• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Өнер 31 Шілде, 2020

Зілзала кардиограммасы

899 рет
көрсетілді

Кейде бір ғана әннің өзі тұтас дәуірдің, алып империялардың арман-мұратын арқалап ғасырлардан ғасырларға көшетіні болады. Ән – тағдыр дейтініміз де сол болса керек. «Қара таудың басыннан көш келеді» деп басталатын «Елім-айды» ет жүрегіңіз езілмей тыңдап көріңіз. Кеше ғана төрткүл дүниенің төрінде дара Димаштың дауысымен жеті миллиард жүректі елжіреткен «Самалтау» әні де әлі жанымызда жаңғырады. Әннің ұлтқа, тілге бөлінбейтіндігінің көрінісі осы болса керек дейді көбі. Бірақ мәселе әнде ғана ма? Оның мазмұны мен мағынасы терең мәтіні ше? Бүгінде «Самалтау» әнін орыс, қытай, бүкіл Еуропа тыңдармандары ең алдымен мәтініне мән бере талқылап жатыр. «Елім-айдың» да мәтіні – қазақтың классикалық қара өлең үлгісі, ой мен сөз жымдасқан тағдырлы төрт жол жыр.

Осы ойдың орманында адасып отыр­ғанымызда қазақ даласын дерттей жалмап, өрттей қаусатып өткен ядролық сынақ­қа қарсылық ретінде туған «Заман-ай» әні туралы ағылшын тілінде жарық көретін баспасөз беттерінің бірінде жазылған мәйекті мақаланы көзіміз шалып қалды. «Astana Times» баслымының журналисі Нұрдана Әділханова есімді әріптесіміз қаузаған материалды оқып отырып ішімізден «Ұлдарымның қайда кеткен құрығы, Қыздарымның қайда кеткен бұрымы» деп бейсана ыңылдап отырғанымызды байқамай қалыппыз.

Иә, «Заман-ай» әнінің тағдырлы тарихын бәріміз жақсы білеміз. Ақын Ұлықбек Есдәулет пен сазгер Төлеген Мұхамеджановтың аталған шығармасы – атом бомбасынан Алаш даласы зардап шегіп жатқан ауыр күндерді көз ал­дыңа әкелетін қасіретті ән. Алайда Н.Әділ­ханова жазбасын оқып отырып, бұл ән бізден гөрі жапон халқының жү­регіне көбірек жеткен бе деп қала­сыз. «Хиросеми» (Хиросима-Семей жетек­шілерінің бастамасынмен құрылған аза­маттық топ) директорының орынбасары Риеко Кобатаке өз сұхбатында «Осы әнді алғаш тыңдағандағы күйімді ұмыта алмаймын. Осы ән арқылы мен шалғайдағы Орталық Азияның, ондағы ядролық қарудан зардап шеккен адамдардың жан­ай­қайын естідім... Бұл әннен бар адамзаттың жүрек үні шығып жатқандай болды», депті.

Шынымен де «Заман-ай» әні әлем бейбітшілігіне қойылған ескерткіштей елестейді. Семей өңірінде радиациядан зардап шеккендерге медициналық көмек көрсететін және қазақ студенттерін Жапонияның ЖОО-ға қабылдайтын азаматтық топ – Хиросима-Семей (Хи­росеми) жетекшілерінің бастамасы бойын­ша бұл ән 2003 жылы жапон және ағыл­­шын тілдеріне аударылып, алғашқы күй­табақ 2010 жылы шығарылған болатын.

Семей өңірі қырық жылға жуық Кеңес Одағының ядролық қаруды сынақтан өткізетін аймағы яки ұлы данышпан Абай туған қасиетті топырақ екенін ешкім ұмыт­қан жоқ. Өлең авторы да кең-байтақ қа­зақ даласының қиыр шығысында, тура сол зілзаланың өкпе тұсында туған шайыр ретінде ет жүрегі қайғы-қасіретті жұ­лын-жүйкесінен өткізе жырлаған. Және қолдан жасалған ауыр апатты көзімен көріп, одан зардап шегіп мүгедек болып қалған қандастарының қасіретін әлі көріп келе жатқан ақын «Заман-ай» әнін күнде естиді. Естігісі келмесе де жүрегінде жаңғырып жататын болар.

 Кобатаке бұл әнді 1999 жылдың 29 та­мызында, Хиросиманың басқа да делегаттарымен бірге Семейге келгенде тыңдапты. Дәл сол күні мыңдаған жер­гілікті тұрғын мен ядролық сынақтан зар­дап шеккен жүздеген адам қаза тап­қандарды еске алу үшін Ертіс өзеніне 300 су шамын жіберіпті. Жүзетін шамдарды жіберу салтанатында «Заман-ай» бірнеше мәрте орындалыпты.

Риеко Кобатаке осы әуенге сол көрініс үстінде ғашық болса керек. Шекара мен уақытқа бағынбайтын асау өнер, ауыр тағдыр адам санасын әп-сәтте өзгерте салуы қиын шаруа емес. Сол бойда Коба­таке әнді тәржімалап, Жапонияда орындауды ойлайды.

«Astana Times» жазғандай, 2000 жылы Хиросеми бағдарламасы бойынша Жапонияда білім алып жатқан екі қазақ қызы Ақерке Сұлтанова мен Әмина Қасымбекова Хиросимадағы Бейбітшілік саябағында «Заман-айды» алғаш рет орындайды. Арада үш жыл өткенде А.Сұлтанова мен тағы екі қазақ сту­ден­ті қосыла шырқап, бұл әннің жапон тіліндегі нұсқасын халыққа ұсыныпты. Содан бері әр жыл сайын Хиросимаға келген барлық қазақ студенттері осы әнді орындауды дәстүрге айналдырған.

Аталған туындыны 2009 жылы Роза Рым­баева Семей қаласында нақышына келтіре орындағанын білеміз. Кобатакенің айтуынша, әншінің зор дауысын естіген шетелдіктер, әншінің күйтабағы мен әннің жапон тіліндегі аудармасын сұрата бастаған сыңайлы. Нәтижесінде, А.Сұлтанова мен Р.Кобатакенің аударма нұсқасына негізделген «Zaman-ai» CD дискісі жарыққа шығады. Қазақ тіліндегі әнді жарыққа шығарған соң, Хиросеми әлемдегі ядролық қаруды жойып, Қазақстандағы полигонды жабуға мәжбүрлеген азаматтық қозғалыстың қуатын әрі қарай жалғауға ниет білдіреді. 2012 жылы Тохокудағы жер сілкінісінен кейін Р.Рымбаева Хиросимада бірнеше концерттер, кездесулер мен дәрістер өткізді. Осы сапар кезінде әнші жапон орындаушысы Риеко Мичидамен бірге атал­ған әнді орындады», деп жазады Н.Әділханова.

2016 жылы қарашада Риеко Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Хиросима салтанатты қабылдауында осы әнді шыр­қағанын да айта кеткен жөн. Екі жылдан кейін Қазақстанның сыртқы іс­тер министрлігі Риеконы елдегі мәде­ниет және өнер қызметкерлерінің мере­кесіне орай өткен алғашқы «Рухани жаң­ғыру» фес­тивалінде «Заман-айды» жапон ті­лінде шырқау үшін арнайы шақыр­тыпты.

 «Жапон тіліндегі аударманың арқа­сында, «Заман-ай» жапондардың жүрегіне жетті... Осы әннің арқасында көптеген жапондар Қазақстанда жүргізілген ядролық сынақтар туралы кеңірек білді», дейді Риеко мырза «Astana Times» газетіне берген сұхбатында.

Ән авторлары Ұлықбек Есдәулет пен Төлеген Мұхамеджанов туындыны өз биігінде орындағаны үшін Рие­коға өз алғыстарын айтып, үнемі насихаттап жүретінін де айта кеткен жөн. «Музыка тұтас бір әлем. Адамдар әр тілде сөйлесе де, музыка арқылы жақын қарым-қатынас жасай алады», дейді өлең авторы Ұ.Есдәулет.

Риеко 2019 жылы 26 тамызда Қазақ­станға келген екінші сапарында Роза Рымбаевамен кездесіпті де. Риеконың айтуынша, ол әншімен қайта кездесетін күнді қатты армандаған. Риеко «Заман-ай» әнін 2019 жылы 28 тамызда Семей қаласының Ұлттық медициналық университетінде өткен 14-ші Қоршаған ортаны қорғау, радиация және денсаулық конференциясында шырқаған. Келесі күні ол алғашқы ядролық сынақтың 70 жылдығы мен Семей полигонының жабыл­ғанына 30 жыл толуына орай өткен жергілікті бейбітшілік салтанатына қатысып қайтыпты.

Міне, осылай бір ән – бір ұлтты оятып, жұбатып отыр. Бір ғана ұлт емес ядро­лық қарудан зардап шеккен кез келген халықтың зары мен мұңы осы әнде жатыр деп ұққан дұрыс. Сөзіміздің басында «Заман-ай» ән емес – тағдыр дегеніміз де сол шығар.