Бұл әулеттің басына бақ та қонды, қара бұлт та үйірілді. Арғы бабасы – заманында 12 мың жылқы біткен, Кіші жүздегі байтақ Байұлының бас старшыны атанған Есенгелді тархан Жанмырзаұлы. Жанмырзадан тараған Итемген, Сүтемген ұрпақтарының ішінен де талай мықты шыққан екен. «Далалық Ромео мен Джульетта» атанған Бекей мен Мәуләнаның тағдырын 1833 жылы осы аттас повесіне арқау еткен орыс жазушысы Владимир Даль ол шығармасын 1845 жылдары француз тілінде Парижде жариялап, Есенгелді бай мен оның ұлы Бекейдің арасындағы трагедияны әлемге паш еткен екен. Оның өзі жеке мақаланың тақырыбы...
Жер атауындағы тарих
Тайпақ өңірінің әр нүктесінде талай тарихи оқиға болыпты. Сұлтан мен Жаманқұдықтың арасындағы Мамай-Сарыбас көне қонысы жергілікті асан-таналардың атажұрты екенін кейін естідік. Біз сөз еткелі отырған тұлғалардың арғы атасы Бисен Сатыбалдыұлы осы жердегі көне қорымда жерленген екен.
ХХ ғасырдың басында тарих сахнасына шыққан тұңғыш қазақ дәрігерлерінің бірі Бақтығали (Бақыш) Бисеновтің ұлы, Ұлы Отан соғысында Власов армиясының сапында неміс тұтқынына түсіп, концлагерь азабын тартқан, елге келген соң кеңес соты 25 жылға тағы соттаған, Сталин өлген соң ғана азат болған Мақабай (Махмуд) Бақышұлы 1965 жылы осы Мамай-Сарыбасқа елдегі ағайындары Қаби, Нәдір Сейітбаевтар мен Аймырза Жұмағалиевті ертіп келіп, арнайы дұға қылған екен. 1955 жылы ақталып, түрмеден босағанымен, елге келуге бата алмай, қалған өмірін Жезқазған қаласында өткізген азаматтың жан дүниесіндегі сезімді біз жеткізе алмаспыз. Бірақ осы оқиғаның ортасында болған Ғалымжан Ғұмаров ақсақал сол кезде пайғамбар жасына жеткен Мақабай ағасының атакүлдік топырағын уыстап, жас баладай егіліп жылағанын айтатын...
Тайпақтың Базартөбесінде, Жайық өзенінің жағасында ел-жұрт Бәлністөбе деп атап кеткен мекеннің бір кездері Бақтығали Бисенов аурухана ашқан киелі топырақ екенін де кейін білдік.
Бисеновтер әулетінің шежіресі былайша жіктеледі: Кіші жүз – Байұлы – Сұлтансиық – Тана – Асан – Тілеу – Жанмырза – Итемген – Қыдырбай – Бекболат – Сатыбалды – Бисен. Бисеннен – Мейірман, Нұрғали, Ізни (Ізімғали), Ораз, Еспан, Бақтығали, Ақкенже атты алты ұл мен бір қыз дүниеге келген.
Бақтығали
Бисеновтер әулетінің ішіндегі ең танымал, атақты тұлға Бақтығали Бисеновтің өмір жолын Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, медицина ғылымдарының докторы Әлихан Хамзаұлы Досаханов ағамыз жете зерттеген. Орал, Алматы, Нұр-Сұлтан, Саратов (Ресей) қалаларындағы мұрағаттарда тапжылмай отырып, қысқа ғұмырында қыруар шаруа тындырған Бақтығали Бисенов туралы жазылған ғалым мақаласы биыл жарық көретін «Тұңғыштар: Алаш дәрігерлері» атты қостомдық жинаққа кіреді екен.
«Бисенов Бақтығали (Бақтыгерей, Бақ, Бақыш) 1889 жылы 24 тамызда Орал облысы Ілбішін уезіне қарасты Қызылжар болысының №5 ауылында дүниеге келген. Сауатын болыстық орыс-қазақ мектебінде ашқан Бақыш кейін қалалық Романов училищесінде оқиды. 1901 жылы Орал әскери реалды училищесіне түсіп, 1909 жылы оның толық курсын тәмамдайды. Осы жерде тағы бір жыл оқып, училищенің қосымша курсын да бітіреді. Бақтығали Бисеновтің студенттік жылдары бірінші орыс төңкерісімен және «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының алғашқы саяси акцияларымен тұспа-тұс келді. 1905 жылы қараша айында Орал қаласында 5 облыс қазақтары делегаттарының қатысуымен сиез өтті. Б.Қаратаев, Б.Бақыткереев сынды сұлтандар мен Санкт-Петербург медицина академиясының студенттері Х.Досмұхамедов, Н.Ипмағамбетов және басқаларының құрылтайшылық етуімен Қазақ конституциялық-демократиялық партиясы құрылып, оның баспасөз органы – «Фикер» (Пікір) газеті ашылды. Осы кадеттер партиясының белсенді қолдаушысы ретінде Бақтығали Бисенов жандармерияның назарына ілінді», деп жазады Әлихан Хамзаұлы.
1910 жылы жазда Бақтығали Бисенов пен досы Ғұмар Есенғұлов Мәскеу Императорлық университетіне құжат тапсырады. Бірақ олардың құжаты Николаев Императорлық университетіне (қазіргі Саратов мемлекеттік университеті) жолданады. Сөйтіп Бақтығали Бисенов 1910 жылы 4 қазанда Николаев университетінің студенті атанады. Бірінші дүниежүзілік соғыстың әсерінен медицина факультетіне 1910 жылы түскен талапкерлер 1917 жылдың наурыз-сәуір айларында жеделдетілген курстан өтуге мәжбүр болады. Осылайша, Б.Бисеновке 1917 жылғы 29 қараша күні «Емші» (лекарь) куәлігі беріледі. Кейін, 1924 жылы Бақтығали өзі оқыған университетке қайта оралып, жоғары білімді терапевт және дермато-венеролог дәрігер екендігі жазылған №2339 диплом куәлігін алады.
Бақыш еңбек жолын 1917 жылы Орал облысындағы ХІІІ Қызылқоға ауылдық дәрігерлік бөлімшесінің дәрігері болып бастаған. 1917-1920 жылдары Халел Досмұхамедұлы және Жаһанша Досмұхамедұлымен бірге Күнбатыс Алашорда қызметіне белсене араласады. Өзі қатысып қоймай, інісі Ізниді (Ізімғалиді) және қос немере ағайыны – Ишанғали Бисенов пен Ізепқали Бисеновті де осы жолға тартады. Осылайша, Орал реалды училищесінің түлегі Ишанғали Бисенов Жымпитыдағы Ойыл уәлаятының прапорщиктер мектебін бітіріп, штаб офицері болып қызмет етсе, Ізепқали Бисенов Ойыл юнкерлер мектебін бітіріп, Алаш полкінде жүздік басқарған. Бақыштың өзі Күнбатыс Алашорданың болыстық және уездік жер бөлімдерін ұйымдастыруға атсалысқан.
Большевиктер жеңіп, Алашорда таратылған соң Бақтығали Бисенов Орал губерниялық денсаулық сақтау бөлімі құрамында дәрігер болып жұмыс істеді. 1920-1921 жылдары Калмыков уезінің денсаулық сақтау бөлімін басқарды. Уезде 120 мың адамға қызмет көрсететін 5 дәрігерлік бөлімше, 10 фельдшерлік бекет болатын. Азамат соғысынан кейінгі қиын, жұқпалы аурулар өршіп тұрған жылдар еді бұл. Бақыштың өзі 1921-1924 жылдары осы уездегі Байғұтты бөлімшесінде дәрігер болды.
1925 жылы Жымпиты уезіне санитар дәрігер болып ауысқан Бақтығали 1926 жылдан 1928 жылдың маусымына дейін Жымпиты ауруханасының меңгерушісі болды. Осы жылдың тамыз-желтоқсан аралығында Тайпақ аудандық ауруханасын басқарды. 1929 жылы Орал қаласындағы кеңестік партия мектебі ауруханасының дәрігері, 1930 жылы 15 шілдеде Орал губерниялық денсаулық сақтау бөлімінің емдеу-профинспекторы атанады. 1934 жылы Мәскеу қаласында дәрігерлердің білімін жетілдіру курсында оқып, келген соң Тайпақ ауданы Базартөбе бөлімшелік ауруханасының меңгерушілігіне тағайындалады.
«Батыс Қазақстан облыстық мұрағатында 10 төсектік Базартөбе ауруханасының есептік құжаттары сақталған», деп жазады Әлихан Досаханов. «Төрт ауыл тұрғындарына қызмет көрсеткен аурухана кешені бас ғимараттан, дәріхана мен моншаға арналған қосымша құрылыстан және дәрігерлерге арналған үш шағын үйден тұрған. Аурухана құзырындағы
1 га жерге бақша, 1 га жерге картоп егілген. Ауруханада бір тарантас арба болған, бірақ оған жегетін ат жоқ, сірә өгіз жегілсе керек. 1934 жылғы амбулатория есебіне қарағанда, аурухана сол жылы 282 күн жұмыс істеп, 3019 науқасты қабылдаған».
1937 жылдың басында Б.Бисенов Жымпиты аудандық ауруханасына жіберіледі.
«Бисенов Бах Бисенұлы 1890 жылы Тайпақ ауданының №3 ауылында туған, қазақ. 1937 жылы 10 қыркүйекте тұтқындалған, сол кезде Жымпиты поселкесінде тұрған, аудандық ауруханада дәрігер. 1938 жылғы 15 ақпанда Ішкі істер халық комиссариаты басқармасының (УНКВД) Батыс Қазақстан облысы бойынша үштігі ату жазасына соттаған. Батыс Қазақстан облыстық соты президиумының 1958 жылғы 14 маусымдағы қаулысымен ақталған» – Батыс Қазақстан облысының мұрағаттар басқармасы шығарған «Азалы кітап» жинағындағы сараң жолдар осылай сыр шертеді.
«Бақтығали Бисеновтің ісін жүргізген тергеуші «алашордашы» деп айыпталып, атылып кеткен қос «куәнің» тергеудегі жауабына сүйеніп, оған «контрреволюциялық ұйым мүшесі» деген айып тағады. Куәгерлермен жүздестіру, жауапты тексеру болмаған. Бақыш тергеуде ешкімді көрсетпеген. 5 желтоқсан күні қағазға түскен айыптау қаулысындағы ең «әшкерелеуші» сөйлем – «Алашорда үкіметі мүшелерінің арасында беделі жоғары болды» деген болыпты. Соған қарамастан Бисеновке үштік әуелі 10 жыл түрме жазасын кескен. Алайда 1938 жылғы 15 ақпанда ол қаулы бұзылып, ату жазасына ауыстырылған. Үкім 1938 жылғы 19 ақпанда 21 сағат 15 минутта орындалған», деп жазады Әлихан Досаханов.
Бақтығали балалары
Әрине, «халық жауының» балаларының тағдыры оңай болған жоқ.
Бақтығали Бисенов тұтқындалған кезде оның отбасында әйелі Жәнша шиеттей бес баламен қалған екен. Тұңғышы Махмуд – 17 жаста, Мәжит – 12-де, Зейнеп – 9-да, Әнуар – 4-те, ал Роза 1 жаста болыпты. Мәжит пен Әнуар көп кешікпей шетінеп кеткен.
Махмуд Бақышұлы Бисеновтің ауыр тағдырының шет жағасын жоғарыда айтып өттік. 1918 жылы дүниеге келген Махмуд 1940 жылы Қызыл әскер қатарына алынады. 1941 жылы неміс тұтқынына түсіп, еріксіз Түркістан легионында қызмет етеді. 1948 жылы 24 шілдеде Түркістан Әскери округінің трибуналы әйгілі «58-бап» («отанға сатқындық») бойынша 25 жылға соттайды. «Мақабай (Махмуд) Саратов техникумын инженер-механик мамандығы бойынша бітірген, оның түбіне «Американың студобеккері болмаса, немісті жеңер ме едік» деген бір ауыз сөзі жеткен екен деген әңгімені туысы Ғалымжан Ғұмаров ақсақал айтатын. Махмуд 1955 жылы түрмеден босағанымен, елге қайтпаған. Жезқазған облысында құрылыс саласында қызмет етіп, 1980 жылдары дүниеден өткен.
«Бақыштың әйелі Жәнша Орал қаласындағы былғары шикізат комбинатында тігінші болды. Кішкентай қара кемпір еді. Қыздары Зейнеп пен Роза қолында болды» дейтін Ғалымжан ағай.
1929 жылы туған Бақышқызы Зейнеп Орал қаласында тұрып, ұзақ жыл «Екпінді құрылыс» (қазіргі «Орал өңірі» газетінде аға корректор болып қызмет етіпті.
Бақтығали Бисеновтің кіші қызы Роза Бисенова әке жолын қуып, 1962 жылы Қазақ мемлекеттік медицина институтын бітірген. Ұзақ жыл Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында дәрігер педиатр болып қызмет еткен Роза Бақышқызы бірнеше орден-медальмен марапатталған. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында тұратын Роза апай әке мұрасын, үлгілі еңбегін үзбей насихаттап жүрген ұлағатты ұрпақтың бірі.
Ізімғали
Бисенов Ізни (Ізімғали) 1897 жылы туған. Мәскеудегі Тимирязев ауылшаруашылық академиясын 1935 жылы бітірген. Жоғары білімді агроном. Ол 1937 жылы тұтқындалғанға дейін Мирзоян (қазіргі Тараз) қаласында аудандық жер бөлімін басқарған екен. 1937 жылы 3 қыркүйекте (Бақыш ағасынан бір апта бұрын) тұтқындалған Ізниге әйгілі 58-бап бойынша айып тағылып, 1937 жылдың 28 қараша күні 10 жылға сотталады. Оған да «контрреволюцияшыл, ұлтшыл Алашорда үкіметінде, троцкистік-диверсиялық ұйымда қызмет еткен» деген жала жабылған. Ғалым Әлихан Досаханов Ізни Бисеновтің Амур теміржол лагерінің 10-бөлімшесінде жазасын өтеп жүріп, 1938 жылы 12 қазанда қаза тапқанын анықтаған.
Ізни Бисеновтен қалған екі бала да ғылым жолын қуыпты. 1925 жылы туған Хамит Бисенов тарих ғылымдарының кандидаты болса, 1927 жылғы Мая Бисенова – медицина ғылымдарының кандидаты атанған.
Жазушы Зәкір Асабаев өзінің «Мақтааралдың мақтаныштары еді» мақаласында Ізни Бисенов пен балалары туралы былай деп жазады:
«Батыс Қазақстандағы Тайпақ ауданының тумасы Ізни Бисенов жөнінде оның Алматыда ұзақ жыл ғұмыр кешкен ұлы, тарих ғылымының кандидаты Хамит Бисенов (марқұм) көп айтатын. Айтқанда, әртүрлі жауапты қызмет істеген әкесінің Жамбыл облысында жер қатынастары басқармасын басқарып тұрғанда халық жауы боп ұсталып, атылып кеткенін, анасы, қарындасы үшеуі үш жақта жүріп, 1950 жылдарда ғана Алматыда табысқандарын, халық жауының баласы ретінде көрген қорлықтарын көз жасын төге отырып әңгімелейтін. Тұлпардың тұяғы, асылдың сынығы Хамит тек әкесі ақталған соң ғана тарихтан, қарындасы Майя медицина саласынан кандидаттық диссертация қорғады. Жастай жабысқан дерт әсерінен екеуі де өмірден ерте өтті.
...Мақтаарал жерінде ізі қалған Ізни Бисеновті сондағы ел-жұрт біле жүру үшін әдейі еске алып отырмыз...»
Белгілі ғалым әрі Бисеновтердің ауылдасы Ханғали Сүйіншәлиев 1945 жылы жетім бала Хамит Бисеновті Алматыға әкеліп, ҚазМУ-ға түсіргенін, ол кейін ғылым кандидаты болып, Қазақ КСР Ғылым Академиясы тарих институтында жұмыс істегенін жазады. Хамит 1975 жылы ауырып көз жұмған.
Нұрғали
«Бақтығалидің ағасы Нұрғали ауқатты шаруа еді, 1929 жылы сотталып, мал-мүлкі тәркіленген. 1944 жылы өмірден өтті» деп жазады Әлихан Досаханов.
Бисеннің үлкен ұлы Мейірманның немересі Ғалымжан Ғұмаровтың айтуына қарағанда, Нұрғали Базартөбеде інісі Бақтығалидің малын баққан. Байлардың мал-мүлкін тәркілеу науқанында Нұрғали Көкшетау облысына жер аударылған.
«Ол кезде Базартөбе аудан орталығы екен. Бақыш Бисенов байларды тәркілеу, колхоздастыру саясатына қарсы болған. Жергілікті байлар «Совет малымызды кәмпескелеп алып жатыр, қалай күн көреміз?» деп ақыл сұрай келгенде: «Бұл саясат дұрыс емес. Байдың малын кедейге берсе, олар жеп қояды. Байдан тәжірибе алу керек, сосын барып үлестіру керек», деген. Сол үшін сотталған», дейді Ғалымжан Ғұмаров.
Нұрғали Көкшетаудан соғыстың алдында Орал қаласына қайтып келеді. Сөйтіп қаланың Ет комбинаты аумағында тұрған. Ұлы болмаған, Іңкәр, Ғазиза, Ғапура және Разия деген төрт қызы болған. Ғалымжан ағайдың айтуынша, үлкен қызы Іңкәр – Қамыс-Самар уезінде милиция бастығы болыпты.
Нұрғали қыздарының ішінде 1914 жылы туған Ғазиза Бисенованың тағдыры ерекше. Өте сұлу әрі білімді Ғазиза талантты әнші болған, Орал қаласындағы музыкалық драма театрында қызмет еткен. Алғашқы күйеуі Сағит Құдайбергенов – «Екпінді құрылыс» газетінің бөлім меңгерушісі болған екен. Ол Ұлы Отан соғысында қаза тапқаннан кейін Алматы қаласына қоныс аударады. Әншілік өнеріне қоса Ғазиза Нұрғалиқызы машинканы шебер басқан. 1953 жылы «Үгітші блокноты» журналында қызмет етіп жүрген Ғазизаны әйгілі Мұхтар Әуезов көріп, өзіне жұмысқа шақырады. Сол жылдың маусымынан бастап 1961 жылға дейін Ғазиза жазушы шығармаларын қағазға түсіреді. Бұл кезеңде Әуезовтің «Абай» эпопеясының соңғы кітабы, «Қарагөз» трагедиясының жаңа редакциясы, «Төлеген Тоқтаров» операсының либреттосы, «Дос-Бедел дос» драмасы, «Үндістан очерктері», «Әр жылдар ойлары», «Өскен өркен» романы, т. б. көптеген шығармасы Ғазизаның қолымен машинкамен басылған. 1960 жылы ақпанда Мұхтар Әуезов өз күнделігінде: Бүгін «Төлеген» операсының либреттосын жаздық. Ғазиза басты, мен ауызша айттым», деп жазған екен.
Ғазиза Бисенова 1971 жылы қазақтың тағы бір классик жазушысы Ғабит Мүсіреповтің жары атанған. Сол кезде Алматы қаласында болған Ғалымжан Ғұмаров Ғазиза апасына құда түсуге Ғабитпен бірге Ғарифолла Құрманғалиев, Сәбит Мұқанов, Берқайыр Аманшин және Құбыш Мұхитов келгенін жыр қылып айтатын. Бүгінде Кеңсай зиратындағы Ғабит Мүсіреповтің қабірі қасында соңғы жары Ғазиза жатыр.
Нұрғалидің Разиясы мен Ғапурасы да Алматыда тұрған. 1922 жылғы Разия «Үгітші блокнотында» машинкашы болса, Орал пединститутының физика-математика факультетін, кейін Алматы консерваториясын бітірген Ғапура Бисенова осы консерваторияда ғылыми жұмыстар жөніндегі проректор дәрежесінде ұзақ жыл қызмет етіпті. Танымал музыка зерттеушісі. «Халық жауының тұқымы» деген атақ оны да маңайлаған көрінеді. Ғалымжан Ғұмаров ақсақалдың айтуынша, Ғапура Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде нұсқаушы болып жүрген қызметінен дәл осы себеппен шеттетілген. Ғапура қазақ әйелдері арасынан шыққан алғашқы шахматшылардың да бірі.
P.S. Бисеннің Ораз бен Еспан деген балалары жастай қайтыс болған. Ал Мейірманы патша заманында білім алып, мұғалім болған. Тарихшы Жәнібек Исмурзин Мейірман Бисеновтің Қызылқоға ауданындағы Қаракөл мектебінде ұстаздық етіп жүргенде 1911 жылы дүниеден озғанын жазады. Көзі ашық қазақ мұғалімінің мақалалары сол кездегі қазақ газеттерінде жарияланып тұрған екен. Міне, заманында өз қатарының алды болып, балаларын оқытып, білімге баулыған Бисен қарттың ұрпақтары туралы әңгіме осындай.
Батыс Қазақстан облысы