• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Абай 10 Тамыз, 2020

Қазақтың рухани құбыласы

479 рет
көрсетілді

Бұл Ұлы дала төсінде төрткүл дү­ние­ге сауын айтып, Алты сан Алаш­тан ала­қай­лап сүйінші сұрайтын, ұлты­мыз­дың да­ра келбеті, ұлы ойшылы, хакім Абай ру­хын асқақтата көрсететін қайыр­лы күн!

Бүгін қазақ жырының адамзат көгіне қанат жайған мәртебелі мезеті!

Қазақ руханиятының құбыласына айналған Абай құбылысына ерекше зер салу әрқайсымыздың бұлжымас борышымыз болса керек.

Абай – біздің өнегелі өміріміздегі басты бағыт. Өркениет өріне қаймықпай қадам басар кез келген ұлт өзінің адастырмас жолын көрнекті тұлғалары арқылы таңдайды. Бұл тұрғыда біздің жолымыз – Абайдың жолы екенін жақсы сезінгеніміз дұрыс.

Абай – қазақ көгіне мәңгі нұрын шашып тұрар жарық жұлдыз! Абай – түгел адамзатты жүрегінің түбіндегі асыл ақиқатқа жетелеп бара жатқан дара даңғыл, биік мұрат­тарына бастап бара жатқан жаяу бұйдагер!

Ұлы сахарадағы жалғыз жанартаудай мұнартып тұрған ақын болмысы бізді үнемі өзіне шақырып келеді. Кәрі уақытпен астасып, заманалар алыстаған сайын тұлғасы зорайып, мұрасы айқындала түскен шерлі шайыр бізді үнемі білдіртпей бағып тұрғандай!

Абай – әлем кітапханаларының көне сөрелерін қос қара томымен, классик Мұх­тар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопея­сымен қайыстырып тұрған қайталанбас тұлға!

Абай – әлемнің түкпір-түкпіріне еңселі ескерткіш болып лайықты орныққан ойшыл!

Тобықты төңірегіне ғана емес, түгел адамзат жүрегінің түбіне шам орнатып, ізгілік пен иман сәулесін жарқырата тө­гіп тұрған қызыл шамшырақ – ол Абай феномені!

Абай – өткеніміз бен келешегіміздің, жібер­ген қателігіміз бен жеткен жетісті­гіміз­дің, барар бағытымыз мен алар орны­мыздың айқын жолбасшысы!

Біз бүгін осыдан тура 175 жыл бұрын қарт Шыңғыстаудың етегінде, Ералының бай жазығында шыр еткен сәби үнінің адамзат дауысына айналған күнін мерекелеп жатырмыз!

Данышпан ақын батыс пен шығысты, бүгін мен ертеңді, өмір мен өлеңді жалғап жатқан алтын көпір ретінде адамзатқа ор­тақ!

Абай – шындықтың шырағы, ақиқаттың алауы!

Бүгін біз хакімнің алты қанат ақ ордасында туған асыл ойлары дүниежүзінің алтын босағалы ақ сарайларының ішін еркін аралап, қуатты дауыс зорайтқыштар арқы­лы адамзат жадына ұмытылмастай көш­кеніне, мәңгі өлмес мәтіндер болып мәрмәр тастарға қашалғанына куә болудамыз!

Абай жолы – Алаш жолы!

Ұлтты адастырмас ескі сүрлеу шексіз кеңістікпен астасып кеткелі қашан! Сол жолда өзімізді жоғалтпауымыз ғана ма­ңызды!

Біз үнемі Алаш мұратын алға бастар Абай мұрасын терең түйсінуіміз керек!

Абайдың өзін ғана танып қоймай, оның өмір сүрген рухани ортасын, қоғам райын, ұлт дидарын қоса зерделеуіміз де уақыт талабы!

Абайдың айналасы арқылы ғана қазақ­тың мінезі толық ашылады. Абай-Құнанбай қарым-қатынасы арқылы ұлттың биік парасаты түгенделеді!

Абай-Әйгерім сүйіспеншілігі арқылы асыл сезімдер бүр жарады!

Абай-Әбіш мейірімі арқылы ұрпақ сабақтастығы түсіндіріледі!

Бұлардың барлығы Абай жолына шығар бірінші баспалдақ, әуелгі бекеттер ғана дер едік!

Абай – бір сөзбен айтқанда ынтымақ пен бірліктің, ізгілік пен кемелдіктің, биік парасат пен терең поэзияның символы! Әр сөзі қадау-қадау тірек, тұтастықтың Туы, мейірімнің мөрі! «Толық адам» тұжырымы – кісіліктің кілті!

Абай – қазақтың рухани құбыласы.

Абай – дәуір дауысы, Абай – уақыт тынысы!

Абай – адамдықтың ақылгөй асыл ұстазы!

Абай тағылымына тағзым ету – Рухани жаңғы­руымыздың ұлы кезеңі!