ҚМДБ Өскемен аймағы qurban2020.kz сайты арқылы құрбан шалуға тапсырыс берген өңір тұрғындарының құрбандығын онлайн құрбандыққа шалды, деп хабарлайды Egemen.kz
Құрбан айттың алғашқы күні қайырымдылық жасауға асыққан жомарт жандар легі толастамады. "Халифа Алтай" мешіті Өскемен қаласы бойынша qurban2020.kz сайты арқылы ет алуға өтініш берген 160-тан астам мұқтаж отбасыға құрбан етін үлестірді. Мұқтаждарға құрбан етін тарату, қайырымдылық жасау өңірге қарасты аудандарда да қарқынды жүрді. Жалпы Өскемен аймағы бойынша 500 отбасына құрбандық еті таратылды.
Бұл игі іске имамдармен қатар еріктілер де жұмылдырылды. Одан бөлек Өскемендегі "Үміт" балалар үйіне де құрбандық еті жеткізілді. Құрбан шалу карантин талптарына сай ұйымдастырылды. Алдағы екі күнде қайырымдылық шарасы жалғасады.