Жыл соңына дейін Қызылорда облысындағы жақсы және қанағаттандырарлық жағдайдағы жергілікті жолдардың үлесі 69% құрамақ, деп хабарлайды Egemen.kz.
Биыл мұнда автомобиль жолдары саласында жиырмадан астам жоба жүзеге асырылып жатыр. Жалпылай алғанда жолшылар жолдардың шамамен 470 шақырымын жаңартатын болады.
Атап айтқанда, аудандық маңызы бар «Әйтеке би – Қазалы» және «Самара – Шымкент – Әйтеке би» жолдарында қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, өңірде «Қазалы – Қожабақы – Бозкөл – Қаукей» және «Жалағаш – Жосалы» жолдарының учаскелерін, сондай-ақ, «Қызылорда – Жалағаш – Самара – Шымкент» жолының апаттық жағдайдағы көпірлері күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр.
Мұнымен қоса, биыл облыстық маңызға ие «Жалағаш – Жосалы», «Самара – Шымкент – Қамыстыбас – Аманөткел – Бөген», «Самара – Шымкент – Жаңақорған – Түгіскен – Келінтөбе» және «Самара – Шымкент – Жаңақорған – Жеміс-Жидек» жолдары орташа жөндеу жұмыстарымен қамтылды. Ал аудандық маңызы бар «Қаратерең – Жаңа құрылысы», «Бөген – Ақлақ», «Самара – Шымкент – Бесарық станциясы», «Самара – Шымкент – Жайылма», «Самара – Шымкент – Мәдениет – Т. Жүргенов – Жаңаталап – Аққыр», «Самара – Шымкент – Еңбек – Есет батыр – Жаңадария» және «Қызылорда – Қоғалыкөл – Шіркейлі» жолдары орташа жөндеуден өткізілуде. Арал және Шиелі аудандарының елді мекендеріне кіретін жолдар да жаңартылмақ.
Бұдан бөлек, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша жолдардың 255 шақырымы жөнделсе, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының аясында жолшылар өңірдегі жолдар мен көшелердің 56,4 шақырымын жаңартатын болады.
Еске салайық, Қызылорда облысындағы жергілікті жолдардың жалпы ұзындығы 2382 шақырымды, жақсы және қанағаттандырарлық жағдайдағы жергілікті жолдардың үлесі 65% құрайды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 4% артпақ.