АҚШ пен Қытай арасындағы дипломатиялық байланыс қайта ушыға түсті. Бұл жолғы дауды америкалықтар бастады. Өткен аптада Ақ үй басшысы Дональд Трамптың әкімшілігі Хьюстон қаласындағы Қытай консулдығын жабу үшін 72 сағат уақыт берді. Көп ұзамай Бейжің билігі АҚШ-тың Чэндудағы Бас консулдығын жабуды талап етті.
Ресми Вашингтон өз қадамын Құрама штаттары тұрғындарының зияткерлік меншігі мен жеке мәліметтерін сақтау мақсатында жасалғанымен түсіндірді. Билік өкілдерінің сөзіне сенсек, Техастағы бұл консулдық Қытайдың шпиондық орталығына айналған.
Ақ үй қытайлық дипломаттардың 3 күн ішінде елден кетуіне мұрсат берді. Осыған байланысты, консулдық қызметкерлері бүкіл құжаттарды өртеп, онысы өрт сөндіру қызметінің назарына түсіп қалған.
Ал АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның айтуынша, Құрама штаттары бұдан былай Бейжің билігінің әрекеттеріне бей-жай қарай алмайды. «Президент Трамп «жеткілікті» деп айтты. Мұның жалғаса беруіне жол беріп қарап отыра алмаймыз. Сондай-ақ Қытайдың коммунистік партиясы қалай әрекет етуі тиіс екеніне қатысты нақты талабымыз да бар. Егер оған келіспесе, америкалық тұрғындарды қорғауға, қауіпсіздігімізді, ұлттық қауіпсіздігімізді, экономикамыз бен жұмысымызды сақтап қалу үшін әрекет етеміз», деді ол.
Сондай-ақ мемлекеттік департаменттің өкілі Морган Ортагус АҚШ тарапы коммунистік партияның әрекетіне төзбейтінін жеткізді. Оның сөзіне сүйенсек, Бейжің билігі Құрама штаттарының тәуелсіздігіне нұқсан келтіріп, сауда-экономикалық байланысты әлсіретуге күш салып отыр. Сенаттың барлау комитетінің атқарушы төрағасы Марк Рубионың сөзіне сүйенсек, Хьюстондағы консулдық Қытай шпиондарының нағыз ордасына айналған.
Мұның алдында ғана Вашингтон билігі екі қытайлық азаматты ұстап, коронавирус вакцинасына қатысты зерттеуді ұрлауға талпынды деп айыптады. АҚШ әділет департаментінің хабарлауынша, хакерлер вакцинаға қатысты деректерді, жүздеген компанияның ішкі құжатын, сонымен қатар қорғаныс жүйесіне қатысты мәліметтерді қолға түсіруге талпынған.
Бейжің билігі өзіне тағылған айыптардың бірде-бірін мойындап отырған жоқ. Хакерлерге қатысты ресми Бейжіңнің өзіндік ұстанымы бар. Қытайдың Ұлыбританиядағы елшісі Ли Сиаоминг артылған айыпты негізсіз деп санайтынын жеткізді. Оның айтуынша, АҚШ-тың мұндай қадамы қытайлық ғалымдар мен олардың жетістігіне күмән келтіру көрінеді.
Қытай сыртқы істер министрлігінің өкілі Ванг Венбин Ақ үйдің консулдықты жабу туралы шешімі екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасты одан әрі күрделендіре түсетінін жеткізді. «Біз АҚШ-ты шешімінен бас тартуға шақырамыз. Әйтпесе, Қытай заңды әрі қажетті қадамға барады», деп доқ көрсетті.
Көп өтпей-ақ Қытай да қарымта әрекет жасады. Бейжің билігі Чэнду қаласындағы АҚШ консулдығынан өз қызметін тоқтатуын талап етті. Қытай сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, Құрама штаттарының Сичуан провинциясындағы консулдығына бүкіл қызметін тез арада тоқтатуды міндеттеген.
Қытай бұл шешімді АҚШ-тың Хьюстондағы консулдықты жабуға қарсы «заңды әрі қажетті жауап» деп мәлімдеді. «Қытай мен АҚШ арасындағы қазіргі жағдайдың бұлай өршуін Қытай тарапы қаламайды. Жағдайдың осылай өрбуіне Құрама штаттары жауапты. Екіжақты келіссөздерді қайта қалпына келтіруге шақырамыз», делінген министрліктің мәлімдемесінде.
Қытайдың сыртқы істер министрлігі АҚШ-тың консулдығы жабылуы тиіс күнді нақты айтпаса да, Global Times басылымының туиттердегі парақшасы америкалық дипломаттарға 72 сағат мұрсат берілгенін хабарлады.
Қытай мен АҚШ арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың ушыққаны күні кеше емес. Ақ үй басшысы Дональд Трамп президенттікке сайлана сала мұхиттың арғы бетіндегі қарсылас державаға шүйлікті. Ол екі ел арасындағы сауда айналымы Қытай тарапына тиімді болып тұр деп есептеп, осы мәселені біржақты етуге бел шеше кіріскен-тұғын. Мәселен, 2017 жылы тауар айналымы 710,4 млрд долларды құрады. Соның 187,5 миллиарды ғана АҚШ-тың экспорты. Яғни сауда айырымы 335,4 млрд доллардан асып түсті.
Бұған алаңдаған Д.Трамп 2018 жылғы қаңтарда Қытайдан келетін күн батареяларына кедендік тарифті 30 пайызға, кір жуатын машиналарға 50 пайызға дейін көтерді. Кейіннен Қытайдан келетін 1300 тауардың тізімі жарияланып, баж салығы 25 пайызға арттырылды.
Мұндайда Қытай қарап қала ма? Бейжің билігі де АҚШ-тан келетін 120 түрлі тауарларға баж салығын 15-25 пайыз аралығында көтеруге шешім қабылдады. Бұдан кейін де салық арқылы бір-біріне қысым көрсету тоқтаған жоқ.
Әйтсе де, былтыр Дональд Трамп пен Қытай президенті Си Цзиньпин Аргентинада өткен G-20-ның саммитінде арнайы кездесіп, осы мәселені талқылаған-ды. Келіссөздер барысында Ақ үй басшысы салықты өсірмеуге уәде беріп, сауда-экономикалық байланысты нығайтуға мүдделі екенін айтты. Сөйтіп екі ел арасындағы дүрдараздық басылғандай көрінген.
Алайда тыныштық ұзаққа созылған жоқ. Әсіресе, коронавирус індеті мұхитты шарлап өтіп, АҚШ-қа жеткенде дау тіпті өрши түсті. Оның үстіне, вирустың шығу тегі де екі жақты дипломатиялық байланысты қиындатып жіберді. АҚШ пен Қытайдың індетке бір-бірін жиі айыптағаны соншалық, бұл алауыздықты кім бастағанын тап басып айту қиын.
Қытай сыртқы істер министрлігінің өкілі Чжао Лицзяньның айтуынша, коронавирустың таралуына америкалықтар кінәлі. Ол туиттердегі парақшасында бірнеше мәрте вирустың шығу тегіне күмәнмен қарайтынын жазып, Уханьға вирусты Құрама штаттарының сарбаздары әкелді деп айыптады.
Туиттерді жетік меңгерген Ақ үй басшысы Дональд Трамп та вирусқа қатысты бірнеше жазба салып, шу шығарып үлгерді. Мәселен, АҚШ президенті бұқаралық ақпарат құралдарына жасаған мәлімдемесінде коронавирусты «қытайлық вирус» деп атады. АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Помпео да вирустың таралуына Бейжіңді кінәлайтынын жеткізді.
Сондай-ақ Ақ үй басшысы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын Қытайды қорғап, коронавирустың таралуына жағдай жасады деп айыптады. Д.Трамптың пайымдауынша, ДДҰ вирустың шығу тегін анықтауға күш салып отырған жоқ. Осыған байланысты, ол АҚШ-тың ұйымнан шығатынын мәлімдеді.
Сонымен қатар Тайваньның тағдыры мен Гонконгтың дауы да екіжақты қарым-қатынасқа айтарлықтай сызат түсірді. Мәселен, Қытай тарапы Тайваньды тәуелсіз ел ретінде мойындаған емес. Сондықтан Бейжің билігі олардың Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жиындарына қатысуына қарсы. Ал АҚШ тарапы Тайваньды бақылаушы ел ретінде қалдыруға мүдделі.
Таяуда екі елдің дипломаттары Оңтүстік Қытай теңізіне байланысты мәселеде мәмілеге келе алмады. Құрама штаттардың мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Бейжің билігінің Оңтүстік Қытай теңізін игеруге талпынысы заңсыз екенін айтып, Ақ үйдің қандай бағыт ұстанатынын ашық көрсетті.
«Мына нәрсені нақтылағым келеді: Бейжіңнің Оңтүстік Қытай теңізіндегі табиғи ресурстарды иеленуге тырысуы мүлдем заңға сай емес. Бұл қадам теңізді игеру мақсатында айбат көрсетуге тең. Әлем Бейжіңнің Оңтүстік Қытай теңізін мұхиттағы империясы жасауына жол бермейді», деді М.Помпео.
Өз кезегінде Қытай тарапы да қарап қалған жоқ. Құрама штаттарды деректер мен халықаралық заңды бұрмалап отыр деп айыптады. Қытайдың АҚШ-тағы елшілігі таратқан мәліметке сүйенсек, ресми Вашингтонның бұл әрекеті негізсіз көрінеді.
Қорыта айтқанда, Вашингтон мен Бейжіңнің дауы бүгін бітетін түрі көрінбейді. Әсіресе, коронавирус індеті екі елдің де экономикасын шайқалтып жатқанда дипломатиялық байланыс түзеле қояды дегенге сену қиын. Жалғыз үміт – Дональд Трамп ел тізгінін ұстағанда басталған жанжал оның президенттік мерзімі аяқталғанда тоқтауы мүмкін.