Қазақ халқы ежелден әділдікті өмір сүрудің өзегі деп білген. Яғни қай заманда, қай кезде болмасын қоғамды береке мен бірлікке бастайтын, елдің шаңырағын шайқалтпай, іргесін сөктірмей ұстап тұратын ұстыны – әділдік. Атақты қытай ғұламасы Күңзі қария «Әділдігі жоқ қоғам – ешқашан кемелденбейді» деген екен.
Ұлыстың бірлігі үшін – әділдіктен асқан абырой жоғын біздің ата-бабаларымыз жақсы білген. Кезінде жалын жырларымен Ұлы даланы тербеген батыр-жыраулар бұқара халыққа «досың тұрмақ жауыңа да әділ бол» деп үйреткен. Әділдіктен аттамай, оны берік ұстануды қазақ жұрты өзінің ежелгі дәстүр-салтына сіңіріп, одан қалды заң-жарғыларына енгізіп, бұлжытпай қадағалайтын болған.
Мысалы, орыс ғалымы Г.Спасский 1804 жылы қазақтың жаппас руының старшыны Көбек Шүкірәлиевтің ауызынан жазып алған «Жеті жарғының» бірер сорабын 1820 жылы «Сибирский вестник» журналына жариялаған екен. Осындағы нұсқада, әділеттен аттап, зұлымдық жасаған адамның айыбы әшкереленсе, оның бетіне қара күйе жағып «қарабет» қылатыны жайлы мәлімет айтылыпты.
Сол сияқты Абай атамыз 38-ші қарасөзінде «Кімде-кімнің әділеті жоқ болса, оның иманы жоқ» десе, өткен ғасыр басында алаш баласының көшбасшысы болған Әлихан Бөкейханов «Жұрт әділ болмай, ісі оңға баспайды» деген екен.
Басқасын былай қойғанда, өткен заманда халқымыздың көсегесін көгерту үшін жүрек майын шам қылған қазақ арыстары құрған «Алаш» партиясына қандай адамдар мүшелікке қабылданатыны жайлы «Қазақ» газетінің 1917 жылғы 253-ші санында жарияланған бағдарламада: «...Бағытынан таймайтын, өтірік айтпайтын, жақындық туысқа бүйрегі бұрмайтын, дүниеге қызығып сатылмайтын, шыншыл, әділ, тура кісі осы партияға кіреді» деп, ең әуелі әділдікті ту еткен.
Бұның бәрін неге айтып отырмыз? Қазақ халқы сонау бағзы заман, көне дәуірде тарих қойнауына жұтылып кетпей бүгінгі күнге жетуі анығын айтқанда, әділдік, адалдық үкіміне бой ұсынғандығының жемісі екені анық. Соның арқасында бүгін тәуелсіздік дейтін тұғырдың биігінде қонақтап отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылы сайлауалды бағдарламасында: «Әділдік – мәдениетіміздің ажырамас бөлігі және ғасырлар бойы қалыптасқан құндылығымыз...» дегені жоғарыда айтып өткен ой-пікірімізбен өзектесіп жатыр.
Осы орайда, «әділдік» ұғымын қоғамтанушы социологтар екі топқа бөліпті. Біріншісі – әлеуметтік әділдік. Бұл үрдіс бұзылған жағдайда қоғам жік пен тапқа бөлінеді. Нәтижесінде наразылық өршіп, оның соңы төңкеріске ұласуы мүмкін. Мысалы, Кеңес одағының пайда болуы осындай әлеуметтік әділетсіздіктің – жемісі. Оның ақыры – ашаршылық, соғыс, қуғын-сүргінге ұласып тынды.
Екіншісі – құқықтық әділдік. Бұл – қоғамдағы адам құқығының сақталуы. Яғни адамның сіңірген еңбегі және оның бағалануы, қылмыс пен жазаның әділ шешілуімен өлшенеді. Саяси ғылымдарының докторы Сейілбек Мұсатаевтың пайымдауынша, қоғамдағы құқықтық әділетсіздіктің өрістеуі, экстремистік көңіл-күйдің туындауына соқтырып, әлеуметтік жік тереңдейді десе, Стэнфорд университетінің профессоры Николас Блум «әділеті жоғалған қоғам күйреуге бет алған кеме сияқты» депті.
Әділдік мәселесі қай заманда, қай қоғамда да өте өзекті болған. Мысалы, дана бабамыз Әбу Насыр әл-Фараби, «қоғам ізгіленбей оның саяси билік тұтқасы ешқашан ізгіленбейді» деген екен. Немесе көне грек ойшылы Аристотельше айтсақ, ізгі адамдар ғана әділетті қоғамда өмір сүруге лайық көрінеді.
Осы орайда, күллі ғаламды мүлтіксіз басқарып тұрған жаратылыс заңдылығы деген бар. Қоғамда орын алған әділетсіздік тереңдеп, зұлымдық шектен шықса жаратылыс заңдылығы бұзылады. Бұндай күйге ұшыраған қауымға жаратушының ашуы, яғни індет, табиғи апат, ашаршылық т.б. келеді дейді шариғат үкімі. Демек, бүгінгі таңда әлемді құрсаулаған пандемияның бір ұшығы осында жатқан жоқ па екен? Бұндайда қиындықтан құтылудың жолы жаппай жақсылық жаю, депті біздің мазхабы атамыз Әбу Ханифа. Ендеше қиындық құрсаулаған тұста жаппай жақсылық жасауға, ұмтылайық, ағайын!!!