1 мамыр күні Өзбекстан Республикасындағы "Сардоба" су қоймасы апатқа ұшырағаннан соң Мақтаарал ауданында су басу қаупі туындаған 13 елді мекеннің тұрғындарын эвакуациялау туралы аудан әкімі Бақыт Асанов шешім қабылдап, жалпы саны 30 мыңнан асатын халық бір түннің ішінде көшірілді. Оның ішінде тұрғын саны 15 мыңға жететін аудан орталығы Мырзакент кенті де бар.
Осылайша Мырзакенттен Атакентке қарай үдере көшкен тұрғындарды жайғастыру үшін Атакент кенті, Мақтаарал және Жамбыл ауылдық округтерінде жалпы саны 10 мың адамды қабылдай алатын 24 эвакуациялық бекеттер дер кезінде ұйымдастырылды. Сондай-ақ қосымша Жетісай қаласынан 3 эвакуациялық бекет ашылып, тұрғындар жаппай орналастырылды.
Эвакуациялық бекеттерді паналаушылар төсек орындармен және 3 мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Оларға Қазақстанның түрлі облыстарынан келген және жергілікті жердің кәсіпкерлері тарапынан түрлі көмектер берілді. Мектеп жасындағы оқушылардың сабағы да ұйымдастырылды. Сондай-ақ, судан жапа шекке тұрғындардың көңілдерін аулау мақсатында түрлі мәдени көпшілік іс-шаралар өткізіліп, психологтер тынбай жұмыс істеді. Ең бастысы, бекеттерде карантин режімі толықтай сақталды.
Кейіннен су баспаған елді мекендердің тұрғындары өз үйлеріне қайтарылды. Ал, су басқан елді мекендердің тұрғындары Төтенше жағдайдың жойылуына байланысты үйлерін қайта тұрғызу үшін ауласындағы тапчан немесе уақытша баспаналарды паналауда. Сондай-ақ, көрші елді мекендерден пәтер жалға алып, туысқандарының үйін паналап жатқан отбасылар да бар.
Осының әсерінен бүгінде ауданда 24 эвакуациялық бекеттің 5-еуі ғана қалып отыр. Мұнда жалпы саны 341 азамат күн кешуде. Олар негізінен Жаңатұрмыс, Жеңіс, Фирдоуси, Өргебас елді мекендерінің тұрғындары.