына байланысты түсірілген әуесқой видео әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті, деп хабарлайды Egemen.kz
Экологтер дерек көзінің қайдан шыққанын анықтап жатыр. Алайда өзен суының қалай ластанып кеткенін анықтау қиындық тудырып отырғанын жасырмайды.
Желі қолданушысы: "Бізде халық не істейді, қараңыздар. Көбік, мұнда кір жуғыш ұнтақтың иісі бар. Не деген сұмдық", дейді бейнеролик авторы. Сондай-ақ пікір білдірушілер соңғы уақытта елімізде мұндай фактілер жиілеп кеткенін атап өтті.
– Бұл қандай да бір челлендже бе? Адамдар сіздерге не болған? Табиғатты аялаңыздар! – дейді пікір білдірушілер. Ал кейбірі бұл видеоның көршілес Ресей мемлекетінің аумағында түсірілген деп топшалайды.
Экология министрлігіне қарасты Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зулфухар Жолдасов желіде видео пайда болған соң, дереу оқиға орнына мамандардың келгенін айтты.
"23 шілде күні әлеуметтік желілерде Алматы қаласы Наурызбай ауданы, Қарғалы өзенінің жаппай көбіктенуге байланысты видео пайда болғандықтан, Экология департаментінің қызметкерлері дереу оқиға орнына шықты. Келген сәтте су таза болды. Тау суының сынамаларын іріктеп алды. Халық арасында сауалдама жүргізіле бастады. Тұрғындардың айтуынша, экологтер келгенге дейін бірнеше сағат бұрын өзенде осындай көрініс болған", дейді Зулфухар Жолдасов.
Зулфухар Жолдасовтың айтуынша, экология департаментінің инспекторлары жоғарыдан төменге қарай зерттеу жүргізуде. Осы алқапта тұрғын алаптары бар екенін және қала аймағына жақын орналасқандықтан, тығыз құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқанын да атап кетті. Аталған оқиғаға жауапты ретінде полиция өкілдерін және учаскелік қызметкерлерді қосатынын нақтылады.