Тұрғын үй құрылысын жүргізетін үш компанияның жеке және заңды тұлғаларды үлескерлікке заңсыз тартыпты. Бұл прокуратура қызметкерлері жүргізген мониторинг кезінде анықталып отыр, деп жазады Egemen.kz
Облыстық прокуратураның баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, "Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы" Заңның талаптарына сәйкес, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу үш тәсілмен (кепілдік беру қоры, банк немесе әкімдіктің рұқсаты арқылы) ұйымдастырылады. Өзге тәсілдермен жеке және заңды тұлғалардың ақшасын тартуға тыйым салынған.
"Мониторинг кезінде Атырау қаласындағы 3 құрылыс компаниясы жарнамаларды бұқаралық ақпарат құралдарында заңсыз жариялап, жеке және заңды тұлғалардың ақшасын рұқсатсыз тартқаны анықталды. Прокуратурамен "BASTAU CONSTRUCTION", "Real Estate Капитал" және "ORKALI" ЖШС-теріне қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 320-бабы 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік іс қозғалды. Аталған компанияларға Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотымен 1,7 млн теңге көлемінде айыппұл салды", деп хабарлады облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.